• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 20:36:51
Алматы
+35°

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы тапсырып, өлкетану ісінің өзіндік құндылығы туралы ой қозғаған болатын. Баянды бастаманың нәтижесінде ашылған нысанның бірі- Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Биназар ауылындағы «Өлкетану» мұражайы.

Жалпы, үш бөлмелі мұражай «Ауылым-алтын бесігім», «Ауылымның еңбек ардагерлері», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Ауған соғысы ардагерлері» және «Батыр аналар» атты бөлімдерге бөлінген. Онда Социалистік Еңбек Ерлері Құдайберген Біртаев пен Шоман Шәріпбаевтың өмір жолдары мен ерлігі ерекше көрініс тапқан.

Мұражайға қойылған құнды мәліметтер мен жәдігерлер ауыл тұрғыны, ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болған Айман Зенәділованың жеке қорынан алынған. Алдағы уақытта олардың қатары көне заттар, тарихи бұйымдар, сарғайған хаттар және суреттермен толыға түспек.

Айта кету керек, бұл Мойынқұм өңіріндегі екінші мұражай. Аудан орталығындағы музей 1973 жылдан күні бүгінге дейін қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Мұражайдың атауы 1978 жылы «Екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы шопандар тұрмысы мен еңбегінің тарихи музейі» деп аталса, кейіннен «Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейі» деп ауыстырылды. Музейде ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертетін 6530 жәдігер жинақталған. Мұражайға келушілер ең алдымен Жаз-атаның бейнесі, өмір жолы мен өлкенің тарихы және көрнекі орындарымен таныса алады. Әсіресе, суретші Заңғар Медетбековтің қолынан шыққан Жаз-атаның жайлаудағы бейнесі, Қазақ хандығының қазығын қаққан Жәнібек пен Керей ханның ат үстіндегі болмысы, табиғат диаграммасы мен «Жайлаудағы той» туындылары сөзсіз келушілердің таңдайын қақтырады.

Жаз-атаның арнайы бұрышында «Еңбек Ері» атағына берілген қос жұлдызы, әр жылдардағы суреттері мен құжаттары, шопан таяғы, «Ұрпаққа ұлағат» атты кітапшасы, 80,90,100,110 жасқа толуына орай шығарылған төсбелгілері, жеке бұйымынан костюм-шалбары, шапаны, құндыз бөркі, 80 жастық мерейтойына тарту етілген сыйлықтары мен Қуанышбаевтың өзі жатқан төсегі қойылған. Сондай-ақ мұнда көзі тірісінде түсірілген қысқа метражды деректі фильмді де көре аласыз.

«Табиғат» бөлмесінде ауданның аң-құстары, өсімдіктері мен «Қызыл кітапқа» енген жануарлары жайында танысуға болады.

Археологиялық бөлмедегі Бірлік ауылының маңындағы «Төрткүл» қалашығынан табылған қыш құмыраның сынықтары, керамика түрлері, құмыра, табақ, жебенің ұштары, қол шоқпар, кісе белдік сынды көне бұйымдар музейдің ажарын ашып тұр.

Ал «Этнография» бөлімінде тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер, мал шаруашылығының өркендеуі мен дамуына арналған дүниелер жинақталған. Міне, осындай құнды жәдігерлер келушілердің көзайымына айналып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір