• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 21:30:46
Алматы
+35°

2006-2008 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімі «Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қазақ тілінің ұлттық және мемлекеттік тіл ретінде негізгі даму үрдістері мен бағыттары» бағдарламасы аясында ф.ғ.д. Қ.Күдеринованың жетекшілігімен «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері мен даму жолдары» атты іргелі зерттеу жұмысы жүргізілген болатын. Зерттеуде қазақ мәдени өмірінде қолданылған  жазу түрлері, жазу түрлерінің ерекшеліктері, даму жолдары қарастырылды. Аталмыш жоба бойынша қазақ жазуының теориясы көне түркі, араб, төте, латын, орыс графикасы бойынша тұжырымдалды. Қазақ қоғамында қолданылған әліпби түрлері мен ұстанылған емле ережелері талданып,  болашақ латынәліпбилі қазақ жазуының емлесі қандай болмақ деген сұраққа да жауап іздестірілген болатын. Осы мәселеге байланысты (2008 жылы) академик Р.Сыздық өзінің қорытынды есебінде латын жазулы қазақ емле ережелерінің жобасын жасауда ескерілетін негізгі талаптар мен ескертулерді атап өткен болатын.

Ғалым өз сөзінде «Соңғы 15-20 жыл барысында үздіксіз айтылып, ауық-ауық белсене кірісіп кетіп отырған іс-қарекетіміз – бүгінгі қолданылып отырған жазу – кириллицаны өзге жазу – латынға ауыстыру проблемасы екені аян. Бұл жазуға арналған емле ережелерінің қазіргіден өзгеше болады (болуға тиіс екендігі)... Дәл қазір оның баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілген жоқ» деген-ді. Шындығында да,  ғалым айтып өткендей, орфографияны болжау үшін әліпби қажет. Ғалымның бұл сөзінен әліпби дұрыс болса, орфография да дұрыс болмақ дегенді де түсінуге болады. Жоғарыдағы  ғалымның «емле ережесі қазіргіден өзгеше болмақ» деген сөзіне де ерекше назар аудару қажет деп білеміз. Біздіңше, латын әліпбиіне көшу тек әріп ауыстыру емес, бұл түбегейлі тілдік реформа.

2018 жылдың ақпанында жаңа әліпби бекіп, осы жылдың қаңтар айында жаңа емле мақұлданды. Емленің алғашқы жобасы Ұлттық комиссияда мақұлданып, алғашқы жобасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Емле ережесі жарияланған күннен бастап, қазақ жазуының болашағы ғылыми ортада қызу талқыланды. Қызу талқыға негіз болған тілдік проблемалар туралы бұдан он жыл бұрын профессор Рабиға Сыздық өзінің  іргелі зерттеу қорытынды есебінде емле ережесін екшеуде негізге алынатын концептуалды ойларын жазған болатын. Қазақтың маңдайалды грамматологының концептуалды  ойлары қазіргі кезде орфограммаларды жаңа емле бойынша кодификациялауда аса құнды  болады деп сенеміз (Ескере кетерлік жайт, жарияланымға беріліп отырған материал Р.Сыздықтың келісімімен берілді. Ереже мәтіні 2008 жылы жазылғанымен, жарияланбаған).       

Профессор Р.Сыздық біріншіден, «латынәліпбилі жазуда қазақ тілінің өзіне тән ерекше (ұлттық) дыбыстардың таңбалары (ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң) түгел болуға тиіс. Бұл жағдайда осы әріптердің жазылуына байланысты емле баптары негізінен сақталады, тек иллюстративтік материалдары (мысалдары)  өзгертіліп, қысқартылып, толықтырылып берілуі мүмкін» деген сөзіндегі «қазақ тілінің өзіне тән ерекше дыбыстардың таңбалары түгел болуға тиіс» деген ойы әліпби құруда ең маңызды принцип болып табылады. Проф. Р.Сыздық көрсеткендей,  жаңа емледе әріптердің емлесіне қатысты біршама баптар кириләліпбилі жазудағы дәстүрді сақтады.  

Екіншіден, проф. Р.Сыздық «Кириллица мен емле жазуына бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары да негізінен сақталады, яғни қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жазылуына байланысты бірді-екілі өзгеше баптар мен ескертулер болуы мүмкін» деп арнайы көрсетеді. Ғалымның бұл болжамы ақталып отыр. Жаңа емле ережелерінде ғалым көрсеткен тараулар жазу практикасында қиындық туғызған мәселеге байланысты жаңарды.

Үшіншіден, «Кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсеткен.    Айта кетерлік жайт, Р.Сыздықтың «бөгде тіл» деп отырғаны  шеттілдік сөздер.  Жаңа емледе  шеттілдік сөздерге қосымша жалғануына байланысты көп болмаса да өзгерістер бар. Мысалы, «Сөз соңындағы -нг әріп тіркесі ń әрпімен жазылады, қосымшалар үндестік заңына сәйкес жалғанады: boýlıń (-niń, -ge, -i, -der), brıfıń (-niń, -ge, -i, -der), reıtıń (-niń, -ge, -i, -der)» деген жаңа ереже   кирилден өзгеше. Кириләліпбилі қазақ жазуында брифингіге болса, латынәліпбилі жазуда brıfıńge.

Проф. Р.Сыздық  «кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады» деп көрсетеді.  Қазіргі кезде  емле ережелерін кодификациялау барысында  осы  проблема ең үлкен әрі айтыс-тартыстарға негіз болып отырған  басты проблемалардың бірі. Бір топ ғалымдар шеттілдік сөздер  айтылым заңдылықтарына негізделіп жазылу керек десе, екінші бір топ ғалымдар  кириләліпбилі жазу бойынша қалуды жөн деп санайды. Р.Сыздық өзінің зерттеуінде  шеттілдік сөздер дәстүрлі нормамен жазылу керек дей отырып «сөз басында не соңында келетін екі дауыссыз дыбыстың не алды-артынан ы, і әріптері жазылмайды. Мысалы, prezident (pіrezidenіt,  не pіrezident емес), student (іstudent, ystudent istudenіt емес), sport (ьsport емес), kristal (kіristal емес),  matros (matьros емес), març (?) (бұл сөздегі ш дыбысының  латынша таңбасы әзірге дәл жазылып тұрған жоқ) (marьç емес), traktьr (tьraktьr емес)» деп көрсетеді. Жаңа емлені екшеу барысында  шеттілдік сөздерді қазақ тілінің заңдылығына бағындыру не кирилдегі базалық норманы сақтап жазу мәселесі пікірталастарға негіз болып отырған ең негізгі мәселе.

Р.Сыздық «Бөгде тілдік (араб, парсы, орыс) сөздерде қазақ тілінің үндестік заңдары сақталмайды, яғни жуан-жіңішке  болып келетін аралас буынды сөздердің орфограммасы орын алады. Сингармонизм заңдылықтары кейбір біріккен сөз, қос сөз сияқты қазақ сөздерінде де сақталмайды. Мысалы, бүгін де кириллицамен көгал, келсап, бесатар, баспасөз, Гүлшат, Ерболат түрінде аралас буынды жазылып жүрген сөздер латын әріптерімен осылайша үндестік гармониясы жоқ аралас буынды болып жазылатын болады».  Ғалымның бұл пікіріне толық  қосыла отырып, үндесім табиғаты төл сөздермен байланысты деп айтқымыз келеді. Ал шеттілдік сөздердің барлығы бұл табиғатты (заңдылықты) толығымен  қабылдай алмайды. Бұған дәлел,  орыс тілі арқылы кірген  сөздер ғана емес, әбден сіңісіп кеткен араб-парсы тілінен енген кітап, мұғалім  сияқты сөздерді де жатқызуға болады. Шеттілдік сөздердегі екі дауыссыз аралығында, қатаң дауыссыз дыбыстардың алдынан не соңынан естілетін ы мен і дыбыстарын қалдырмай таңбалау  сөздің түрлі жазылымына әкеледі. Латынәліпбилі жазуға көшкен әзербайжан тілінде шеттілдік сөздерде естілетін дәнекер ы, і дыбыстары барлық позицияда таңбаламайды. Шеттілдік сөздердегі  е, и  дыбыстарын әзербайжан тіліне икемдеуде е-ні – і әрпіне, и-ді – і-ге алмастырады.  Мысалы: министр – minister, печенье – рicine.  Ал естілген барлық жерде ы мен і әрпін жазбайды. Мысалы: пластик –  plastik, шпион –  şpion, шплинт – şplint, шпон – şpon, шпонка – şponka, литр – litr, хлор – xlor,  дендрит – dendrit, дендролик – dendroliq, дендрометр – dendrometr түрінде жазылады. Айта кетерлік жайт,   Р.Сыздық  өзінің  емле жобасында ц әрпін  тс, сөз басында с әрпімен жазуға болады деп  синк (цинк), аксиа (акция), еволутсиа (эволуция), ратсиа (рация)  мысалдарын береді.  Қазіргі емледе  ц әрпі барлық позицияда  s әрпіне алмастырылады деп берілген. Сонда  вице-президент сөзі  жаңа латынмен vise-prezident болмақ. Әзербайжан тілінде тағылымын ескерер болсақ, онда барлық позицияда s әрпі,  бірақ  вице-министр  сияқты сөздерде тc әріп тіркесі  арқылы vitse-minister жазылады деп көрсетілген. 

Емле ережелерін кодификациялау барысында  сөздердің соңғы буынындағы екі дауыссыз дыбыс арасында келген о дыбысының жазылуына байланысты  көзқарастар екі түрлі. Бірі  қазақша айтылым бойынша директор,  профессор, автор  сияқты сөздердегі о әрпінің орнына  ы әрпін  жазу керек  десе, екінші  бір тобы бұл пікірге  келіспей докторантура  сияқты  сөздерді мысалға келтіре отырып,  бұл ереже барлық позицияға сәйкес келмейді, сондықтан  бұрынғы жазу дәстүрі бойынша -тор формасын  сақтау керек дейді. Ал  проф. Р.Сыздықтың  бірнеше жыл бұрын жазылған зерттеуі бойынша екпін түспейтін сөздерде ы болып жазылуы керек деп көрсеткен екен.  Мысалы: redaktьr (redaktоr емес), автыр (аvtor емес). «Қазақ сөздеріндегі о дыбысы соңғы буындарда келмейді, біріккен сөз, қос сөздерде келсе, ол өзгертілмей о түрінде жазылады: қолма-қол (қолмақыл емес), аяқдоп (аяқдып емес). -қой, -қор жұрнағымен келген сөздерде де соңғы буындағы о дыбысы өз қалпында айтылады: әзілқой (әзілқый емес), шайқор (шайқыр емес). Осы заңдылықты білетін, бірақ орыс тіліндегі айтылуын білмейтін қазақтар avtor, redaktor деп, соңғы tor буынын ашық толық айтуы мүмкін. Бұл тәрізді ереже ерекшелігі сөздерді дұрыс жазумен қатар, дұрыс айтуға да септігін тигізуі үшін алынуы тиіс» деп көрсеткен болатын. 

Сонымен қатар  ғалым қазақ әліпбиінен алынған әріптерге (я, ю, ц, щ, ь, ъ...) арналған жеке баптар емле ережесінде көрсетілуі тиіс,  бұл  өзге тілдік сөздердің дұрыс жазылуы үшін аса маңызды болмақ деп санайды. Қазіргі кезде жаңа емле ережелерін әзірлеу барысында әліпбиден алынған шеттілдік кірме элементтердің  жаңа ережеде  арнайы баптар арқылы берілмеу керек деген пікірлерге Р.Сыздықтың  бұл концептуалды тұжырымы жауап бола алады  деп ойлаймыз.  Әзірленіп жатқан Ереже баптары «өтпелі кезеңдегі» ереже болғандықтан  я, ю, щ, ц  сияқты әріптердің жаңаша жазылымы  жеке-жеке ереже баптары арқылы берілуі тиіс деп білеміз.

Ғалым өзінің емле жобасында «ІІ Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы» атты тараушада  б, в, г, д әріптері сөздің басында, ортасында және орыс тілінен енген сөздердің соңында жазылады деп көрсетеді. Қазіргі кезде осы мәселеге байланысты  пікірлер бар.  Кейбір ғалымдар шеттілдік сөздердің жазылымы толық «қазақилық» сипат алуы керек, қазақ тілінің заңдылығы  толық сақталуы керек деп   шеттілдік сөздердің соңында келетін б, г әріптерін жазбай, оның орнына  қазақ тілінің айтылым заңдылығына сәйкес  п, к дыбыстарына алмастыру керек дейді. Мысалы: клуб сөзін кылуп, педагог сөзін педагок т.б.  Р.Сыздықтың пікірінше, шеттілдік сөздердің түбір тұлғасы  сақталуы керек. Себебі  шеттілдік сөзге қосымша жалғанғанда  негізгі фонеманың түрін жазбай айналып кетпейтініміз хақ. Мысалы, педагок болғанымен, педагокика болмайды, клуп болғанымен клупына болмайды.  Бұл ереже  қазіргі қабылдану алдында тұрған жаңа емледегі ережемен үндеседі. Сонымен қатар ғалым сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу дыбыстарын білдіретін әріптердің бірі түсіріліп жазу  керектігі туралы ережесі қазіргі жаңа емледегі ережемен сәйкесетінін көрсеткіміз келеді. Ғалым «§18.  Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиясы бойынша, ал қазақ әліпбиінен шығарылған әріптермен келген сөздер ол дыбыстардың таңбасын алмастыратын әріптермен  жазылады. Мысалы: вагон, гидрологийа, биологийа, комитет, агроном, агротехника, педагог, медитсина, спорт, хирург, конститусиа, клуб, кино, радио, адвокат, ракета, молекула, буджет, кредит, банк, транш» дей отырып, осы ереженің ескертуін былай береді: «сс, лл, кк, тт сияқты біркелкі екі әріппен келген кірме сөздердің соңындағы қос әріптің біреуі түбір түрінде де, қосымша жалғанғанда да  түсіріліп жазылады. Мысалы: прогрес – прогреске, метал – металдар, грам – грамы, бал (баға) – бес балдық жүйе, Донбас – Донбастан».

Төртіншіден, тіл білімінде ауызша және жазбаша тілдің өз нормасы мен жүйесі болатынын, сондықтан оларды бір-біріне айналдырып алып қолдану керектігін өзінің жазуға қатысты еңбектерінде дәлелдеген Р.Сыздық  жазба тіл мәтінін сол қалпы қайталамай, ауызша тіл тезіне салып оқу керек дейді. Ғалым осы концепциясы негізінде «-йы, -йі дыбыстар тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -и жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына  бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, баиды емес), кейі+й+ді – кейиді (кейійді, кеиді емес), оқы+й+ды  - оқиды (оқыйды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), мойы+й+ды – мойиды (мойыйды, моиды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес)деп көрсетеді. Жаңа емле ережелерін саралау барысында кейбір ғалымдар  ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -й жұрнағы жалғанғанда,  негізгі түбір сақталып жазылу керек деген пікір айта отырып, оқыйды, ірійді деп жазуды ұсынады. Біздіңше,  «түбірді сақтау» жазылым жүйесі қабылданар болса, -й дыбысына бітетін етістіктерге жалғанатын тұйық райдың жұрнағы мен көсемшенің жұрнағын қабылдайтын буынның да түбірі сақталуы  керек. Сонда  қи емес – қыйу, жи емес жыйу болмақ.  Ал ый немесе ій арқылы жазу не жазбау мәселесі 1920-жылдан бастап  қазіргі кезге дейін талқыланып келеді.  Бұл қазақ грамматологиясының ең өзекті  әрі  бірбайламға келмеген проблемаларының бірі. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, кирил әліпбиіне көшкеннен кейін орыс графикасы негізіндегі қазақтың жаңа әліпбиі мен орфографиясы жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторы С.А.Аманжоловтың басшылығымен жасалып, емле ережесінің тақылауға ұсынылған ресми нұсқасы 1953 жылы газет бетіне жарияланды. 1956 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде   Е.Қуанов  өзінің «Қазақ алфавиті мен орфографиясын жетілдіре түсейік» атты  мақаласында  қиын/қыйын,   жиын/жыйын, құриды/құрыйды  сияқты жазылымының нормалануына тікелей ықпал еткен  оқу-педагогика баспасының редакторы Р.Сыздық деп көрсетеді.

 Сонымен қорыта айтқанда, жоғарыдағы санамалап көрсетілген  мәселелерді  профессор Р.Сыздық  жаңа латын жазулы емленің ең негізгі көңіл аударылатын сәттері деп санайды.  Орфографиялық қағидалардың толық кодексін түзген кезде орфография саласының дамуы мен қалыптануына бірнеше жылдарын жұмсаған,  қазақ грамматологиясының негізін қалаушы,  қазақ тілінің дұрыс  жазу қағидаттарының қыр-сырын, оның қат-қабаттарын саралап, емле заңдылықтарын  ғылыми тұрғыда жүйелеген ғалым апайымыздың жоғарыдағы концептуалды  ойларын емле ережесін бекіту барысында естен шығармауымыз керек деп ойлаймыз. 

Латын жазулы қазақ емле ережелерінің жобасын жасауда ескерілетін негізгі-негізгі талаптар мен ескертулер

Сыздық Р.

Тіл мәдениеті бөлімінің    бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы 15-20 жыл барысында үздіксіз айтылып, ауық-ауық белсене кірісіп кетіп отырған іс-қарекетіміз – бүгінгі қолданылып отырған жазу – кириллицаны өзге жазу – латынға ауыстыру проблемасы екені аян. Бұл жазуға арналған емле ережелерінің қазіргіден өзгеше болатыны (болуға тиіс екендігі) жоғарыда айтылды. Дәл қазір оның баптарын тізіп толық кодексін ұсыну қиын, өйткені алдымен графиканың қазақ тіліне сай нақты әліпбиі түзілген жоқ. Әр алуан теориялық негіздерге сүйеніп жасалған (ұсынылған) нұсқалар баршылық. Солардың ең  дұрысы таңдалып, түпкілікті қабылданнан кейін ғана оның емле ережелері түзіледі. Сондықтан әзірге латын жазуының орфографиялық тәртібін түзуде ең басты назар аударылуға тиіс тұстарды (ұсыныстарды) атаумен шектелуге тура келеді.

1. Бұл графикада қазақ тілінің өзіне тән ерекше (ұлттық) дыбыстардың таңбалары (ә, ө, і, ұ, ү, қ, ғ, ң) түгел болуға тиіс. Бұл жағдайда осы әріптердің жазылуына байланысты емле баптары негізінен сақталады, тек иллюстративтік материалдары (мысалдары) сәл өзгертіліп, қысқартылып, толықтырылып берілуі мүмкін.

Кириллица мен емле жазуына бірдей келетін тақырыптарға қатысты емле баптары да негізінен сақталады, яғни қос сөздердің бөлек жазылатын сөздердің, бірге жазылатын сөздердің, шылау сөздердің, бас әріптің жазылуына қатысты ереже баптары көп өзгермейді. Тек бөгде тілдік сөздерге қосымшалардың жазылуына байланысты бірді-екілі өзгеше баптар мен ескертулер болуы мүмкін.

Кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздердің, әсіресе интернационалдық қордан келген ғылыми-танымдық терминдердің жазылуы, кириллица жазуындағы емлесінен өзгеше болады, олардың «орысша» орфограммасы мүлтіксіз сақталмайды. Бірақ фонетикалық-графикалық тұлғасын (бітімін) мүлде өзгертіп, қазақтың сөйлеу тіліндегі айтылуынша «қазақыландырылып» та жазылмайтын ереже баптары болады.

а) сөз басында не соңында келетін екі дауыссыз дыбыстың не алды-артынан ы, і әріптері жазылмайды. Мысалы, prezident (pіrezidenіt,  не pіrezident емес ), student (іstudent, ystudent istudenіt емес), sport (ьsport емес), kristal (kіristal емес),  matros (matьros емес), març (?) (бұл сөздегі ш дыбысының  латынша таңбасы әзірге дәл жазылып тұрған жоқ) (marьç емес), traktьr (tьraktьr емес).

ә) бөгде сөздердің соңғы буынындағы екі дауыссыздың арасында келген о дыбысы екпін түспейтін сөздерде ы болып жазылады. Мысалы: redaktьr (redaktоr емес), автыр (аvtor емес). Қазақ сөздеріндегі о дыбысы соңғы буындарда келмейді, біріккен сөз, қос сөздерде келсе, ол өзгертілмей о түрінде жазылады: қолма-қол (қолмақыл емес), аяқдоп (аяқдып емес). -қой, -қор жұрнағымен келген сөздерде де соңғы буындағы о дыбысы өз қалпында айтылады: әзілқой (әзілқый емес), шайқор (шайқыр емес). Осы заңдылықты білетін, бірақ орыс тіліндегі айтылуын білмейтін қазақтар avtor, redaktor деп, соңғы tor буынын ашық толық айтуы мүмкін. Бұл тәрізді ереже ерекшелігі сөздерді дұрыс жазумен қатар, дұрыс айтуға да септігін тигізуі үшін алынуы тиіс.

б) кірме сөздер мен бөгде тілдік сөздерге қазақ тілі қосымшалары жалғануы саласында да азды-көпті өзгешелік болады. Мысалы, бөгде тілдің соңындағы к, г дыбыстары мен бль,брь, кль сияқты жіңішкелік белгісімен келетін  сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жіңішке дауысты дыбыспен жалғанады деген ереже нақтылана түсуі мүмкін;

в) қазақ әліпбиінен алынып тасталған әріптер келетін өзге тілдік сөздердің жазылуында осы әріптердің орнына жүретін табалдырық жазылуына арналған жеке-жеке баптар болады.

Жаңа латын әліпбиімен жазу емлесінде де сөздің екінші, үшінші буындарында ерін үндестігі сақталмайды, бұрынғыша езулік дауыстылары жазылады: qulьn (qulun емес), qudьq (quduq емес) күmіs (куmуs емес). Бірақ бұл жерде дәстүрлі принциппен жазылатынына байланысты ескертулер орын алады.

Бөгде тілдік (араб, парсы, орыс) сөздерде қазақ тілінің үндестік заңдары сақталмайды, яғни жуан-жіңішке болып келетін аралас буынды сөздердің орфограммасы орын алады. Сингармонизм заңдылықтары кейбір біріккен сөз, қос сөз сияқты қазақ сөздерінде де сақталмайды. Мысалы, бүгін де кириллицамен көгал, келсап, бесатар, баспасөз, Гүлшат, Ерболат түрінде аралас буынды жазылып жүрген сөздер латын әріптерімен осылайша үндестік гармониясы жоқ аралас буынды болып жазылатын болады.

Бұл көрсетілгендер – жаңа латын жазулы емленің ең негізгі көңіл аударылатын сәттері. Орфографиялық қағидалардың толық кодексін түзген кезде, сөз жоқ, жеке өзгешеліктер, толықтырулар, ескертпелер болуы әбден мүмкін. Біз жаңа емленің жобасына сілтеген пікірлерімізді, нақты ережелерді рет-ретімен, оған келтірілетін иллюстративтік материалды жазып көрсетуге бара алмай отырмыз, өткені әрі әліпби түзіліп қандай болатыны белгісіз. Мысалы, қазіргі  ұ, ү, ә, ө, о, ң, ғ, ж, қ әріптерінің қазақтың әліпбиіне жаңа латынша нақты қалай берілері белгісіз (бірнеше нұсқаның қайсысынан қандай таңба алынатынын әзірге білмейміз). Сондықтан мысалдарды шамамен 1929-1940 жылдары қазақ жазбасында қолданылған латын таңбаларымен көрсетіп жаздық. Сол себептен біздің жаңа латын емлесін түзуде ескерілетін жалпы шартты нұсқауларымыз деп қабылдау қажет болар.

 

Қазақ әліпбиі

                                        (қысқартылған нұсқасы)

 

Баспа түрі

Кіші әріп

Әріптердің аты

Бас әріп

 

 

А

а

а

Ә

ә

ә

Б

б

бы

В

в

вы

Г

г

гі

Ғ

ғ

ғы

Д

д

ды

Е

е

е

Ж

ж

жы

З

з

зы

И

и

и

Й

й

шолақ и

К

к

кі

Қ

қ

қы

Л

л

лы

М

м

мы

Н

н

ны

Ң

ң

ың

О

о

о

Ө

ө

ө

П

п

пы

Р

р

ыр

С

с

сы

Т

т

ты

У

у

у

Ұ

ұ

ұ

Ү

ү

ү

Ф

ф

фы

Х

х

хы

Ч

ч

че

Ш

ш

шы

Ы

ы

ы

І

і

і

 

Қазақ тілінің емле ережелері

І. Әріптердің емлесі

І  Дауысты дыбыс әріптерінің қолданылуы

1. а, ә, о, ө, ү, ұ, ы, і әріптері жалаң дауыстылардың, ал у, и әріптері ый, ій ұу, үу деген қосынды дауыстылардың таңбасы болып жұмсалады. Мысалы: ки (айтылуы – кій), киім (айтылуы – кійім), қи (айтылуы – қый), қиын (айтылуы – қыйын), жиі (айтылуы – жійі), жинақ (айтылуы – жыйнақ), сурет (айтылуы – сүурет), шумақ (айтылуы – шұумақ).

2. а, е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазылады. Мысалы: ал, қала, шағала; ер, ересек; ыс, бақытты, айыр, қатысты, қорыту, құмырсқа, жапырақ; іс, білімді, көкірек, үкімет, әсіресе, мәжіліс.

 Ескерту.  а) Сөз басындағы ж, ш дыбыстары мен и дыбысының ортасында келген а дыбысы көбінесе жіңішке ә болып айтылады, бірақ а әрпі жазылады. Мысалы: барлық мағынадағы жай сөзі және оның туынды тұлғалары (жай сөйлем, жайыңа жүр, жай түсті, дастарқан жайды, жайғызу, жайбарақат, жайдан-жай, жай-жапсар, жай-күй, жайлы орын, жайсыз тиу, жайлап айту), шай (шай іш, шайға кел), шайы (шайы орамал).

ә) Сөздің алғашқы буынындағы не алдыңғы буындарындағы жіңішке айтылатын (естілетін) ә дыбысының орнына а әрпі жазылады: ләззат (айтылуы – ләззәт), рәсуа (айтылуы – рәсуә), Жәмила (айтылуы – Жәмилә), Фәрида (айтылуы – Фәридә), тәкаппар (айтылуы – тәкәппар).

Екі буынның ортасындағы дауыссыз дыбыстардың түйіскен жерінде ы, і дыбыстары айтылса, араларында ы, і әріптері жазылып,  сөз үш буынды болып танылады. Мысалы: топырақ, жапырақ, үкімет мағына, мәжіліс, қатынас, қағілез, құдірет, көкірек, әсіресе.

Қазақ орфографиасы  ұстанатын принсиптердің бірі – дәстүрлі принсип бойынша емле, мемлекет, сахна, сіңлі, қаңлы, мұңлы сияқты 5-10 сөз араб, латын жазулы кездерден бергі келе жатқан дағдымен араларына ы, і әріптерін салмай жазылады.

3. ә, о, ө, ұ, ү әріптері жалаң сөздердің бірінші буындарында жазылады. Мысалы: ән, әнші, сән, дәлел, дәрігер; орын, жолаушы; өлең, көлем, көбелек, төртеу; ұлы, құлын; үндеу.

Бұл әріптер біріккен сөздер мен қос сөздердің екінші сыңарларының басқы буындарында да және бөгде тілдік сөздерде жазылады. Мысалы: Есенәлі, дәрі-дәрмек, тәлім-тәрбие; Қызылорда, Талдықорған, жөн-жосық, өте-мөте; басқұр, қаламұш, жазғытұры, кешқұрым, тарс-тұрс; бүрсігүні, еңбеккүн, сәйгүлік; кино, трикотаж, трилогиа.

Ескерту. ә, ұ, ү әріптері кейбір араб, парсы сөздерінің және жалқы есімдердің екінші буындарында жазылады. Мысалы: сірә, кінә, күнә, куә, іңкәр, күмән, шүбә, зәмзәм, мүсәпір, дүдәмал, Күләш, Күләнда, Мүтән, Күләй; мағлұм, бұлбұл, мақұл, байғұс; мәжбүр, әңгүдік, дүлдүл.

4. и әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) түбір сөзде де, туынды сөзде де жіңішке естілетін жалаң и дыбысының және жуан естілетін қосарлы ый, ій дыбыстарының таңбасы ретінде и әрпі  қолданылады. Мысалы: иіс, иін, ине, имек, илеу, тиын, тиін, қиын, киін, сирек, сирақ, ти, тиімді, тиіс, жиналыс, тарихи, сайаси, йағни, ылғи, қағида, ақиқат, Иса, Иманбай, Әли, Сағира, Қалима, Кәлима, кино,  кредит, комиссиа, идейа, иероглиф;

ә) бұрынғы я, ю әріптерінің орнына йа, йу әріптері жазылады. Мысалы: тақиа, дариа, дүриа, сиа, қиа, миа, Әсиа, Ғалиа; қиу, жиу, тиу.

 Ескерту. Қосарлы ый әріптері тек сый, тый, мый сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, сыйу, сыйады, тыйым, тыйылу, тыйу, тыйады, мыйғұла, мыйсыз.

б) йы, йі дыбыстар тіркесі мен ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге көсемшенің -и жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына  бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: байы+й+ды – байиды (байыйды, баиды емес), кейі+й+ді – кейиді (кейійді, кеиді емес), оқы+й+ды  - оқиды (оқыйды емес), ірі+й+ді – іриді (ірійді емес), суы+й+ды – суиды (суыйды емес), мойы+й+ды – мойиды (мойыйды, моиды емес), шірі+й+ді – шіриді (шірійді емес), құры+й+ды – құриды (құрыйды емес);

в) и дыбысына бітетін  етістіктерге жалғанатын тұйық райдың -у жұрнағы  мен көсемшенің -а жұрнағы  тікелей жалғанады. Мысалы: и – иу, ки – киу, жи – жиу; қи –қиады, жи – жиады.

5. у әрпі мынадай орындарда жазылады:

а) түбір сөзде де, туынды сөзде де бірде жуан, бірде жіңішке естілетін дауысты у дыбысының, сондай-ақ дауысты дыбыстан бұрын және кейін келетін үнді у дыбысының таңбасы ретінде қолданылады. Мысалы: су, гуіл, у, жуа, қуат, уыз, қалаулы, селеу, тіреу, түйреуіш, уәде, дәулет, дәуір, шу-шуледі, шулады, гу-гуледі, тулады;

ә) ы, і дыбыстарына бітетін етістіктерге тұйық райдың -у жұрнағы жалғанғанда ы, і дыбыстары түсіріліп жазылады. Мысалы: оқы – оқу, тоқы – тоқу, жібі – жібу, ірі – іру, суы – суу;

б) у дыбысына бітетін етістіктерге тұйық райдың -у жұрнағы жалғанғанда оның түбірі өзгертілмей жазылады. Мысалы: сау – сауу, бу – буу, ту – туу, қу – қуу, ау – ауу, жу – жуу;

6. Орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздерде ғана жазылатын э, ë әріптерінің орнына е, йо әріптері жазылады: економика, етика, естетика, дует, еволутсиа, експорт, електр, пулемйот, Пиотр.

7. Бұрынғы ю әрпінің орнына йу қосар таңбасы жазылады. Мысалы: айу, ойу, кейу, көркейу, айуан, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа, қиуаз. Орыс тілінен енген сөздерде йу дауыссыз дыбыстан кейін келгенде дара у әрпі жазылады. Мысалы: буджет, полус, лукс.

8. Бұрын я әрпі жазылған сөздерде йа, йә әріптері жазылады: а) сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін қосынды й+а дыбыстарының орнына қолданылады. Мысалы: иәки, йағни, қойан, тайақ, айа, майа, сайа, қиа, сиа, тұйақ, сайақ;

 ә) Орыс тілінен енген кейбір сөздерде дауыссыз дыбыстардан кейін келген я әрпінің орына ә әрпі, дауысты дыбыстан кейін және сөз басында келген сөздерде йа қосар әріппен жазылады. Мысалы: отрәд, снарәд, аккумуләтр; йадро, йахта, йарус.

ІІ Дауыссыз дыбыс әріптерінің қолданылуы

9. б, в, г, д әріптері, негізінде, сөздің басында, ортасында және орыс тілінен енген сөздердің соңында да жазылады. Мысалы: байқа, хабар, гүл, әдет, вагон, авиасиа, клуб, штаб, актив, пассив, (финанс терминдері), педагог, округ.

10. ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, ч, ф, х, ш әріптері сөздің басында да, ортасында да, соңында да жазылады. Мысалы: жаз, жақсы, қажет, құж, лаж, заң, сазан, саз, көл, көңіл, қош, шаш, намыс, нан, самал, фабрика, шкаф, әлманах, хат, химиа, рас, ру, рет, лас, лау, лек, көп, жаздым келдім.

11. ң әрпі сөздің ортасында және соңында ғана, ал ғ әрпі сөздің басында және ортасында ғана жазылады. Мысалы: жаңа, аң, таң, ғалым, аға, ағартушы.

12. ф, ч әріптері орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы: физика, кафе, кофе, лифт, сифр, шрифт, чек, очерк.

Ескерту. Қазақтың байырғы сөздерінде және бөгде тілдерден келген сөздерде щ әрпі келген жерде екі шш  және жалаң ш әріптерімен жазылады: ашшы, тұшшы, Шорс. Ф әрпі араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалқы есімдер мен бірен саран жалпы есімдерде де жазылады. Мысалы: Фазыл, Фәрида, Фәтима, саф (алтын), фәни (дүние).

13. й әрпі қысаң ы, і дыбыстарынан басқа дауысты дыбыстардан кейін жазылады. Мысалы: ай, ой, кей, құй, күй, әй, өй, магний, калий, санаторий, ссенарий, коментарий, Маиаковский.

14. Қазақ сөздерінде й, ы дыбысынан кейін сый, тый, мый деген сөздерде ғана жазылады.

15. Х әрпі мынадай орындарда қолданылады:

а) орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы: химиа, хлор, археологиа, бухгалтер, тсех, хирург, зоотехник;

ә) араб, парсы тілдерінен енген кейбір жалпы, жалқы есімдерде жазылады. Мысалы: хал, хат, халық,  тарих, кітапхана, асхана (ондай сөздердің жазылуы емле сөздіктерінде беріледі), Хамит, Ахмет, Халел.

б) ц әрпі тс, сөз басында с әрпімен жазылады. Мысалы: синк (цинк), аксиа (акция), еволутсиа (эволуция), ратсиа (рация).

15. һ дыбысы естілген орындарда х жазылады. Мысалы: қахарман, қахарлы, ехе, гаухар, ух, ахлады, ухледі.

16. Орыс тілінен енген сөздерде айыру және жіңішкелік белгісі ретінде ь, ъ таңбалары келген жерде естілуінше и, ә, ү әріптері жазылады. Мысалы: сиезд, обиект, субиект, әлбом, асфәлт, рүл.

Әміржанова Н.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.к.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір