• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
07 Желтоқсан, 05:01:06
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

21 Қазан, 2019 NEWS

Үздік журналистер марапатталды

Бүгін, 21 қазанда Алматыдағы Қоғамдық келісім сарайында дін тақырыбына арналған үздік шығармаларға жарияланған журналистер байқауы қорытындыланды. Түрлі номинациялар бойынша жұмыстары сарапқа салынған байқау жеңімпаздары арнайы диплом мен заманауи заттай сыйлықтарға ие болды.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы 2019 жылдың 1 мамыры мен 1 қазаны аралығында дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты алматылық журналистер арасында үздік шығармаларға байқау жариялаған болатын. Бүгін сол байқаудың қорытындысын шығарылып, жүзден жүйрік шыққандарға арнайы диплом мен қаламгерлерге аса қажет электросамокаттар тарту етілді.

Марапаттау салтанатын ашқан Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков «Бұл байқаудың басты мақсаты – діни сенім бостандығына байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын, негізгі ұстанған ұстанымын, саясатын түсіндіру, қоғам назарын дін саласындағы түрлі мәселелерге аудару. Ұлт мүддесіне нұқсан келтіретін түрлі діни теріс ағымдар мен экстремистік топтарға қарсы күресті күшейтуге үлес қосу, жат пиғылды топтарға қарсы ақпараттық кампанияны құру. Сонымен қатар, болашақ ұрпақ бойына ұлттық діл мен дәстүр жөнінде тәлім-тәрбиені сіңіру» деді.

Байқау шарты бойынша қандайда бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданбаған. Басты қойылған талап – Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету.

Бұл байқауға Алматыдағы тіркелген БАҚ журналистерінен өзге блогер, ғалым, публицистер қатысып, олардың ұзын саны – 52-ге жеткен. Жалпы саны – 120-дан астам жұмыс келіп түскен. Қазылар өткір публицистикалық жанрларға ерекше назар аударғанын айтады.

Үздік шығармалар байқауында алдымен  ынталандыру сыйлығы табысталып, оған «Түркістан» газетінің жауапты хатшысы Динара Мыңжасар, «Arhar» сайтының тілшісі Асхат Қасенғалиев, «yvision.kz» сайтының тілшісі Төлеген Бекмухамедов, тәуелсіз журналист, блогер Гүлден Жандильдинова, «Хикмет» телерадиостудиясының тілшісі Еркін Үсенбаев лайық деп танылды. Сыйлық иегерлері 20 мың теңге мен арнайы диплом алды. Сондай-ақ, қазылардың шешімімен «Фотөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті, белгілі фотограф Асылхан Әбірайымұлы «Ең үздік фоторепортаж» номинациясының, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының редактор-жүргізушісі Бақытжан  Жармұхамбет «Ең үздік радио жанры» номинациясының арнайы жүлдесіне ие болды.

Ал діни экстремизмге қарсы күресте қатарластарынан үздік шыққан журналистер мен көсемсөзгерлер төмендегідей номинацияларды жеңіп алды. «Ең үздік телевизия жанры» номинациясын «Қазақстан» ұлттық арнасының «Иман өзегі» бағдарламасы, «Мерзімді баспасөздегі қазақ тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала» номинациясын «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, исламтанушы-журналист Айша Кеңесбаева, «Интернет желісіндегі ең үздік бейнеролик» номинациясын «Алматы» арнасының тележүргізуші әрі тілшісі Әйгерім Ердәулетқызы, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын «Qamshy.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Берік Бейсенұлы, «Интернет-ресурстағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын «Zakon.kz» желілік басылымының арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсеитова, «Ең белсенді блогер» номинациясын Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, белгілі исламтаншы-теолог Асқар Сабдин, «Мерзімді баспасөздегі орыс тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала» номинациясын дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Елнар Берікбаев, «Әлеуметтік желідегі ең белсенді қоғамдық топ» номинациясын «Инстаграм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз» парақшасы иеленді.

Марапаттау салтанатын қорытындылаған Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі Дәрмен Смайыл «Дінді бұрмалап, аярлықпен сананы улап, ұлттық рухани құндылықтарымыздан айыру, халық арасында дүрдараздық, тасбауырлық тудыру – діни экстремизмнің басты мақсаты. Бұған кейбір қоғам мүшелерінің ақпараттарды сараптай білмеуі отқа құйған май секілді әсер етіп, жағдайды тіпті ушықтыра түседі. Осындай жағдайда бейбіт өмірді сақтау үшін бірден-бір қызмет жасайтын «төртінші билік» өкілдері болып саналады» деп, ел тыныштығы мен мемлекет іргетасын нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқан әріптестеріне табыс тіледі.

Ұйымдастырушылар мұндай журналистерге қолдау көрсету шаралары бұдан кейін де өз жалғасын табатындығын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, діни экстремизмнің алдын алу мақсатындағы мұндай байқау Ұлттық журналистік зерттеу орталығының мұрындық болуымен Алматыда осымен төртінші рет өткізіліп отыр.

 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір