• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 12:49:44
Алматы
+35°

Қазір біз үшін ең маңызды дүние ұлттық валютаға деген сенімді күшейту. Доллар қымбаттап, әр апта сайын биржада көк қағаз бен еуроға деген сұраныстың артып отырғанын мамандар да жасырмайды. Ал енді болашақта не істеу керек? Қаржыгерлер мен банк секторының мамандарының пайымынша, ол үшін мынадай қадамдарға бара алғанымыз жөн:

Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

– Біздегі мамандар көбінесе осы екі ұғымды бір қазанға салып, басын түйістіріп жібереді. Олай етуге болмайды. Өйткені ол екеуі екі бөлек ұғым. Бұл жерде әлемдік валютаның өрісі өте кең. Мәселен, еуро мен долларды алып көрелік. Бұл екі валютаны бір-бірімен салыстырмау керек. Еуро әлемде тек төлем құралы ретінде ғана қолданылса, доллар болса тек қана төлем құралы емес, ол – айналыс құралы, құн – өлшем құралы. Бұл жерде еуроға қарағанда доллардың өрісі кең екенін осыдан байқауға болады.

Меніңше, бізге әзірге ұлттық экономикадан долларды ығыстыру жедел әрі тез болмайды. Доллар бүкіләлемдік кәсіпорындар мен фирмалар, өнеркәсіп орын­дарының құн өлшемі, төлем құралы, айналыстағы қаржысы. Сондықтан әлемдік жетекші валюталардың ішінде доллардың болашағы үмітті. Бұған қоса, юаньның болашағы жарқын деп айтуға болады. Өйткені Қытай экономикасының қалай өркендеп бара жатқанын сіз бен біз жақсы білеміз. Әрине қарапайым халықтың ұлттық теңгеміз түрінде қаржысын жинағаны, сақтағаны жақсы. Бұл үрдіс расымен де ақша-несие саясатын жүргізу үшін аса маңызды. Себебі халық банктен алатын тұтыну несиесін доллармен емес, теңгемен алады. Кепілсіз несиесін де теңгемен алғанды жөн көреді. Сондықтан теңгемен депозит жинақтап оны айналымға жіберудің бірден-бір маңыздылығы осы. Болашақта доллар мен еуроны ішкі сұраныстан азайтып, теңгеге сұранысты арттырғымыз келсе, осындай жайттарға барғанымыз да жөн. Ол үшін теңгелік депозиттердің сыйақысын тағы да 5-7 пайызға көтеру керек. Сол сәтте жаппай доллар сатып ала бастаған ел теңгеге қарай ойысар еді. Жалпы, айналымда доллар мен еуро тұрғанда теңгеге сенім артады деген қисынсыз. Демек бұл арада доллардан ғана емес, еуроны да шектеу маңызды бола түспек. Әр ел өзінің ұлттық валютасына сенімді арттыру үшін мұндай қадамдарға бару керек. Сондықтан бұл біз үшін нақ қазір қажеттілік.

Сөйтіп, мамандардың біразы доллар мен еуроны ығыстыру үшін теңгелік депозиттердің сыйақысын арттыру қажет десті. Ал жалпы, қарапайым халыққа девальвация дақпыртына алданбауы үшін мамандар мынадай кеңестер ұсынады:

А) Ақшаны қай валютада және қандай мөлшерде сақтау керек екенін түсіну үшін соңғы үш жылдағы валюталардың бағамының қалай өзгергенін қарап отыру керек. АҚШ доллары, еуро және Қытай юанін зерттеп көрсек, соңғы бір жылдың ішінде әлемдік тұрғыда қытайдың юані (4,2%) өскенін байқауға болады. Бұдан соң АҚШ доллары (0,3%) өссе, ал еуро керісінше (1,2%) арзандаған. Бұдан шығатын қорытынды бір жыл бұрын бұл валюталарға айырбасталған ақша айтарлықтай өзгермес еді. Міне, валюталар нарығында осындай сауаттылықтар керек.

Ә) Өкінішке қарай капиталды қолма-қол ақша ретінде сақтаған инфляциядан құтқармайды, сондықтан жиған ақшаңыз қалай сақтасаңыз да жыл сайын шамамен 5-7 пайызға құнсызданып отырады. Бұл ішкі нарықтағы қалыптасқан жағдайға байланысты болғандықтан бұдан қорықпау керек.

Б) Қаржыны сақтауда ең бастысы банкті дұрыс таңдап алу қажет. Ақшаңызды рейтингісі жоғары банктерде ұстаңыз да үнемі рейтингтерінің өзгеруін бақылап отырыңыз.

В) Биржада отырған он сарапшының тек қана біреуінің болжамы іске асады. Олай болса сіздің қолыңызда тек қана өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенуіңіз ғана қалады. Сондықтан сіздерге ұсынарым – ақшаларыңызды: 30-30-40 қағидасымен сақтаған жөн. Бұл дегеніңіз 30 пайызы – доллар; 30 пайызы евро немесе юань – қалған 40 пайызы теңге. Теңгеге басымдық беру себебі ұлттық валютамыз ретінде ақша-несие саясатын жүргізу қажеттілігі туындайтындықтан заңдылық бойынша осылай ету маңызды. Жиған тергеніңіздің 40 пайызы міндетті түрде ұлттық валютада болуы тиіс. Бұл сенімділікті арттыра түсетін тәсіл.

Қарлығаш Зарықханқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір