• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:46:35
Алматы
+35°

Тараздық теміржолшылар қыс маусымына сақадай-сай. Бұл туралы «Жамбыл жүк тасымалы» бөлімшесінде филиал директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбековтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуға сала мамандарымен қатар, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Р. Байдалиев, «Байдалиев», «Курбанов», «Искаков», «Халида» сынды жеке кәсіпкерлік иелері мен «Жібек жолы» шаруа қожалығы, «Отын М» ЖШС өкілдері қатысты.

Жалпы, «Қыстың қамын жаз ойлаған» жамбылдық теміржолшылар қысқа дайындықты бастап кеткендеріне де біраз болған-ды. Себебі бұл қыс маусымына дайындық мәселесі қаралған алғашқы жиын емес. Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2019-2020 жылыту маусымына өңірдегі коммуналдық-шаруашылық және бюджеттік мекемелерге бөлінуге жоспарланған көмір көлемі 66,4 мың тонна болса, бүгінгі күнге дейін оның 37 мың тоннасы, яғни, 55,7 пайызы Әулиеата жеріне жеткізіліп қойған.

Ал жалпы Жамбыл облысы тұрғындарына жоспарланған 254,2 мың тонна көмірдің 72,5 мың тоннасы дайын.

Жиын барысында Үмітбек Есмұрзаұлы, биыл жаз мезгілі өте ыстық болғанын еске салып, енді сәйкесінше, қыс маусымының да қатал болуы мүмкін екенін айтты.

«Синоптиктердің мәліметінше, келе жатқан қыс мезгілі әдеттегіден суық болады деп күтілуде. Өйткені, жаз мезгілінде температураның жылдағыдан жоғары болғанын бәріміз байқадық. Бірақ біз қыс маусымына сақадай-саймыз десек те болады. Жылыту маусымын жылдағыдай қалыпты өткіземіз деген ойдамыз. Біршама уақыт бұрын еліміздің солтүстік өңіріндегі бөлімшелерде вагон тапшылығына байланысты біраз келеңсіздіктер орын алды. Бізде ондай проблема жоқ, вагондарға байланысты мәселе туындаған емес. Оның барлығы да біздің жіті бақылауымызда.

Айта кетерлігі, биыл тариф 10 пайызға өсті. Енді ол жүк тасымалының нақты қай қызметіне байланысты екенін, жалпы басқа да өзгерістерді осы саланың маманы жан-жақты түсіндіріп береді», – деді филиал директорының бірінші орынбасары.

Келесі кезекте сөз алған жетекші инженер Күлиза Омарованың айтуынша, 2018 жылдың 1 сәуірінен бері тас көмірдің бағасы ставкасына 518 теңге болып келсе, енді оның құны 571 теңге болмақ. Тасымалға қатысты жүк вагондарын, контейнерлерін пайдалану, жинауға байланысты қосымша қызметтердің құны ставкасына 10 пайызға өскен.

Жиын соңында Үмітбек Рысбеков жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, қандай да бір мәселе туындаса, дер кезінде шешуге дайын екендіктерін айтып, кезекті қыс маусымын қиындықсыз өткізуге атсалысуға шақырды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір