• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:17:09
Алматы
+35°

Жамбыл облысы географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы оны еліміздің және шет елдерден келген инвесторлар үшін қаржы салып, іс жүргізуге аса тартымды аймаққа айналдырып отыр. Ал, қойнауының кенге толы болуы мен топырағының шұрайлылығы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы экономикаға көлемді кіріс түсіруге мүмкіндік береді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Тек, аталған шаруаларды жүргізуге ниетті тұлғалар мен оған қаржы салуға дайын азаматтар табылса болғаны. Бұл ретте, қаржы салып, жұмыс жасауға ниетті азаматтарды тарта білу аса маңызды.

Расында Жамбыл облысы инвестиция салу үшін аса тиімді өңір. Өйткені, 144 мың шаршы шақырымды алып жатқан Жамбыл жері аграрлық, өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келе жатқан, экономикалық және интеллектуалдық потенциалы қалыптасқан аймақ. Бұл ретте, инвесторлар үшін өңірдегі тау-кен, табиғи газ, химиялық, мұнай өңдеу, тамақ және металлургиялық, құрылыс материалдары мен электр энергетикалық өндірістің жолға қойылғаны да біздің облысқа келуге түрткі болары анық.

Бір ғана тау-кен өндірісі саласындағы фосфорит, баритті және марганецті рудаларды, газ өңдеу жалпы өнеркәсіптік өндірістің 7 пайызын құрайды. Ал, химиялық өнеркәсіп саласы еліміз бойынша алдыңғылар қатарында. Өйткені, аталған сала облыстан экспортқа шығарылатын тауарлардың 70 пайызын алады. Ал, еліміз бойынша өндірілетін химия өнімдерінің үштен бір бөлігін еншілейді.Әрине, мұндай қазбалы байлықтардың мол мөлшері кен өндірушілерді қызықтырмай қоймасы анық. Бұдан бөлек, облысымыз фосфорит пен кен өңдеуде қолданылатын шпаттың мол қорына ие. Сондай-ақ, Әулиета жерінің қойнауынан мыс, алтын, күміс, қорғасын, мырыш секілді бағалы металдар, барит, көмір, құрылыста пайдаланылатын түрлі сәндік тастар мен асбест, цемент, керамзит шикізаты және гипстің қомақты мөлшері бар.

Инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау регламентіне сәйкес жуырда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасында «Джон Бан МеталлПром» АҚ – ның инвесторларымен кездесу өтті.

Кездесуде «Джон Бан МеталлПром» АҚ жалпы құны 7,8 млрд. тг құрайтын мырыш оксиді мен қорғасын оксидін өндіретін цехтарды қайта құру және құрылыс материалдарын өндіру (күйдірілген кірпіштер, тротуар плиткалары) инвестициялық жобасы таныстырылды.

Жобаны 3 кезеңмен іске асыру жоспарланған. Жобаны іске асырумен барлығы 80-нен астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Жиын барысында құрылыс-монтаждау жұмыстарының өндірістік кестесі талқыланып, жергілікті техникалық мамандық иелері мен жұмысшылардың қажетті ресурсын тарту мәселесі айтылды.

Кездесу нәтижесімен Жамбыл облысы әкімдігі атынан облыс әкімінің орынбасары Н.Календеров және «Джон Бан МеталлПром» АҚ басшылығы инвестициялық жобаны сүйемелдеу мақсатында өзара әріптестік меморандумға қол қойды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір