• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
07 Желтоқсан, 05:11:45
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

17 Қазан, 2019 Аймақтар

"Қосқұдықтықтар" құдықтан су тасымайды

Тұрғындарды таза ауызсумен қамту бағытында елді мекендерде де еңсерілген жұмыс көп. Мәселен Жамбыл облысы Шу ауданы Шу қаласы бойынша қазіргі таңда 7,0 мыңнан астам халық тұратын «Қосқұдық» алқабының сумен қамту жүйелері құрылыс жобасы әзірленіп, сараптама қарауына тапсырылып отыр. Жобаның құны шамаман 300-350,0 миллион теңгені құрайды. Жоба толықтай нақты іске асырылған жағдайда қала тұрғындарының 80 пайызы орталықтандырылған су құбыр жүйесінің игілігін көретін болады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Бұдан бөлек, бірқатар ауылдық елді мекендерде биыл жүзеге асырылатын, қаржысы бөлініп қойылған 8 жаңа жоба бойынша мердігерлер анықталып, жұмыстары басталуда. Олардың қатарында Байзақ ауданындағы Талас, Сарыкемер, Жуалы ауданындағы Қарасаз, Талас ауданындағы Қасқабұлақ, Майтөбе, Сарысу ауданындағы Игілік, Өндіріс, Шу ауданындағы Мойынқұм, Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылдары бар.

Өткен жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен жұмыстары басталған сумен қамту нысандары Қордай ауданының Қасық, Талас ауданының Есейхан, Сарысу ауданының Арыстанды және Қызылдихан, Шу ауданының Абай ауылдарында 2019 жылдың соңында пайдалануға беріліп, аталған ауылдар тұрғындары таза ауыз суды пайдалануға қол жеткізетін болады.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен Мойынқұм ауданының 2017 жылы басталған өтпелі 2 жобасына (Бурылбайтал, Мирный, Қияқты елді мекендері) биыл 596,4 миллион теңге қарастырылды, нысан жұмыстары жыл соңында аяқталып, пайдалануға беріледі. Жобалар бойынша пайдаланылатын су көзі – Балқаш көлі, су құбыр желісі арқылы аталған елді мекендерге тазаланған ауызсу жеткізілетін болады.

Осы жұмыстар жүзеге асырылғаннан кейін, жыл соңына қарай аудандардағы 209 ауыл тұрғындары үшін орталықтандырылған су пайдалану мүмкіндігі тумақ. Осы мерзім ішінде облыс бойынша тұрғындардың ауызсумен қамтылуы көрсеткішін 56,0 пайызға жеткізу көзделуде.

Бұдан басқа, салалық министрлікке 2020-2022 жылдардағы республикалық бюджеттен қаржы бөлуге 5 ауданның 14 ауылдық елді мекеніне жаңа су құбыр жүйелері құрылысын салу үшін 7090,2 миллион теңгеге өтінімдер тапсырылды.

Облыста ауыз сумен қамтылмаған елді мекендерді 2020-2022 жылдары ауыз сумен қамту жоспары әзірленген, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жыл сайын жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптама қорытындылары алынған соң, құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаржы қарастыру үшін республикалық бюджетке ұсыну жоспарлануда. Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, коммуналдық кәсіпорындар есебінен, басқа да көздерден қаржы іздестірілмек.

Өңіріміздегі елді мекендерді ауыз сумен қамту ісі облыс әкімінің тұрақты бақылауында, осы мәселе бойынша жиындар жиі өткізіліп, мүдделі тараптарға тиісінше тапсырмалар жүктелуде.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір