• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:13:44
Алматы
+35°

Теміржол саласын дамыту-Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айқындалған міндеттің бірі. Осы орайда іргетасы қаланғанына 50 жыл толған Жаңатас қаласындағы темір жол станциясының ұжымы да Жолдау жүктеген міндеттерді жүйелі жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылуда. Бұл маңда кеннің мол қоры барланған сәттен оны игеру ісіне білекті сыбанып кіріскен Кеңес одағы билігі бұл жұмысты өлкеге темір жол желісін тартудан бастады. Осылайша 1963 жылы тау шатқалының арасына орналасқан қазіргі Жаңатас қаласына алып баратын темір жол рельсі көсіліп жатты. Бұл біткен шаруа өндірісті қаланың құрылысын жүргізуге, ондағы қисапсыз кенді иегеруге, керек-жарақты тасымал ісіне тыңнан түрен салды.

Ал қазір Жаңатас темір жол станциясы Жамбыл облысындағы жүк тасымалдау ісіндегі көшбасшы мекеме саналады. Әрі ол осы өңірдегі кен өндіру ісіндегі алпауыт кәсіпорындарының өнімдерін тасымалдау миссиясын мінсіз орындап келеді.

Жаңатасқа темір жол желісі 1963 жылы келгенімен, мұндағы станция 1964 жылдың 30 қазанында салтанатты түрде ашылды. Ал арада екі күн өткен соң Жаңатас кеніші иегеріле бастады. Сәйкесінше жүк пойыздары да осы күннен Қаратау кенін қазіргі Тараз қаласына жеткізу міндетіне кірісті. Станцияны әр жылдары Юрий Перепелкин, Яков Сабынин,Әбдуәлі Данаев, Ербол Оспанов, Мұрат Тұяқов, Үмітбек Рысбеков, Бекен Нарбаев сынды ардагер теміржолшылар басқарып, оның ел экономикасындағы аса маңызды міндетін мінсіз атқару ісін абыроймен ұйымдастыра білді. Қазір бұл қызметті Нұрбек Төлегенов атқаруда.

– Жалпы Жаңатас темір жол станциясы екінші класты станция саналады. Бұл мекеме темір жолдағы жүк тасылмалдау ісінде облыс бойынша көш басында келеді. Тәулігіне жаңатастық теміржолшылар 128 вагон фосфор рудасы мен фосфор ұнын жөнелтеді. Фосфор рудасы темір жолмен Аса станциясына, ал фосфор ұны Шайқорық станциясына дейін жеткізіледі. Одан бөлек, осындағы Созақ станциясынан тәулігіне 50 вагонға жуық химиялық қышқылдар мен табиғи уран жүктеледі. Бұл өнімдер осы жерден Ресей мен Қытайға қарай жол тартады.

Соңғы жылдары біздегі жүк тасымалдау көлемі 3 есеге артқанын мақтанышпен айтқым келеді. Бұл біздің еңбеккерлерліміздің еселі ісінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан, сәйкесінше станцияның класс деңгейін бірінші класқа ауыстыруға ниет етіп отырмыз. Сол арқылы теміржолшылардың жалақысын көбейту, штат санын ұлғайтуға қол жеткіземіз.

Бүгінде станцияда 123 адам жұмыс жасайды. ,–дейді станция бастығы Нұрбек Асқанбайұлы.

Станция әлеуетті тапсырыс берушілері қойған талаптың үдесінен шығуда материалдық-техникалық базасын нығайтуға иек артқан. Әрі олардың «Қазфосфат», «ЕуроХим Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен әріптестік орнатуы Жаңатас темір жол станциясының халықаралық жүк тасымалы саласындағы әлеуетін таныта бастады. Өйткені, станция арқылы «ЕуроХим Қаратау» компаниясы өз өнімдерін Солтүстік Кавказ темір жол желісіндегі Белореченск станцисы мен Өзбекстан темір жол желісіндегі Озодлик станциясына жөнелтуде.

Келер жылдан бастап станцияның әлеуетті тапсырыс берушілері өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Өз кезегінде бұл фактор Жаңатас темір жол станциясының жүк тасымалдау қабілетін тағы бірнеше есеге ұлғайтуға негіз болмақ. Өңірдегі химия өнеркәсібінің алпауыттарынан бөлек, Жаңатас станциясы «Жарас» мұнай базасы, Мұнай өңдеу зауыты, «Аянат» мұнай өнімдері, «Асыл тұз» секілді компаниялардың да өнімдерін тасымалдау бойынша тапсырыстарын талапқа сай орындайды. Қазіргі таңда станцияның 8 жүк тиеу тұйығы бар. Бүгінде оның екеуінде Жамбыл облысы аумағындағы Сарысу ауданы тұрғындары үшін көмір сатылып жатыр.

Станция бастығының айтуынша, жақында, қыркүйек айының орта шенінде темір жолдың техникалық әлеуетін бағамдау мақсатында рельстерге толық тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұл жүк пойыздарының қысқы маусымда еш кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Мұндай тексерулер жылына екі рет өткізіліп тұрады. Әрі бұл тексерулер аса жауапты кезең алдындағы темір жол желілерінің техникалық әлеуетін саралауға мүмкіндік береді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір