• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
07 Желтоқсан, 05:04:29
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

20 Қазан, 2019 Аймақтар

Сақтықта қорлық жоқ

Апат айтып келмейді. Десек те тұрғындардың өміріне қауіп пен қатер төндіріп, табиғатқа да орасан зор залал келтіретін апаттар, басқа да төтеннен туындайтын қиын жағдайлар болсын дайындық жұмыстарының маңызы зор. Қауіпсіздік шараларын сауатты қолдану арқылы айтпай келетін апаттың шығындары мен залалдарын азайтуға болады.

Жамбыл облысы сейсмикалық апат орын алуы ықтималдығы жоғары аймақ болып саналмаса да жыл сайын оқу-жаттығу жұмыстары өткізіліп отырады. Биыл да солай болды. Атап айтқанда, Жуалы ауданының аумағында Жамбыл облысының басқару органдарын, азаматтық қорғаныс күштерін дайындау бойынша кешенді оқу-жаттығу өткізілді.

Командалық штабтық оқу-жаттығудың мақсаты – басқару органдары басшы құрамының азаматтық қорғаныс құрылымдары жасақтарын дайындыққа келтіру және лайлы сел зардаптарын жоюға құрылымдар жіберу жөніндегі әрекеттерін іс жүзінде атқару болып табылады. Сонымен қатар құрылған төтенше жағдайларды жою жоспарларын, азаматтық қорғаныс жоспарының іске асырылуын, басқару органдарының, ауданның азаматтық қорғау қызметтерінің бейбіт жағдайдан соғыс кезеңінде міндеттерді мақсатқа сай шешуге дайындығын тексеру.

Командалық штабтық оқу-жаттығуы аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан активінің қатысуымен өткен кеңес жұмысынан бастау алды. Жиынға азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары, ауылдық округтің әкімдері шақырылып, кешенді оқу-жаттығу өткізу бойынша ауданның АҚ қызметтерінің басшылық құрамына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Жаттығуға тыңғылықты дайындық жұмыстары түс ауа қайта жалғасты. Онда іс-шараға жауапты тұлғалар аудандық полиция бөлімінде болып, төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды құлақтандыруға арналған сигналдарды тексерді. Кешенді оқу-жаттығудың негізгі бөлігі келесі күні болды. Төтенше жағдайды жою үшін тартылатын жеке құрам мен техникалар сапқа тұрғызылып, штаб мүшелері олардың дайындығымен жеке-жеке және жан-жақты танысып шықты. Кешенді жаттығу Қайрат ауылында «Босқын» практикалық жаттығуымен жалғасып, шекаралас мемлекеттерден келген босқындарды қабылдау және қалыпты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету жұмыстары арнайы тігілген лагерьде ұйымдастырылды. Одан кейін ауыл шаруашылығы жануарлары мен өсімдіктерін залалсыздандыруды ұйымдастыру, адамдарды жануарлардың жұқпалы ауруларынан қорғау жөніндегі және аса қауіпті инфекцияны жұқтыру анықталған жағдайда карантиндік іс-шаралар да «Індет» практикалық жаттығуы аясында өз деңгейінде өтті. Қарасаз ауылдық округінде ерікті өрт сөндіру құрамаларының дайындығы зерделеніп, орман-дала өрттерін сөндіру бойынша практикалық пысықтаулар жүргізілді.

Кешенді оқу-жаттығу ұйымшылдықпен өтіп, оған облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, оқу-жаттығу басшылығы штабының бастығы Әсет Манасов оң бағасын беріп, оны өз деңгейінде ұйымдастыруға атсалысқан аудан басшылығына алғыс айтты. Сонымен бірге оқу-жаттығу жиынының бейбіт жағдайда ғана өтуіне тілектестігін білдірді.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір