• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:22:10
Алматы
+35°

Бүгін, 23 қазанда Алматыдағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюрода Алматы облысы Ақсу ауданынында болған қытай-қазақ жұмысшыларының арасындағы төбелеске қатысы бар деп күдікке ілініп, Талдықорған қаласындағы уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған бес Қазақстан азаматының ісіне қатысты баспасөз жиыны өтті. "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы, белсенді Ырысбек Тоқтасын, адвокат Ләззат Ахатова, "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық ұйымының мүшесі Әсет Оңалбаев сөз сөйледі.

Қамауда отырған бес азаматтың төртеуінің заңды қорғаушысы Ләззат Ахатованың айтуынша, Қызылағаш (Қытай жұмысшылары мен Қазақстан азаматтары арасында төбелес болған Алматы облысы Ақсу ауданындағы ауыл) ауылының бес жігітіне аса ауыр айыптар тағылып отыр. Оларды екі ай мерзімге Талдықорған қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алған, тағылған айыптар дәлелденге жағдайда олар 7 жылдан 14 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. 

– Жігіттердің үстінен қылмыстық кодекстің 293 бабының 3-тармағы мен 2-бөлігі және 106, 107 баптар бойынша іс қозғалды. Бұл – өте ауыр баптар. Жәбірленушілерге ауыр дене жарақатын салды, қару қолданды деген сөз. Мен жігіттермен уақытша тергеу абақтысында сөйлестім. Олар қару қолданбағандарын айтады. Керісінше арматура қытайлық жұмысшылар отырған автобустан табылған. Алайда «Салқанов Сарқыттың машинасынан арматуралар табылды» деп полиция іс материалдарына тіркеп қойған. Сондай-ақ жәбірленушілердің депортацияланып кеткені қазір анықталды. Өйткені құжаттары заңсыз болған екен, – деді адвокат.

Ахатова жәбірленуші тарап – қытайлық жұмысшылар Қазақстан азматтарының үстінен арыз жазбағанын да айтты. Оның айтуынша, жәбірленуші тараптан ресми арыз түспеген, ішкі істер қызметкерлері күдіктілерді "қылмыс үстінде ұстағандарын" алға тартқан. 

Адвокат қазір қамауда отырған азаматтарды кепілдікпен шығару үшін арыз жазып жатқанын айтты.

Ал осы оқиғаға байланысты Талдықорғанға арнайы барған оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы қамауда отырған бес жігіттің бірі – Берік Рысалдиновты кепілмен босату үшін өзінің пәтері мен көлігін кепілге қоятынын айтты. Сәрсенбайұлы бұл істің күмәнді тұстары көп екенін айтып, билік өкілдеріне бірнеше талап қойғандарын жеткізді. 

– Қытай жұмысшылары мен қызылағаштық бес азамат арасындағы төбелеске оның алдында қытайлықтардың қазақ жігітті жабылып ұрғандары себеп болды. Ол оқиға 7 қазанда болған. Қытайлық үш жұмысшы Қытайдан келіп, Қазақстанда тұрып жатқан этникалық қазақты жабылып ұрған, олардың бастықтары қарап тұрған. Осы төбелестен кейін неге қытайлық жұмысшылар қамауға алынбаған?! Құзырлы органдар сонда қайда қарады? Қытайлықтардың осындай әрекетін естіген Қызылағаштың бес жігіті ертесі күні, яғни 8 қазанда олармен сөйлесуге барған. Ақыраяғы төбелесіп тынған. Егер бірінші күні төбелесті бастаған қытайлықтар қамауға алынса, құзырлы органдар оларға тиісті шара қолданса, ертесі күні төбелес болмайтын еді ғой. Бұл жерде заңды құзырлы органдардың өзі бұзып отыр. Сондай-ақ үш қытай бір қазақты жабылып ұрғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды, ал қызылағаштық жігіттерге ауыр айыптар тағылып жатыр. Әділдік болатын болса, қытайлар да қазақтар сияқты жазалансын, – деді Сәрсенбайұлы.

Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстандағы жұмыс істеп жатқан Қытай компанияларында бұған дейін де жанжал болып, аяғы үлкен даулы оқиғаларға ұласқанын айтты. Ол оның себебін Қазақстан билігінің шетелдік инвесторларды тым еркінсітіп жібергенімен байланыстырды. 

– Ең негізгі мәселе – бұл жерде мемлекет өз азаматтарының мүддесін қорғай алмай отыр. Біздің билік қазір инвесторларды құдайындай көреді. Төбесіне тайраңдатып қойды. Қытаймен жасалған келісім-шарттар жабық. Бұл ашық болуы керек. 69 қытай азаматының заңсыз жүруіне кім жол берді? Соны анықтап жазалау керек. Жиі рейд жасау керек. Заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтауға қоғам белсенділері де атсалысу керек. Мына төбелесте қытай азаматтары "періште" болды. Қазақтар – қылымскер. Бұлай болмайды, – деді ол.

Баспасөз жиынында сөз сөйлегендер жергілікті тұрғындар мен қытайлық жұмысшылардың төбелесі болар күннің алдында қытайлық жұмысшылар жабылып ұрған этникалық қазақтың үшті-күйлі жоқ болып кеткені күмән тудыратын айтты. Олардың айтуынша, ол – Қытайдан келген қазақ, бірақ әлі Қазақстан азаматтығын алмаған. Қазір Тараз жақта тұрады екен. Бірақ адвокат та, белсенділер де, қамауда отырған қызылағаштықтардың туыстары да қытайлық жұмысшылар жабылып ұрған этникалық қазақпен байланыса алмаған. 

7 қазанда Алматы облысы Ақсу ауданында жол салып жатқан "Citic Construction" компаниясындағы Қытайдың төрт жұмысшысы арасында жанжал басталып, кейін төбелеске ұласқан. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы – этникалық қазақ жарақаттанған.  Келесі күні Қызылағаш ауылының бес тұрғыны қытайлық жұмысшыларды ұрып-соққан. Полиция осы іске күдікті ретінде Қызылағаш ауылының бес тұрғынын қамауға алған. 10 қазан күні судья Қызылағаш ауылының бес азаматын екі айға қамау туралы шешім шығарды.

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір