• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
13 Желтоқсан, 19:55:02
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

30 Қазан, 2019 Саясат

Тоқаев Назарбаевты біртіндеп тықсырып жатыр ма?

«Ақорда» мен «кітапхана» арасындағы «текетірес», көзқарас қайшылығы туралы пікірлерді ауық-ауық әлеуметтік желілерден көзіміз шалып жүр. Бұл пікірге қарсы тараптың «елді бір адам басқарып тұрғанда қандай текетірес болсын» деген уәжі де орынды сияқты. Десе де, тұңғыш президент тұсында бастау алған кей жоба, бастамаларды екінші президенттің сынап, өміршеңдігі мен тиімділігіне күмән келтіріп, олқылығын әшкерелеп жатқанына куәміз. Қоғамда үлкен дау тудырған «Көк-Жайлау» мәселесіне күні кеше ғана Қ.Тоқаевтың нүкте қоюы – соның бір көрінісі ғана.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Көк-Жайлау шатқалында тау-шаңғы шипажайын салу идеясын Bonita Grou компаниясы Нұрсұлтан Назарбаевқа сонау 2002 жылы таныстырып, Елбасының батасын алған болатын. Алайда инвестор табылмағандықтан жоба кейінге қалдырылды. Арада тоғыз жыл өткенде Назарбаев бастамасымен Алматының сол тұстағы әкімі Ахметжан Есімов пен индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құрылысты бастау жөнінде шешім қабылдады. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, қаржы да бөлінді. 2015 жылы қаржы тапшылығына байланысты құрылыс уақытша тоқтатылды. Шығын оңтайландырылып, жоба ауқымы 9 есеге қысқарды. 2017 жылы жұмыс қайта жанданып, жол, электр стансасы, кәріз коллекторының құрылысы басталды. Жобаға наразы табиғат жанашырларының қарсылық акцияларына құлақ түргендер аз болды. Енді міне, Қ.Тоқаевтың бірауыз сөзі бар мәселені шешпек.

Тоқаевтың сын садағына ілінген тұңғыш президенттің кезекті «туындысы» – латын негізді қазақ әліпбиі. Бірнеше мәрте түзетуден кейін мақұлданған соңғы үлгінің өзінде даулы таңбалар жетерлік еді. Десе де ол Елбасыға ұнады. Кемшіліктер барын тілтанушы ғалымдар ашық айта алмады. Тек сыбырлап қана «барға базар», «бұған да қанағат», «көш жүре түзелер» дескен-ді. Президенттің таяудағы «Қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр» деген мәлімдемесінен кейін іштей қыстығып жүрген ғалымдардың даусы қайта шыға бастады. Бәрінде көпе-көрнеу кемшіліктер түзетілер деген үміт оты жанғандай.

Ел тарихындағы даулы жобалардың қатарындағы елордадағы жеңіл рельсті трамвай желісін ерекше атап өтуге болады. Құрылысына қыруар ақша жұмсалған жобаның әлі жартысы да бітпеген. Сондай-ақ LRT-ны салу барысында өрескел қателіктерге жол берілгені анықталды. Оны президенттің өз аузынан естідік:

"Білуімше, сәулетшілер мен мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлік жүйесімен бір тәулікте жүретін жолаушылардың саны 146 000 адам болады. Бұл – болжам. Алайда қазір дәл осы маршрутпен, яғни әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін тек 2 000 адам ғана жүреді. Мен сіздердің жолаушылар санын 70 есеге қалайша арттыратындарыңызды түсінбей отырмын. Мәселенің басын ашайық. Бар қашықтығы 22,5 шақырым, ал оның бойында 18 бекет жоспарланған. Сонда бұл LRT-ны не үшін салып жатырмыз? Арасы 1 шақырымнан асар-аспас 18 бекет болса. Біз ондай қашықтықты жаяу қыдырып-ақ жүре аламыз ғой. Мұндай жобаның қалайша қабылданып кеткенін мен түсінбеймін» деген Тоқаев жобаны енді аяқтаудан басқа амал қалмағанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осы істі тергеуді күшейтуді, шешім қабылдаған әкімдік басшыларын тексеруді тапсырды. Бұл істі тергеуге негіз жоқ емес. Белгілі болғандай, осы тағылеттес әлемдік жобалардың дені елордалық желіден анағұрлым арзан, ауқымы кең болып шықты. Ал осы күнге дейін қомақты қаржы жұмсалып, құрылысы әлі аяқталмаған жобаның негізгі инвесторы Назарбаевтың немересі, Дариға Назарбаеваның тұңғышы Нұрәли Әлиев болған деген инсайдерлік дерек бар.

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев есімімен қатар аталатын ұғым болса, ол – ел кіндігі елорда. Оның кескін-келбеті, сәулеттік ерекшелігі, даму бағыты тікелей Елбасының араласуымен айқындалып келді. Астананы тұңғыш президенттің төл перзенті дейтіні де содан. 23 наурыздан бастап «Астана» атауы келмеске кетіп, қала «Нұр-Сұлтан» аталғаны белгілі. Оған Қ.Тоқаевтың бастамашыл болғаны да белгілі. Ал жуырда ғана президент астанада «біріңғай қалақұрылысы саясаты, көшелер мен ғимараттардың бірыңғай гармониялық стилі жоқ. Бір ғимарат бір стильде, екіншісі мүлде басқа. Ең бастысы – жайлылық жоқ» деп сынады. Осылайша, бір кездері Назарбаевтың мақұлдауымен тұрғызылған құрылысты жанама түрде болса да талғамсыз дегенге келетін ой айтты.

Бұдан бөлек, мемлекеттік аппараттың Тоқаев айналасына шоғырлануы, оның ел арасындағы абырой-беделінің артуы, президенттің ұлттық холдингтер мен квазимемлекеттік компанияларға шүйлігуі «ақорда» мен «кітапхана» арасына сызат түсірді деушілер бар.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір