• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 07:38:27
+12°

23 Қазан, 2019 Сұхбат

Тамара Асар: Біздегі індет-артық ақпарат

Әнші Тамара Асармен сұхбатымыз өнер мен өмірдің кең жазықты, кедір-бұдырлы жағалауларында еркін сапарлады...

Жақын күндері Халықаралық «EURASIAN FASHION WEEK» атты сән әлеміндегі жобада қазақ әуенін әуелетіп, подиумда алғаш рет модель ретінде өнер көрсеттіңіз. Әңгімеміздің әлқисасын осыдан бастасақ?

– Үлкен подиумға ұсыныс суретші-дизайнер Ханум Айдаштан түсті. Біз бұрыннан шығармашылық байланыстамыз. Ол кісінің дүкенінде біздің самаурындар сатылады. Әріден алсақ, Ханумды бұрыннан танимын. Қазақтың этнографиясын зерттеген алғашқы білімді дизайнер. Роза Бағланова, Мадина Ералиева, Роза Рымбаеваға киімдер тіккен шебер.  Аталмыш шараға біздің шеберімізді қолдау мақсатында қатыстым. Бірнеше сырт елдерден келген дизайнерлер мен отандық дизайнерлердің ортақ жобасы.

Мен бұрыннанда сән әлеміне жақынмын. Себебі, сахналық кастюмдерімнің суретін  салып, өзімнің идеяммен тіктіремін. Бұл саладан хабарым бар болғандықтан, ұсыныс түскенде  қарсы болған жоқпын.

Әрдайым неге сән әлеміне қазақ әнін әуелетпеске деп ойлайтынмын. Осы жоба барысында  ойымды іске асырдық. Менің негізгі  ішкі саясатым – қай жерде жүрсем де, қандай жұмыс істесем де қазақ өнерінің биігіне ұлттық құндылықтарды енгізу, қазақ әнін әуелету. 

– Ән айтумен подиумде өнер көрсетудің айырмашылығы қандай?

–  Расында үлкен айырмашылығы бар. Ән айтқан кезде сахнада халықпен байланыс жасайсың. Ал подиумда халықпен мүлдем байланыс болмаған жөн. Тек ғана түзу сызықтың бойымен бір нүктеге қарап, тік жүріп, өту керек.

– Сіз үшін ауыр болмады ма?

– Кішкене қиындау екен.

– Тоқсаныншы жылдары ең алғаш қазақ шоу бизнесіне қызды алып кіру, тұсаукесер секілді салт-дәстүрімізді енгізген алғашқы қарлығаштың бірісіз. Жуырда ғана Kazak TV  арнасындағы "QAZAQ LIVE-DASTUR" бағдарламасының жүргізушілік тізгінін қолға алдыңыз. Жаһандану заманында сән деп кей жастарымыздың салт-дәстүрімізді өзгертуіне қандай көзқарастасыз?

–  Қай кезде де салт-дәстүр өзінің өзгерісіне ұшырап отырады. Ол климаттық өзгеріс болады. Оның ыңғайлануы әртүрлі. Мүлдем түп тамырымен өзгертуге болмайды. Бірақ, ыңғайлауға болады. Мен түбегейлі өзгертуге қарсымын.

2000 жылдары Ақтау қаласында Абай мәдениет сарайында жұмыс істегенімде Назгүл Жарылқапқызы деген басшым қызды алып кіру туралы ой салды. «Сен әнші болғым келеді дейсің, әнші болғанда халыққа не берер едің?» – деген сұрақ қойды. Көп ойланып, қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып, халықтың арасына яғни тойға алып келер едім деп айттым.

Ең алғашқы ұзату тойлар кеңес үкіметінен кейін көп болмаған. Болса да қыз бен жігіт бірге кіретін еді. Ең алғаш Маңғыстауда қызды бөлек алып кірдік. Алғашқыда "Қыздың ауылында болып жатқан тойда қыз бен жігіт неге бөлек кіреді?" – деп наразылығын білдірді. Біз қыздың әке-шешесіне түсіндіріп әлек болдық. Ұзату – қыздың тойы. Кіргенде жеке кіреді. Білек ұстатармен қыз бен жігітті жеңгелері қосу керек. Содан кейін ғана төрге отырғызуға болады. Негізі қазақта бірге отырғызбаған деп түсіндіріп, қызды алып кіру әнін орындадым.

Ал "Сыңсу" деген ғұрып шалға қалың малға кетіп бара жатқан қыздың зары. Бірақ мен оны зары ретіндегі сыңсу емес, бөлек ән яғни ата-ананың қоштасу әні ретінде "Көзімнің ақ пен қарасы" деп қыздың әке-шешесінің атынан шығардым. Алғашқы қызымызды осылайша жігіттен бөлек алып шыққанбыз.

Мен көп тұсау кескен жоқпын. Себебі, құлаған адаммын деп өзім бас тартатынмын.  Бірақ кейінгі кездері "жоқ тұсауды маған кестіру керек" деп айтамын. Қанша құласамда, орнымнан тұрған адаммын. Бала күнімде өте желаяқ едім. Әлі де таңертең тұрып, жүгіруден тайсалмаймын. Құдайға шүкір, күпірлік етпеймін. Қиындықты жеңген желаяқпын. Сондықтан мен кескен бала, екі есе жүріретін шығар.

Тамара Асар

"Қазақ әні қасиетінен айырылып бара жатыр" деген пікірлер күннен-күнге көбеюде. Бұл жөнінде музыка  өнерінің өкілі ретінде не айтасыз?

– Қазақ әні қасиетінен мүлдем айырылып бара жатыр деп айта алмаймын. Бірақ, жай-жай келе жатыр. Жаһандану заманында эстраданың өрбіп тұрған кезі. Бірақ, бұл өрбу аспанға бір секіреді де жерге қайта түседі. Себебі, жер адамды қайта тартады. Аспанда ешкім ілініп қалмайды. Сондықтан, өзінің жеріне төмен қарай түскен кезде дәстүрлі өнер шарықтайтын кез болады. Таза өнім  секілді табиғи өнерге де  келеміз. Оған бас ауыртудың қажеті жоқ.

Қазір қырғыздың, гректің, украин халқының әндеріне қазақша мәтін жазып, аударма негізінде ән шырқау сәнге айналды. Плагиат әндер туралы не айтасыз?

– Плагиат әндер барлық кезде болған, болады да. Энергетиканың жүзінде барлық кезде информация көшкен. Мүлдем жоқ қылып  шығара алмайсың. Бар болғаны 7 нота. Ал 7 нота арқылы миллиондаған, миллиардталған ән шығару керек. Сондықтан ұқсастық болады. Адам-адамға ұқсағанымен өз ерекшелігімен дараланады. Сол секілді әндердің де ерекшелігі өз бояуымен өзінде қалады.

– Плагиатты көшіріп, ұлттық құндылығымыздан ада болып қалмаймыз ба?

– Әнді жүз пайыз көшіру – ауырлау. Ал сөзін тек қазақша мәтінге аударса, аударма ән ретінде сол елдің әні деп орындау керек. Ол плагиат емес, аударған ән болады.

– Қазақстандағы интеллектуалдық меншікті, авторлық құқықты қорғау деңгейіне қаншалықты көңіліңіз толады?

– Шынымды айтайын мен олардың жұмысын көріп жатқаным жоқ. Бізге бірнеше адам  "авторлық қоғамнанбыз" деп хабарласады. Әртүрлі авторлық қоғамдар қоңырау шалады. "Біреудің әнін айтқансыз, осыған ақша төлеңіз" деп жатады. Негізгі біздің авторлық құқығымызды  продюсерлеріміз қорғайды. Олар солармен келісімшарттарға отырады. Бұл мәселемен менің продюсерім Жан Мұқанов айналысады. Бірақ, авторлық қоғам қаншалықты жұмысы істеп жатыр және қай деңгейде екенін мен білмеймін.

– Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған салтанатты шарада өнер көрсетіп, келдіңіз. Қара алтынның қара шаңырағында мұнайшылардың зары бар. Халық пен алтын көпір болып отырған өнер иесі ретінде не айтасыз??

–  Мұнайшылардың зары дегенде қандай зар?

–  Еңбекақы мәселесі.  Қытай басшыларының жұмысшыларды қанауы.

– Бұл терең саясат. Шынын айтқанда әртүрлі жағы бар шығар. Мен өзім қара жұмыстың ішіне кірмегеннен кейін кейбір кездері кенде болып, естімей қалып жатамыз. Бірақ, мен барған кен орындарда уақытылы айлықтарын алатын, киімі бүтін, жағдайы жақсы халықтарды да көріп отырамыз. Жекелеген қорлық көріп жатқан жерлер, біз көрмеген яғни мен көрмеген өңірлер де бар шығар.

Аталмыш шараға барып келгеннен кейін парақшаңызда көптеген тыңдармандарыңыз осы мәселе төңірегінде пікір қалдырды. Пікірді қаншалықты оқисыз?

– Парақшамдағы барлық пікірді оқымаймын. Себебі, менің парақшамда отыратын операторларым бар. Олар өздері оқып, керекті жерін жеткізіп отырады. Бірақ, өзім әр жазбамды толықтай жазып, оларға беремін. Содан кейін өздері жариялайды.

Мен бірнеше жерде қызмет етемін. Инстаграмда отыру үлкен жұмыс. Уақыт пен күшті талап етеді. Онда мен тәулік бойы отыра алмаймын. Күнделікті қадағалап, маркетинг құрып қарамаймын. Мен бір нәрсеге жүрегіммен толқып соны жазатын шығармашылық жазушы секілді қараймын. Ол менің жеке шығармашылық парақшам. Ал қаншалықты пікір жазады оны мен білмеймін. Дайрек дегенге кірмейді екенмін. Оның барлығына кіретін арнайы адамдар бар. Маған мәселесі тығыз керек болып тұрған адамдармен байланыстырады. Ал басқа адамдармен байланыса бермеймін. Оған уақыт керек. Ал теріс пікірлер барлық кезде болады.

Қашанда да жер бітіп, су аққалы жарлы мен кедейдің әңгімесі бітпеген. Ол шынын айтқанда материалдық кедейлік емес, көңілдің кедейлігі. "Жұтаған шүкірге тоймас" деген. Шүкірдің жоқтығы. Мен айтар едім, әрбір адам егер былай қарағанда бермесіңді қызартпа дейді. Бере алмайсың ба, көрсетпе. Көрсеттің бе бөлісіп бер.

Мен инстаграм парақшамда әртүрлі материалдық жағдайымды айтып, мақтанып, сол кезде жаман пікір түсіп жатса, көңіл бөліп қарар едім. Ешнәрсеге мақтанған емеспін. Мақтансам, әніммен ғана мақтана аламын. Ол менің туындым яғни менің шығармашылығым. Сондықтан бұл жердегі саясатқа, Елбасыға қарсы, барша қазақтың құрып отырған билік басшыларына қарсы әңгімеде ашық құлағым керең деп естімеуге тырысамын. Ол белгілі құзырлы органдардардың айналысатын мәселесі. Мен оны жеңе алмаймын, заңды білмеймін. Білгім де келмейді. Оған мен күшімді де сарп етпеймін.

–  Әрине, түсінікті. Десе де Қазақстанда тұрып жатқан әр жанның жүрегін ауыртатын өзекті тақырып бар. Атап айтсақ, Қазақстанда  қытайлықтардың 55 зауыт салу мәселесі. Сіздің көзқарасыңыз?

– Бірінші рет естіп отырмын. Жаңалықтан мүлдем хабарым жоқ. Мен бұрыннан осылай айтып келе жатырмын. Біреудің қайтыс болғанын 5 күннен, үйленгенін 1 айдан кейін, кіммен кімнің тұрып жатқанын 4 жылдан кейін естимін. Себебі, менің салатын суретім, тігетін киімім, жазатын әнім бар. Бір нүктеге қарап, шаба беретін адаммын. Фабрика, завод салумен арнайы орындар айналысуы керек. Халық жапа шегетін болса, оған шара қолдану керек. Ал егер халық жапа шекпесе, онды біздің қазақтар да басқа жерге барып салсын деген тілек айтамын.

– Саясаттан өнер тақырыбына ауыссақ. Сөз арасында сурет салатындығыңызды айтып қалдыңыз. Самаурын "ханшайымысыз". Тамара Асар самаурыны хобби ме, әлде бизнестің көзі ме?

– Хоббиден басталған кәсіп.

Ұлы Қамбармен

–  Ізбасарыңыз Қамбар студент атанды. Бүгінгі қоғамдағы студенттің ғұмыры сізге таңсық емес. Оларға қандай өзгеріс керек?

–  Ең бірінші қазақша сөйлеу, екіншіден қазақша тыныс алу керек.

–  "Жалғыз досым" әнінің алғашқы орындаушысыз. Кейіннен "Музарт" тобының  репертуарына енді. Аталмыш ән төңірегінде авторлық дау бар. Нүктесін өзіңіз қойсаңыз?

– 1993-1997 жылдар аралығында студент болдым. Сол кездерден яғни 1994 жылдан бастап "Жалғыз досым" әнін орындаймын. Кейін әннің авторы Айгүл Бажанованы тауып алып, кездесіп, қаламақысын төлеп, өзінен әнді алғанмын.

Ал "Музарт" тобының орындауына мен қарсы емеспін. Жолымды беремін. Себебі, олар ер адамдар және менің достарым. Біз бір әнді бөліп айтамыз ба, бір-бірімізге беріп айтамыз ба ол біздің арамыздағы жағдай. Біреулер сырттан тон пішеді ғой. Оған бола дау шығарып қажет емес. Ешқандайда өз арамызда тон пішіліп жатқан жоқ.

–  "Ұстаздан шәкірт озар" демекші, шәкірттеріңіз туралы айта отырсаңыз?

– Менің көп шәкіртім жоқ. Ақтауда жүрген кезімде біраз балаға сабақ бердім. Олар өзімнің тұлға болып қалыптаспай тұрған кездегі шәкірттерім. Кейін менің мәңгілік шәкіртім Тамара Асар болды. Мен соған ауысып кеттім. Психологиямен айналысқаннан кейін өзімнің ішімдегі қорқынышымды жеңу үшін сабақ беретінімді түсіндім. Адамда реалдық өмірге айналмаған, іске аспаған қорқыныш арманы болады. Оны басқа адам арқылы жүзеге асырады. Менде де солай болды.  Кейін шәкірт тәрбилеуден мүлдем бас тарттым.

Мен өзімнен өзім астым деп ойлаймын. Менің тренерім – Тамара, ал шәкіртім Тамара Асар. Менің ұстазым – Тамара Жанқұлова. Тамара Асар менен озды. Өз-өзімді мақтағым келмейді. Бірақ, мен шәкіртіме ризамын. Үйренемін дегенімнің барлығын үйрендім. Жүрем дедім, жүрдім. Секірем дедім, секірдім. Қазір жылына 2 рет парапланмен ұшамын. Мақтануға қорқамын. Себебі тіл мен көз бар. Ол менің хоббиім. Парапланмен екі аяғы сау адам да ұшпайды. Менің бел омыртқам, жамбас сүйегім зақымданған. Көп зақымдарды ала тұрсам да ұшам дедім, ұштым, қонам дедім, қондым. Ән айтқым келді, сахнада ән айттым. Құдайға шүкір. Сондықтан менің негізгі шәкіртім Тамара Асар.  

 – Шәкіртіңіз Кәмшат Жолдыбаеваның  "Карамель" әні  мен бейнебаяны туралы не айта аласыз?

–  "Бұлақ көрсең, көзін аш" деген. Бала –  бишінің яғни өнерлі отбасынан шыққан. Өнерден алыс емес. Кейбіреулер "менің шәкіртім" деп меншіктеп алады. Мен "менің шәкіртім" деп меншіктей алмаймын. Себебі, олардың барлығы кішкентай ғана ұшқын еді. Мен сәл оған үрлеп, от бердім. Сол кезде кішкене жалындай бастады. Биші қызға алғашқы ән айтуды үйреттім. Маған келгенде 12 жастағы талдырмаштай ғана қыз еді. Форт-Шевченкодан Ақтауға алып келіп, үлкен сахнаға алып шыққаным рас. Өзі талантты болды. Мен аузына салған жоқпын. Ұстаздардың осы әңгімесіне қарсымын. Ар жағы болайын деп тұрған бала еді. Бар болғаны қолынан жетектеп, құлап қалмасын деп демедім. Ғаділбек те менің қолымнан өсті. Ондай "Апай-апай" дейтін балалар бар.

 Ал әнін естіген емеспін. Бейнебаянын көрмедім. "Карамель" деген тәтті зат.

Мен көп затты инстаграмнан көремін. Жазылмағаннан кейін ылғи көрмейсің ғой. Сол себепті көбінен хабарсыз қаламын. Үзеңгілес қатарластарым мен  1-2 сән журналына ғана жазылғанмын. 

– Шабытты қайдан аласыз?

– Маған көп ақпарат керек емес. Ақпараттың көптігі өте қатты кедергі келтіреді. Өзіммен өзім көп уақыт өткіземін. Мүмкіндігінше өзімді естуге тырысамын. Ішкі идеяларыммен жұмыс жасаймын. Кейде телефондарды да көтермеймін. Себебі, ішімнен сурет іздеймін. Ішкі кейіпкерлерім бар. Соларды жазамын. Менің ойларым – мынау өмірдің ақпаратынан қызықтырақ! Менің сөйлесетін адамым – шығармашылық жетекшім Әсет Масабаев. Оған ішкі суреттемедегі музыка жайында ойларымды айтамын. Ең қиыны – ритмге ілесіп жүру. Өмірдің ритмінен қалып қоймас үшін артық ақпарат қабылдамаймын. Маған қабылдату үшін менің қасымдағы адамдар арқылы жеткізу керек. Бір кездері барлық ақпаратты сіңіріп, күнделікті өмірден қалмай өмір сүріп көрдім. Нәтижесінде шығармашылығымда үлкен тоқырау басталды. Сурет салмай, жазу жазбай қалдым. Жазып жатқан кітабым тоқтап қалды. Жаңа әндерім жарық көрмеді. Осы жағдайлардан кейін өзімнің «зона комфортама» келдім. Міндетті түрде таңертең тұрып, жаттығуымды жасаймын. Одан кейін оқитындарымды оқимын. Өзімнің тыныштығыма енемін. Сол маған ұнайды. Жүрегіңді ауыртатын артық ақпарат болмаса, бақыттысың. Көзің жарқырап, ешнәрсе керек емес.  Үнемі шабытта жүресің.

– Псиxология-педагогика мамандығы бойынша философия докторысыз (PhD). Қазіргі уақытта психологиялық тренингтер саны күн санап артуда. Халық психологиялық кеңеске зәру ме?

–  Зәру. Бұл –  елдің саясаты мен танымы өзіндік жүйеге түспейінше қалыпты жағдай. Біз өте жас мемлекетпіз. Қазір біз тұлға болып қалыптасу жағдайында тұрмыз. Тұлға болып қалыптасу жағдайында жеке адамның басын қарайтын болсаңыз, басын тауға да тасқа да ұрады. Дұрысты да, бұрысты да татып көруі мүмкін. 35-40-ға келгенде тұлға болып қалыптасып, бір байыпқа түсіп, өзінің кемелденген шағында бір байыпты өмір сүре бастайды. Қазіргі кезде әртүрлі проблемалар бар. Сол проблемаларға байланысты психологиялық қажеттілік пен психологиялық тренингтер өсе береді. Бізге індет болып жабысып отырған нәрсе – артық ақпарат. Орыстардың "Меньше знаешь, крепче спишь" деген мақалы бар.

Өзімнің қалыпты жағдайымды ұстауым үшін артық ақпарат қабылдамаймын. Сондықтан тыныш ұйықтаймын. Өмірді ләззатпен сүргім келеді. Шайды ішкенде жақсы көріп, ішкім келеді. Өзімнің жағдайымды жақсы көріп, жасағым келеді.

Мен ақпараттан алыспын. Біреудің қайтыс болғанын кеш естимін. Мысалы, Жанар Хамитованың дүниеден өткенін бүгін естідім. Нұрғали ағаның үйленгенін естігеніме 5-ақ күн болды. Оны да біреудің тойына барғанда естідім. Есептей беріңіз, менің ақпараттан алыс екенімді. Керекті ақпаратты көмекшім жеткізіп отырады. Бірақ, өзіне ескертіп қоямын. Маған айтпа, кімнің не істеп жатқанын. Керек емес. Себебі, шығармашылық адамы жүрекпен қабылдайды. Жүрегім артық рет ауырғанын қаламаймын.

Ақпараттың көптігінен  барлық адамда делбеу өмір басталды. Адам  егер өзін саналы түрде ақпараттан бас тартса, өмірі тынышталып,  рахат өмір басталады. Ал егер дәл осылай жүре берсе, өз өмірін ұмытып кетеді. Сондықтанда ол адам психологиялық тренингке зәру болып, тағы бір жақтан бір нәрсе іздеп отырады.

Тамар Асар

Психологиялық тренингке зәру адамдар бас ауырғанына ем іздемейді, олар ауруды уақытша сол сәтте ғана басады. Емделудің ең бірінші қасиеті – ауру адам төсек тартып жатады. Жүгіріп, қаңғып, қыдырмайды. Сол сияқты егер сіз психологиялық көмекке мұқтаж болсаңыз, сіз өзіңізді төсек тартқан ауру ретінде сезінуіңіз керек. Бұл – патология деп аталады. Ондай сәтте адам тыныштықта өмір сүру керек.

Кез келген жан әртүрлі жағдайларға кездесіп, патологиясын сезеді. Қазіргі таңда адамдарда шизофрения 85%-ға көтерілген. Кей жерлерде 92%-ға дейін деген мағлұматтар бар. Әр адамға жанға тыныштық керек. Сол тыныштықты сезіну үшін біреу намаз оқып, біреу сектаға кіріп немесе психологиялық тренигтен сезіну мүмкін. Негізгі тыныштық үйдің ішінде. Жақын адамның қасында. Санаңның есігін артық ақпараттан жабу керек. Сонда ғана жаның тынышталады.

Үйдің ішінен сөйлесетін адамыңды тауып алсаң, сол жеткілікті. Екі адам үйдің ішінде сөйлеспей, инстаграм қарап отырады. Осының себебінен тренингке зәру бола береміз. Ал егер тренингті тоқтатқың келсе, сен үйіңнің ішіндегі адаммен сөйлес. Миыңдағы, санаңдағы есікті жап. Қазіргі адамның санасында бір есік емес, үйдің есігіндей миллион есік бар.

– Қоғам қатыгезденіп кетті дегенге келісесіз бе?

– Қоғам қатыгезденген жоқ. Адам өз-өзіне қатыгез болып кетті яғни өзін аямайды. Барлық информацияға басын сұғып тұрады. Елдің проблемасын шешпес бұрын өз проблемаңды шешіп алуың керек. Таңертең ұйқыдан тұрған соң, телефонға қарамай, бар ләззатпен шайыңды ішсең, мидағы барлық нәрсе шешіледі. Осыны кей адамдар үйрене алмай отыр. Мысалы, мен шай ішкен сәтте тек самаурын мен шайға ғана назар аударамын. Мен артық нәрсеге қарасам, қасымдағы адам маған қызық емес деген сөз. Мен ол кісіге ол нәрсені айтпау үшін кітапқа не телефоныма кіріп кетемін. Телефон мен инстаграмның дәуірі өршімей тұрған кезде тойда кітап оқып отыратын едім.

– Мамандардың айтуынша, күз – депрессия маусымы. Тағдыр жолыңызда көп қиындықты бастан өткерген жансыз. Түрлі жағдайдағы қиындықпен қалай күресу керек?

– Біріншіден өзіңді тыңдау, екіншіден "Менің жаным қазір нені қалап тұр" деген сұраққа жауабың болу керек.               

– Сіз үшін бақыттың мәні неде?

Екі адамның бір-бірімен жақсы сөйлесуі. Жан тыныштығы.

 Сұхбаттасқан: Ақтолқын Тажикова

Ақтолқын Тажикова

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір