• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:11:02
Алматы
+12°

15 Шілде, 2015 NEWS

Сиырдың бағасы 6000 доллар, сүтінің сапасы ше?

Алматы қаласында  «Амиран»  компаниясы  қазақстандық  БАҚ өкілдеріне арнайы  пресс-тур ұйымдастырды. Бұл туралы &laquo...

Алматы қаласында  «Амиран»  компаниясы  қазақстандық  БАҚ өкілдеріне арнайы  пресс-тур ұйымдастырды. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Бәлкім білерсіз, бәлкім жоқ. Бірақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы тапсырмасы бойынша 2010 жылы негізі қаланған «Амиран» Қазақстандағы «Қазақ тағамтану академиясының» жанынан ашылған тұңғыш емдік-профилактикалық сүт өнімдерін дайындайтын бірден-бір  фабрика болып табылады. 6 жасқа дейінгі балалар мен ересектерге арналған бұл сүт өнімдерінің өзгелерден айырмашылығы табиғилығында және сақтау мерзімі үш-ақ күн.

100 пайыз табиғи сүт өнімдерін дайындайтын фабриканың журналистерге арналған пресс-туры әуелі «Амиранның» Алматы қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан фермасынан басталып, зауыт және егістік алқаптарын аралаумен жалғасты. Журналистерге арналған пресс-конференциядан кейін, ұйымдастырушылар БАҚ өкілдеріне «Амиранның» табиғи өнімдерін ұсынып, қонақтарға кәдесый тапсыруды да ұмытпапты.

Сонымен,  Қазақ тағамтану академиясының «Амиран»  зауыты Қазақстандағы тұңғыш әрі бірден-бір балаларға арналған табиғи-химикатсыз сүт өнімдерін шығаратын зауыт болып табылады. Мұнда даярланатын өнімдерге арналған табиғи шикі сүт – Канададан әкелінген сиырлардан алынады. Бұл сиырлар 2013-2014 жылдары Канададан арнайы сатып алынған. Ол кезде әр ірі-қара – 6000 АҚШ долларына сатып алынған және 780 бас. Әубаста сатып алынған сиырлардың 93 пайызы төлдеп, фермадағы ірі-қара саны – 1500 басқа  жеткен. Күніне үш мезгіл сауылатын ірі-қаралар тәулігіне – 30 литрден 45 литрге дейін сүт береді екен.  Сауылып алынған шикі сүттің 9 тоннасы түрлі қышқыл-сүт өнімдерін даярлауға жұмсалса, қалғаны күнделікті пайдалануға арналған сүт күйінде сатылымға шығарылады екен. Ал зауыт басшылығы келер жылы бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстан Президентінің арнайы тапсырмасы бойынша жұмысын бастаған бұл зауыт индустрияландыру 2020 бағдарламасы аясында жүзеге асқан игі бастамалардың бірі болып отыр. 2 жылға жуық уақыт аралығында бой көтерген, Қазақстандағы теңдессіз мал фермасы құрылысына  47 млн. 287 мың доллар қаржы жұмсалған. Ал мұндағы ірі-қаралар канадалық техника бойынша бапталады.

Менон Симон, бас инжинер:

-Бұл сиырлар шығу тегі голландиялық болғанымен, бізге Канададан жеткзілді. Ал ол жақтың экологиясы мен бұл жердікі салыстыруға келмейді. Бұл ірі-қараның «Гальштина фриз» деген түрі. Салқын жерде ұсталады. Сондықтан, біз алғашында тәжірбие жасап көрдік. Кейін ірі-қараның бұл түрін жергілікті жердің экологиясына бейімдеуге болатынын білдік те, таза табиғи өнім беру үшін қолайлы факторларды қарастырдық. Сиырлар күніне 125 литр су ішеді. 30 кг-ға жуық қалдық шығарады. Қоралардың биіктігі – 14 метр. Екі жағынан да ауа температурасын реттегіштер орнатылған. Сонымен қатар, мұнда температура +25 градустан асқан кезде автоматты түрде желдеткіштер іске қосылады. Ал +30 градусқа жеткенде су бүркектер іске қосылады. Мұнда тіпті, сиыырлардың қалдықтарын автомат тазалап отырады. Ал ол қалдықтар қайта өңделіп, құрғақ аппелка түрінде астыларына төселеді. Дүниежүзінде малдың қайта өңделген қиы ең таптырмас жылытқыш болып табылады. Сондықтан, біз қалдықты осында өңдейміз. Сиырлар күніне 3 мезгіл сауылады. Әрине, бұл процестер адамның күшінсіз арнайы техникалар арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда мұндай мал қора Қазақстанда біреу ғана.  Сондай-ақ, мұндағы малдардың азығы да фермада әзірленеді екен. Ол үшін жергілікті жерден 2000 гектар жайылымды алған. Онда жүгері, жоңышқа, соя секілді құнарлы мал азықтары егіледі.

Иә, ауызбен айтса сенбессіз. Дегенмен мұндағы барлық функциялар компютерленген екен және ірі-қаралар аптасына бірнеше мәрте жуылып тұрады. Себебі, сауылатын сүтке микроб, бактериялар түсіп кетпеуі үшін барлық санитарлық талаптар сақталуы тиіс дейді ферма қызметкерлері.

Юн Руслан Борисович, «Амиран» зауыты директоры:

-Біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасынан кейін ойланып жүріп, бұл жобаға кірісіп кеттік. Академик Төрегелді Шарманов ағамызбен ұзақ ақылдаса келе, Қазақстандағы тұңғыш фабрикатсыз, химикатсыз, таза табиғи сүт өнімдерін даярлау туралы ұйғарымға келдік. Алғашында қиын болды, әрине. Қолдау жоқ. Қаражат жоқ. Бірақ, идея бар. Бұл жақсы ғой. Өзіміздің балаларымыздың табиғи өнімдерді пайдаланғаны қуаныш қой. Сондықтан, біз көзді жұмып, кірісіп кеттік. Иә, бастапқыда сүтті қайдан аламыз деген мәселелер шықты. Біз жергілікті тұрғындардан сүт сұрадық. Майлылығы, табиғилығы 100 пайызға жететін сүт таппаған соң, көрші Қырғызстаннан тасмалдауға тура келді. Кейін Кедендік одақ іске қосылғанда, қырғыздан сүт әкелуге тыйым салынып, біздің жұмыс тоқтап қалудың аз алдында тұрды. Сонда асыл тұқымды ірі-қараларды өзіміз өсіру туралы ой келіп және бұл жүзеге асты. Әрине, 2 жылдай уақыт кетті. Бірақ, қазір мұның пайдасы  болып отыр. Амиран – бұл бизнес емес, қайырымдылық деп түсіну керек. Біздің өнімдеріміз ұзақ мерзімге жарамайды. Себебі, онда ешқандай қоспалар, фабрикаттар жоқ. Сондықтан біздің өнімдердің жарамдылық мерзімі 3 күннен аспайды. Ал өзге сүт өнімдерін алып қарасаңыз 30 күнге дейін жарамдылық мерзімін көрсетіп қойған. Мынаны біліңіздер, ешқандай табиғи сүт – 5 күннен арыға дейін сақталмайды. Ол ашып, быжып кетеді. Ал құрамында химикат немесе құрғақ сүттен даярланған өнімдер ұзақ уақытқа дейін жарамды болып келеді.  Біздің өнімдер тек Алматы қаласында ғана сатылымға шығарылады. Өзге аймақтарға жеткізу мүмкін емес. Себебі, өнімдер ұзақ жолға жарамайды, бұзылып кетеді және жарамдылық мерзімі де өтіп кетеді. Енді, осында мәселе туындайды.  Біз осы жобаны бастағанда, бізге жоғары жақтан уәде берген еді. Біздің өнімдер мемлекеттік мекемелерге жеткізілетін болады деп. Алайда әлі күнге дейін бұл орындалмай отыр. Ал мектептер мен балабақшаларға  ауруханаларға  қоспа фабрикаттар жеткізілуде. Біз оларға жолыққанымызда, бәрі тыныс-тамыр арқылы шешілетініне көзіміз жеткен. Сондықтан, біз өзіміз үшін, балалар үшін жұмыс істеудеміз десем жалған айтпаған болар едім.

Иә, «Амиран» зауыты өнімдері таза табиғи екендігіне өзіміз дәмін көргенде көзіміз жеткендей болды.

Айтпақшы, зауыт пен ферма сол аймақта орналасқан Қаратоған, Туғанбай және Ақжар ауылдары тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр екен. Мұнда жұмысщыларға барлық жағдайлар жасалған. Демалыс орындары, тұрақты жалақы, түрлі материалдық көмек т.б.

Ең бастысы, «Амиран» зауыты Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінен 9 жас маманды іріктеп алып, Голландияда кәсіби біліктілігін шыңдатып, қазір зауытқа жұмысқа орналастырған. Зауыт қызметкерлеріне барлығы жабдықталған баспаналар да берілген екен. Иә, осының бәрі Қазақ тағамтану академиясы мен Амиран зауытының бүгінгі жетістігі екені анық.

Пресс-турдан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір