23 Қазан, 2019 NEWS
Президенттің баспасөз хатшысы пікірталас тудырған әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзіне қатысты түсініктеме берді.
Еске салсақ, Министр кадрлық тағайындауларға қатысты "соңғы шешім – Қауіпсіздік кеңесінің құзыретінде" деген пікір айтқан болатын.
"Әділет министрінің түсіндірмесін қисынсыз деп санаймын. Мүмкін Бекетаев мырза тілшілердің қысымынан абдырап қалып, қате тұжырым жасаған болар. Дегенмен, мұндай жоғары деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені өзінің функционалдық міндеті аясында әрқашан біліктілікпен түсіндіруі тиіс", – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ баспасөз хатшысы бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойғысы келетінін атап өтті.
"Конституция – негізгі заң. Құжатта мемлекет басшысының функциясы мен өкілеттілігі анық жазылған. Әртүрлі көзқарас туғызған 2019 жылдың 9 қазандағы жарлықтың ережесі бар. Соған сәйкес, президент "Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі туралы ережеде" көрсетілген процедуралардан тыс шешімдерді қабылдауға құқылы", – деді Б. Уәли.
"Ол тек президент мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепілі, Жоғарғы бас қолбасшысы екенін атап өтті. Яғни тек президент конституцияға сәйкес, үкімет мүшелерін, күштік құрылым басшылары мен өзге де ведомстволардың жетекшілерін, сондай-ақ, өңірлердің басшыларын тағайындауға қатысты шешімдерді қабылдайды" – деп түйіндеді өз сөзін президенттің баспасөз хатшысы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір