• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 13:44:14
Алматы
+12°

22 қазан күні Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойына орай мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жазушылар, аудармашылар, шығармашыл зиялы қауым мен жастар қатысты.

Мемлекеттік хатшы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауларын оқып берді. Оларда жазушының отандық әдебиет пен мәдениетті дамытуға қосқан орасан зор үлесі үшін алғыс сөздер айтылған.

Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармаларын тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің де білетінін атап өтті. Оның шығармалары 35 тілге аударылған және миллиондаған тиражбен дүниежүзіне тараған.

– Біз, алматылықтар, оның жақында Алматы қаласының Құрметті азаматы атанғанына мақтанамыз. Бұл – Ұлы жазушы шығармалары оқырмандарының оған көрсеткен құрметі мен алғысы, – деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда туған. 1942 жылы орта мектепті бітірген соң Қызыл Армия қатарына шақырылады. Запасқа шыққаннан кейін 1947 жылдың қаңтарында өткен соғыстың жадында әлі де сақталған естеліктері бойынша өзі қатысқан Курляндиядағы жау әскерін қоршау операциясы туралы алғашқы ірі туындысын жазуға кіріседі. «Курляндия» деп аталатын роман қоғамның жоғары бағасын алып, 1950 жылы Қазақ ССР-інің Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болады.

Оның екінші ірі шығармасы – маңызды эпикалық тақырып – революцияға дейінгі аралдық балықшылардың өміріне арналған «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» кітаптарынан тұратын «Қан мен тер» тарихи-революциялық трилогиясы.

1974 жылы роман КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. «Қан мен тер» романының сценариі бойынша көркемсуретті фильм түсіріліп, пьесалар қойылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір