23 Қазан, 2019 Барлық аймақтар
Текелі қаласының әкімі "тентек су" ішкен тентектерді қалай тыйды? (видео)
Болсайшы, әкімдердің бәрі осындай?!.
«Бүгін менің қабылдауымда қала тұрғыны бір әйел келіп күйеуінің күнде арақ ішетінін айтып, жасырын түрде сатылатын арзан араққа тосқауыл қоюды сұрады. Ал, кешке өзім қала аралап жүріп мынандай масқараға тап болдым (видео- ред). Ата - бабам ішпеген арақ - шарапты қалай тоқтатамыз ағайын, ақыл айтыңыздаршы, жолын көрсетіңіздерші. Полиция бастығы Ұ. Садықов және кірістер басқарма басшысы Қ. Нұрғалиев шұғыл шара қолданыңыздар». Бұл пікір Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаевтың фейсфук парақшасынан алынды.
Оқиғаны нақты баяндар болсақ, қала әкімі Бахтияр Өнербаев кешкілік Отан соғысы ардагерлері ескерткішінің маңында "тентек су" ішіп отырған үш жігітті көреді. Олар әкімді көріп тұра қашады. Видеодан «Неғып отырсыңдар, мынау сендердің ішіп отырғандарың арақ қой. Неге арақ ішесіңдер, бұл жерде. Түріңді көрсет! Бері кел, бері! Ана бөтелкені ал!» деген қала әкімінің даусы естіледі. Ал үш жігіт ішіп отырған арағын стакандарымен қоса лақтырып қаша жөнеледі.
Ал оқиға немен аяқталды? Бұл жерде полиция өкілдері іске құмбыл кіріскен. Мұнан кейінгі жағдайды біз қала әкімі Бахтияр Өнербаевтың өз аузынан естідік.
–Ертеңіне Отан соғысы ардагерлерінің гүлзарында арақ ішіп отырған үш жас әкімшілікке келіп, кешірім сұрады. Ант су ішіп, енді арақты аузына татып алмайтындарын айтты. Айып ретінде олар ардагерлерге арналған ескеркіштерді жуып, оның маңын толықтай тазартуға уәде берді,- дейді қала әкімі Бахтияр Өнербаев.
Біздің білгеніміздей, іс сотқа жолданған. Ал ардагерлер гүлзары мен саябақ және қаланың көрікті жерлері арақ ішетін орын емес. Мұны жас жігіттер де түсінген болуы керек. Сөйтіп қала әкімі «тентек су» ішкен тентектерді тыйды, оларды қоғамдық іске тартты. Біздің айтпағымыз, бұған әкім ғана емес, қоғам да қозғаушы күш болуы қажет.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір