• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 16:45:24
Алматы
+8°

Тек  балалық шақтағы арманы

орындалғанда ғана адам 

бақытты бола алады.

              Фрейд.

Журналист болып, алашордашы Ескендір Көпжасаров туралы мазмұнды бір дүние жазу менің балалық шақтан арманым болатын. Заман өзгеріп, тәуелсіздік таңы атқанда оның туып өскен жері  Қобдада бұл күндері әкесі Иса және Ескендір атындағы көше де бар. Арада көп жыл өтіп, балалық шақ артта қалып, зейнеткерлікке таяғанда Ақтөбе ҰҚК облыстық басқармасы мені № 3084 Кубжасаров Искадер Исаевичтің (құжатта дәл осылай жазылған) қылмыстық ісімен таныстырды. Ол алашорданың Батыс тобының көрнекті қайраткері, Ойыл уалаятының тұңғыш қаржы министрі, Мұстафа Шоқайдың сенімді көмекшісі болған. "Құпия" грифі соғылған бұл қылмыстық істе ол 1884 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданының №2 ауылында (қазіргі аудан орталығы) туған деп жазылған. 1930 жылдың 20 наурызында оған қатысты РСФСР ҚК 58-13 бабымен қылмыстық іс қозғалып, ол тұтқынға алынған. Қылмыстық тексеру №12 ауыл тұрғыны  Рахмет Шалмановтың Ақтөбе облыстық ОГПУ бөліміне жазған шағымынан басталған, келешекте ол енді Ескендірдің бітіспес жауына айналады. Оның әшкерелеу мақалары тіптен орталық басылымдарда жарияланған.                                                                   

1929 жылдың 22 тамызында жазылған алғашқы арызына сауатсыз Шалмановтың орнына Сүндет  Қортықов қол қойған, өз кезегінде ол да келтірілген деректерді растай кетеді. Арызды Қожахметов деген азамат орысшаға аударған. Арызда былай делінген: "Биыл (1929) маусымның 13 жұлдызында атышулы Көпжасаров Әбдеш (Әбдірашит, Ескендір және Ахмет Көпжасаровтардың кенже інілері. Ескерту автордікі.) мас күйінде менің ұлым Мергенбайды қарумен атып өлтірді. Қазір істі ауданның халық тергеушісі жургізуде. Осы іс басталып, Әбдеш тұтқындалған соң, оның ағасы алашордашылардың басшысы, белгілі атқамінер Ескендір Көпжасаров қасына комсомол мүшесі  Мерғали Жақыповты ертіп алып, бірнеше рет «өлтіреміз» деп қорқытты. Олар екеуі де атышулы Ебес руының Анай бөлімінен, ал біздер аттөбеліндей Кетенің Көпегіміз. Сондықтан да Көпжасаровтар және өзгелер бізді қанаумен келді. Ескендір Көпжасаров пен оның жақтаушысы Мерғали Жақыповтарға шара қолдануды өтінемін. "Келешекте "сауатсыз" Рахмет Шалмановтың Ескендірді әшкерелеу мақалалары тіпті ВКП(б) Қазақстан өлкелік комитеті және ҚазОАК органы "Еңбекші қазақ" және басқа газеттерге басылды. Сөйтіп, қылмыстық іс саяси сипат ала бастады, ал Ескендірдің басына төнген бұлт шоғырлана түсті.

Қазақстандағы ППОГПУ үштігінің қаулысымен 1930 жылдың 22 қырқүйегінде ол РСФСР ҚК 58-10 бабымен концлагерге 5 жылға қамалып, айдалып кетеді (№34/к хаттамасынан көшірме). Бірақ, оның қылмысы нақтылы дәлелденбеген.            

Іске қосымша 25.05.1929 жылғы №482  Ақтөбе қаласының "Степная правда" (қазіргі облыстық "Актюбинский вестник", авт.) газетінің редакциясы а/ақпарат үшін, б/тексеру үшін, в/жауап беру үшін деп, ауыл тілшілері бөлімінің меңгерушісі қол қойған төмендегідей мақала бар.
                

Еңбекшілердің жендеті

Қобда тұтынушылар кооперациясында есепші бар, ол - бұрынғы алашорда әскери қолбасшысы Ескендір деген әлдекім, ол өз бетпердесін "қарапайым қазақ" ретінде жауып жүр. Ал, шындығында, ол әсте де "қарапайым" емес, керісінше, 1918 және 1919 жылдардағы бұрынғы жендет-қолбасшы, ол өз бандыларын Қазақстанда басқарып жүрген болатын. Олар Кеңес үкіметін жақтаушы жергілікті шаруа отрядтарын аямай жаныштады. Басып алған жерлерді жендет Ескендір қанға бояп, аямай жазалады, тұрғындарды адамтүршігерлік қинады. Өзінің қанды жорығымен Ескендір Роповка, Ново-Алексеевка және Бегәлі елді мекендерін жаныштады. Солайша, Ескендір Ново-Алексеевка ауылында Хобда өзенінің мұзы астына  3 шаруа - крестьянинді батырып жіберді. Оның еңбекшілердің жендеті екенін дәлелдейтін өзге де мысалдар бар.                                                                  

Біздер Ақтөбе округтік прокуратурасы тексеру жүргізіп, жендетті Қазақстаннан шеттетуін талап етеміз. Оның қанды істеріне Алексеевка ауылының бұрынғы қызыл партизандары - Дордий Артем, Стукалов Федор,Таран Ефим, Волков Андрейлер толық куә бола алар еді. Оларды Роповский және Ново-Алексеевка поселкалары тұрғындары да қолдайды.

Қол қойғандар: Стукалов Федор, Дордий, Волотко/қолдары/

 Алексеевка поселкасы, Ново-Алексей ауданы

 "Степная правда", №49, 6 тамыз 

                                                                                                                                    "Қобда тұтынушылар қоғамында Көпжасаров Ескендір есепші болып істейді. Өткен өмірінде ол офицер, алашордашы, еңбекші казактарға озбырлық көрсетушісі болған. Ол ақтармен бірге қашып, Каспий өтіп, Ташкентте бірнеше жыл бас сауғалаған, сөйтіп, өткен жылдың алдында туған ауылына аш-жалаңаш болып оралды. Содан бері есепшілік қызметте. Өткен қыста ол әділеттілікке сай дауыс беру құқығынан айрылған болатын, бірақ түрлі жолдармен Хобда ААК оның құқықтарын орнына келтірген. Өткен маусым айында оны тұтынушылар қоғамының мүшелігінен босату мәселесі көтерілген болатын. Бұл шешім қолдау да тапқан болатын. Енді міне, коммунист Қален Төлеуов бұрынғы офицер және алашордашыға жақтасып, мәселе тұншығып қалды.    

 "Біздің кооперацияға ақгвардияшылардың қалдығы қажет пе?"                                                                                                 

Баспасөзде жарық көрген қаралау материалдары ішінде республикалық орталық газет "Еңбекші қазақта" 1929 жылғы 22 қазандағы №226 санындағы мақала қызығушылық тудырады. Онда Ескендірдің Керенский үкіметі тұсында Орал уезінің милициясының бастығы болғанын және өз бағыныштыларымен қызылдарға қарсы болғаны ерекше аталып өтеді. Жаханша Досмұхамедовтың алашорда үкіметі мүшесі ретінде тұрғындардан салық және өзге әскерге мұқтаж нәрселер жинаған. Ал Хобда ауданына қызылдар жақындағанда Ескендір бірнеше жолдастарымен Адай-Жибе Қоңырат арқылы Ташкентке қашып кеткен. Өзінің айтуы бойынша, ол Түркістан Республикасында қызмет атқарған. Енді міне ол жалаң аяқ, жалаңбас босқын түрінде ауылға оралып, Төлеу Дүйсенбаевтан бұзаулы сиыр қарызға алды, одан өзге Байшуақов Жұмағұлдан жылқы, өзге таныстарынан үй жануарларын қарызға алып отыр. Хобда аудандық атқару комитетінде хатшы болып істеп еді, бірақ одан қуып шығарылды. Осындай қысылтаяң кезде ол 20 рубль айлықпен Хобда тұтынушылар қоғамына есепші болып кірді. Хобда болысы аудан болып қайта құрылғанда ААК председателі болып Қараев келген-ді, Ескендір онымен танысып алды. Байларды кәмпескелеу кезеңінде жарлылар жиналысында Қараев Көпжасаровқа жиналыста сөйлеу құқығын берді ("Кедей"газеті, 1928 жыл, ақпан, № (193)31). Бұдан өзге Ескендір байлар сапына кейбір орта шауаларды есепке кіргізіп, оларды малдарын сатуға міжбүрледі. Ол мұнымен де тоқтаған жоқ. Қараевпен достасып алғасын, күш пен қолдауды сезініп, өз жанына Ебес руының Анай бөлімінің пікірлестерін шоғырландыра бастады. Өз руының беделін арттыруды көздеген ол Қараевтың көмегімен кооперация бастығы болып алды.

Сөйтіп, алашордашы Көпжасаровтың соңына орталық газет жарық күнде шам алып қудалауға түскенге ұқсайды, демек, оның жаулары тек Қобдада ғана емес, жоғарыда да болуы мүмкін, не десе де қудалау көрігі қыза түседі. Енді "Еңбекші қазақтың" 1929 жылғы 16-сәуірдегі №(1414)85 санында оның руласы Есжан Бекжаннан кілем алғаны, Қараевты орнынан босатқан соң сайлау өткізуге өкілетті қызметкер Камал Арынғазиев арқылы сайлауға қатысу құқығына қайта ие болғаны туралы мақала басылады.

Одан әрмен Ескендір ауылға Ташкенттен оралған соң, оған Қасен Тілеуовтың және Опа Бейсовтың қол ұшын бергендері, Ескендірдің Нұрғали Бітіковтың, Сағидолла Сарыбаевтың және Ғабдір Темірбайдың үйлеріне жиі қонаққа баратыны жазылған. Олармен бірге әр үйден бір-бір қойдан жеп, арақ-шарап ішетіндері де көзден таса қалмаған. Ол мал дайындаумен айналысып, хазірет Жұмағұл Байшуақовқа көп көмек көрсеткен. Хазіретке астық тапсыру жоспарын орындамағаны үшін 800 рубль айыппұл салынғанда, Ескендір оның малдарын көтерме бағалармен қабылдап, көп қайыр жасаған. Әділ Сейітов, Қасен Мамаев және Әкімгерей Ескендір атқамінердің тумалары және дос-жарандары екен. Олардан өзге Мерғали Тілепбаев, Фазыл Меңдібаев жане Сапар Шоқаевтармен де тонның ішкі түгіндей араласқан алашорда көсемі. Бұлар жөнінде де 1929 жылдың 3 қыркүйегінде Рахмет Шалманов тағы да мақала жазған.
         

Көріп отырғанымыздай, "қызыл террор" тұзағын тарылта түскен, өзге ұлт өкілдерін шебер қолдану, арызқойды қолдау т.б. жоспарлы жұмыстар атқарған.

Енді арызқойлар күстаналап көрсетіп, қорқынышты ОГПУ назарына іліктіріп отырған Ескендірдің айналасындағы адамдарды, олардың ұрпақтарын атасақ артық болмас еді. Табынның Сармантағы Нұрғали Бітіков сол кезде 27 жаста екен. Ол Отан соғысында ең сұрапыл Сталинград шайқасына қатысып, елге аман-сау оралады. Шопан атамыздың даңқы республикаға танымал болды, оның есімі Республикалық Даңқ Кітабына жазылған. Оның ұлы облыстың еңбегі сіңірген азаматы, көптеген орден, медальдардың иегері сексеннен асса да әлі қызмет атқаратын облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Құбайдолла Бітіковтың айтуынша, атамыз өмірінің бұл тұсын мүлдем аузына алмаған екен. Заман солай болды ғой...          

Ебес руынан тарайтын Опа Бейсовтың ұлы Ахмет Бейсович Опин де облысқа танымал азамат болды. Ол да Сталинград шайқасына қатысып, бар-жоғы 48 күнде елге оң қолынан айырылып оралды, өзі тәрбиеленген Хобда балалар үйінде, аудандық комомол комитетінде қызметте болды. "Сталинградты қорғағаны үшін" медалі оны жау шегіне бастаған 1943 жылы Хобдада тапқан болатын. Ол көп жыл оң қолы жоқ болса да, аудандық газетте фототілші болып зейнетке шығып еді, қайынағамызбен өзім де журналистикаға аудандық газетте алғашқы қадам басып едім...

Ескендірдің қасында болып, онымен жақын қатынасқан Сапар Шоқаевтың ұлы Бақтығали Сапарұлы Шоқаев республиканың оқу ісінің үздігі, белгілі спортшы, кезінде аудандық оқу бөлімін басқарған, қазір зейнеткер. Ал, Ескендірмен өте жақын достық қатынаста болған Жұмағұл Байшуақов хазірет туралы ерекше айта кеткен жөн сияқты.

Жақында, 5 қазанда, Хобда ауданының 90-жылдық тойына орай ауданның он шақты діни қызметкерлеріне мешіт алдында ескерткіш белгілер қойылды. Олардың ортасында аса көрнекті діни тұлғалар, Бұхарада діни білім алған әкелі-балалы Жұмағұл хазірет Байшуақұлы және Сағидолла ишан-хазірет Байшуақовтар да бар. Белгілі теолог-тарихшы Исламғали Бітіковтың зерттеулері бойынша, Жұмағұл хазіреттің қызыл тамы, Өтешсайдағы мешітінің орындары әлі сақталған. Ол 1858 жылы дүниеге келген, айтқанымыздай Бұхарада діни білім алған, мешіт ұстап, бала оқытқан. Фарсы және өзге тілдерді меңгерген. 1906 жылы Ресейдің 1-Думасына депутаттар сайлауына хобдалық Бекбан хазірет екеуі қатысқан, ал 1906 жылғы Думаның 2-сайлауы іс қағаздарында оның жасы 48 де деп көрсетілген. Оның әкесі Байшуақ та әйгілі адам болған, бір деректерде оның Досжан хазіреттен тәлім-тәрбие алғаны айтылған. Жұмағұл хазірет  кезінде қуғынға ұшырап, 1934 жылы Ескендір тұтқында болғанда дүниеден өтеді. «Маған достарыңды  айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген осы шығар, Ескендірдің жанында заманының озық адамдары болғаны көрініп тұр. Жұмағұлдың ұлы Сағидолла ишан-хазірет те ата жолын ұстаған діни қызметкер болған, Бұхарада және Уфада діни білім алған, бірнеше тілдер меңгерген. Ол Алға ауданындағы Көлтабанда мешіт ұстап, бала оқытқан. Оның ұлы Құсайын Ақтөбеде тұрады, ішкі істер қызметінің ардагері. Оның еске алуы бойынша, «Елден қысым көрген хазірет әуелі Башкирияны паналайды, ол кезде Құсайын бесікте екен. Соңынан олар Тәжікстанға ағаларына қосылып, Ленинабадқа жақын Калинин колхозында Сағидолла хазірет мешітінте қызмет еткен. Біздер 60-шы жылдары Ақтөбеге оралдық, 1964 жылы қайтыс болған әкемді өз өсиетіне сай әкесі Жұмағұл хазіреттің мешітіне жерледік»,- дейді тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Құсайын ағамыз. Енді әңгімеміздің өзегіне оралсақ, келесі құжат былайша сыр шертеді:

"Ақтөбе облысы, Хобда ауданының халық тергеушісі 14.08.1929 жыл, кіріс құжат №4958. Құпия.

ГПУ-дің Ақтөбе округтік бөліміне. Осымен бірге Хобда ауданы №16 ауыл азаматы Қосуақов Лұқпанның Көпжасаровтың және өзгелердің іс-әрекеттері жөніндегі арызын сіздің қарауыңызға қайта жолдап отырмыз. Қосымша - 4 бетте басылған.

Қобда ауданы халық тергеушісі Сейтқазиев"

Сөйтіп, істе Лұқпан Қосуақовтың арызы пайда болады. Өңірге белгілі Қосуақовтар әулетінің тумасы Лұқпан сауатты адам болған, ол 1901  жылы Жиренқопадағы болыстық орыс-қазақ орта мектебін, Орал кәсіптік мектебінің жылдық класын тамамдаған...

Тергеуші одан да сығымдап өзіне қажет әшкерелеуші, қаралаушы материалдарын алған. Іске өзге де осы райдағы айыптау көрсеткіштері тігілген.

Могилин Афанасий Николаевич, Хобда ПО есепшісі, соғыс мүгедегі, Қызыл Армияда, кеңес мекемелерінде қызмет атқарған, жасы 38де, Полтава губерниясы, Золотонос уезі,  Гренино селосында туған. Ол: «Мен Көпжасаров Ескендірді айнытпай таныдым, онымен 1919 жылы 12 маусымда Қызыл Армия қатарына жігіттерді үгіттеп жүргенімде кездескенмін»,- деген.

1929 жылдың 11 қарашасында Полодецкий Петр Андреевич те жауапталған. Ол жасы 38-де, Херсон губерниясында туған, некеде, 3 баласы бар, 1925 жылдан бері Ново-Алексей ауылдық Кеңесінің хатшысы. Ол былай дап жауап береді: «Мен Көпжасаров Ескендірді 1909 жылдан бері білемін, дәл сол жылы біз Украинадан қоныс аударғанбыз, ал ол Ново-Алексеевкадан 8 шақырымдай жердегі қонысында тұрып жатты. Ол ауқатты жан болатын, біз одан екі жыл жер жалдап алып, егіс салдық. 1914 жылы әскер қатарында жүргенде ағайыным ол 1915-1916 жылдары елді басқарды деп жазған. 1918-жылы ағайыным Михаил екеуіміз әскерден оралдық, үйде демалдық, Астрахановка поселкесінде қызылгвардиялық отряд құрылып, кенже ініміз Василий сонда кірді», - деп жауап берген.

Тергелушілердің жауаптарынан сол кездегі уақиға, заман лебін де сезуге болады. Бұл тұрғыда Ипатий Антонович Будюков өте қызықты деректер беріп, тергеуші оны жазып алған. «1919 жылдың жазында Ойылдан Алашорданың ханы Жаханша Досмұхамедов бізге келді, - дейді ол.- Өзімен бірге ол 12 не 14 крестьяндарды тұтқындап алып келді, олардың ішінде қазақтар, татарлар, орыстар және немістер де болды. Оларды киіз үйге қамап қойды. Мен земская управаның хатшысы болатынмын, ал бастығы - Иван Прокофьев. Оны кешке Хобда өзені бойында киіз үй тігіп қоныстанып жатқан Жаханша Досмұхамедов ханға шақыртты. Онымен бірге мен де бардым, сөйтіп, екеуіміз киіз үй түбінде ішке шақыртуды күтіп отырмыз. Іштегі тұтқындармен болып жатқан сот анық естіліп тұрды. Олардың арасында маған жақсы таныс Ескендірдің де дауысы естіліп тұрды. Сот тұтқындардың бәрін ату жазасына кесті, бірақ хан ортақ шешімге келе алмай кеңесуге Ескендірдің әкесі Иса Көпжасаровты шақыртты. Иса сол кезде ең сыйлы ақсақал саналатын және зор беделге ие еді. Иса қылмыстары толық дәлелденбеген тұтқындарды атпауға кеңес берді.»

Оның сөзіне құлақ асқан Жаханша хан бүкіл материалдарды жыртып тастады. Мұның бәрі бізге естіліп тұрды, себебі сот орысша жүргізілгенді. Олардың арасында орыс офицерлері де болған», - деп жауап берген управа хатшысы.                 .                                                                                              

Реті келгенде Жаханша, Халел Досмұхамедовтармен Ескендір Көпжааровтың Орал реалды училищесінде бірге оқығанын біз тұңғыш рет жариялап отырмыз. Кеңес кезінде училище ең төменгі оқу орны болғасын жете мән бермей жүрсек, патшалық Ресейде мұндай оқу орындарында терең білім беретін болған екен. Училищенің бір дайындау, алты негізгі және бір қосымша сыныптарында 300 адам оқыса, олардың ортасында 18 қазақ балалары оқыған. Олар - Бақтығали Бисенов, Жұмағали Бүйішев, Ескендір Көпжасаров, Жаханша Досмұхамедов, Қожахмет Әзімұратов, Жалмұхамбет Сүйінтұров, Ахметжан Алтышев, Оспан Әзімұратов, Нұрғали Досбаев, Халел Досмұхамедов, Нұрғали Ипмағамбетов, Шабазгерей Күсіпғалиев, Ғали Халилов, Сабыржан Сарыходжин, Ойыл үәлаятының байланыс министрі Ғұбайдолла Бердиев, Сұлтан Тамашев, Молдағали Бекимов және Рабат Молдабаев. Бұл ауыл балаларына жәрдемақыны қазақ старшындары -далалық болыстар төлеп отырған. Бұл оқушылар есімдері болашақта қоғам ортасында жоғалып кеткен жоқ, көпшілігі келешек саяси өмірден өз орындарын тапты.

Бұл тізімдегі Халел және Жанша  Досмұхамедовтардың есімдері баршаға аян. Ойылдық жазушы Сырым Бахтыгереев осы тізімдегі Сабыр Сарықожаұлы туралы, оның Мәскеуде әскери училище бітіргені туралы, генерал-майор, кейбір деректерде полковник болғанын, руы - алаша, туған жері Қалдығайтының төменгі бойы, Қаратөбе елі деп жазады. Сабыр Алашорда үкіметі әскерінің басшысы. Үкімет таратылғаннан кейін елден аластатылды, мұхит асып Англияға кетті, сонда,  дәлірек айтқанда, Лондонда, 1925 жылы қайтыс болды деп жазады.

Енді әскери реалдық училищеде Ескендірмен бірге оқыған өзге жастарға тоқталсақ, олардың басым бөлігін жазушы - жерлесіміз Ғалым Ахмедов өзінің еңбектерінде тілге тиек еткен екен. Мысалы, Бисенов Батырғали (1889-19370) - Оралдан, Саратов университетінің медицина факультетін 1914 жылы бітірген. Ипмағамбетов Нұрали (91883-1920) -Оралдан, СПБ әскери медицина академиясын 1911 жылы бітірген, әскери қызметте болған, 1914 жылғы соғысқа қатынасқан, полковник. 1916 жылы майданға алынған қазақ жігіттері арасында революциялық үгіт жүргізгені үшін Сібірге айдалған, одан төңкерістен кейір қайтқан. Бердиев Ғұбайдолла -Атыраудан, Қазанда мал дәрігері институтын бітірген, Алаштың шілде айындағы съезіне қатысқан, сонда Бүкілресейлік құрылтайға делегат болып сайланған. Ал, Шабазгрей Көсіпқалиевке келетін болсақ, ол мал дәрігері маманы болған, Орал облысы адрес-календарларында оның есімі қызметтес болған Ескендірдің әкесі Иса Көпжасаровпен қатар аталады.

Осылайша, 1929 жыл бойы Ескендір Көпжасаровты алашордашы ретінде Қазақстан баспасөзінде қудалау оны тергеу және жазалау барысын мейілінше тездеткенге ұқсайды.                                                                                                                                                    

ҚАУЛЫ

1930 жылдың 20 наурызында ВОО ОГПУ тергеу бөлімінің бастығы Василий Васильев №32 істі қарап, 1884 ж.т., реалды училищенің 5 сыныбын аяқтаған, отбасында 2 адам бар, қазақ, СССР азаматы, Ақтөбе облысы, Хобда ауданы, №12 ауылда туған, қазір сонда тұратын, құрметті азаматтың ұрпағы /әкесі ірі бай және болыстық басқарма/ Көпжасаров Ескендір Исаевичті жиналған материалдар негізінде әшкереленді деп тапты. Ол 1919 жылдан Алаш Ордада болған, Қызыл Армияда болмаған, керісінше, Алаш Орда армиясында қызмет еткен. Биылғы наурыз айында Хобда халық соты шешімімен ҚК 61 бабы 3 бөліміне және 79 баптың 1 бөліміне сәйкес Алашорданың Батыс бөлімінің Үкіметі құрамында болып, ақ банда ұйымдастырғаны, Хобда ауданы көлемінде Қызыл Армияға қарсы күрескені, қызылармияшыларды жазалағаны үшін 2 жыл бас бостандығынан айырылып, 5 жылға концлагерге жер аударуға қаулы қабылданған.                                                                                                                                   

 58 баптың 108 бөлімімен айыпталған Көпжасаров Ескендірдің                            АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

1930 жылдың 5 наурызында Хобда ауданы Ново-Алексеевка поселкесінен аудандық әкімшілік бөлімі Ақтөбе қаласына бір топ тұтқындалғандарды аттандырды. Қамауға алынғандарды әкімшілік бөлімі көліктерге отырғызар кезінде 100-ге тарта қамаудағылардың туыстары және әусқой жұрт жиналды. Тұтқындалғандарды шана және өзге көліктерге отырғызып, енді жөнелтер сәтте ҚК 61 б. 3б. және 79 б.1б сотталған Көпжасаров Ескендір қоршағандарға қоштасу сөзін сөйледі.

"Жойылсын коммунистер, жойылсын Кеңес үкіметі, біз айыпты емеспіз. Біздің уақыт туады, біз әлі өшімізді аламыз, билік қолымызда болады. Бізді ешкім жеңе де алмайды, суға да батпаймыз, біздерді соттап абақтыға қамау - бос әурешілік" деп, енді осы сөздерді қазақшалап қайталады /41,42,46/.                                                                                                  

Сөйтіп, ол қалаға аттанарда орыс және қазақ тілдерінде тұрғындарды Кеңес үкіметін құлатуға шақырды, осылайша РФ ҚК 58 бабының 10 тармағымен қарастырылған қылмыс істеді, бұл ОГПУ коллегиясының ерекше кеңесінде қаралатын қылмыстар.

Хаттама  23.03.1930 ж. жасалды.

Осылайша, асыл қайраткер Е.Көпжасаров Алматыға 5 жыл Кеңестердің алғашқы концлагерлеріне айдалады.

 

ЖАУАП АЛУ ПРОТОКОЛЫ 

Қасиетті Наурыз мейрамы алдындағы күндер Ескендірге қияметтің көпіріндей болды, үзбестен тергеу жүргізіліп, қисынсыз сұрақтар діңкесін құртты. Кезекті құжат төмендегідей.                                                                                                                 

21 наурыз 1930 жыл                                                                                                                                                                   

Мен, Ақтөбе округтік ОГПУ тергеушісі Василий Васильев айыпталушымен тергеу жұмыстарын жүргізгенде, төмендегіні көрсетті:

...Революцияға дейін Е.Көпжасаров әкесінен 70 жылқы, 25 ірі қарамен, 100 бас қоймен бөлініп шыққан, революциядан кейін 1жылқы, 1сиыр бұзауымен және құлын қалған. Алашорда кезінде  участкелік милиция бастығы болған, Жымпитыдағы Батыс Алашорда үкіметінің қаржы меңгерушісі. Кеңес үкіметі тұсында Түркістен Республиксында және Сырдәрия өлкесінде әртүрлі лауазымдарда қызмет еткен, кейін келе қылмыстық іске Ескедірдің өз қолымен жазған түсініктемесі - өмірбаяны тігілген. Бұл күндері олар өте сирек құжаттарға айналған..

Тарих тәлкегімен осы өзі айдауға бара жатқан концлагерь кезінде Ескендір Көпжасаров қызмет еткен Түркістан Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінін Председателі Асфендияровтың "Түркістан Республикасының Ішкі Істер Комиссариатының Басқармасы бөлімінің еріксіз жұмыстар атқару лагерьлерін құру ережесі" бұйрығымен 1919-1920 жылдары құрылған болатын. (1878 ЦГАрУз, ф1, Оп1, Д46)

Онан әрі қылмыстық істе Ескендірдің өз қолымен жазылған айыпты мойындау, Кеңес Үкіметі кезіндегі қызметі туралы құжаттар тігілген. Бұл құжаттар сол бір қазақ тарихының қайғылы уақиғаларды өз көзімен көріп, өзі қатысқан адамның келешек ұрпаққа сәлемдемесі десе де болар еді. Құжаттар қазіргі көзқараспен жазған адамның білімділігін, саяси оқиғаларға өз көзқарасының барын аңғартады.                                                                            

"Осы істің мәні бойынша көрсетемін: өзімді айыпты деп мойындамаймын, революцияға дейін өз шаруаммен айналысып, ешқандай қызмет атқарған жоқпын. Ал революция басталғанда мен Оралдағы қазақ зиялыларынан қоғамдық істерге араласуға ұсыныстар алдым, бірақ мен бас тарттым, соның өзінде мені Орал уездік милициясының 3-участкесінің бастығы етіп тағайындады. Бұл қызметті мен қабыл алдым, дегенмен, мен өз үйімде тұрып, көбіне қызметтен гөрі, өз шаруаммен айналыстым.                             Қазахияны бұл кезеңде қоғамдық және мемлекеттік ұйымдастыру мәселелері толғандыра бастады және, маған мәлім болғандай, 1918  жылдың басында қатысушы өкілдердің шешімімен құрылған Ойыл үкіметінің маңызы зор болды. Оны құрып, басқарғандар: Досмұхамедов Жанша (қазір Қызылордада қорғаушылар (адвокаттар коллегиясының мүшесі, авт), Досмұхамедов Халил (Қызылордада жеке үйі бар, дәрігер), Құлманов (есімін білмеймін, Бөкейхановтың өкілі) және басқалар (бұл жерде Бақыткерей Құлманов, авт.). Досмұхамедов Жаханша осы үкіметтің басшысы болды, әскери қолбасшы, сыртқы істер және заң шығару мәселелері де оның тікелей қарауында болды. Оны қолдағандар Жымпиты әскери училищесін тәмамдаған офицерлер еді.
        

1918 жылдың жазында бұл үкімет Орал казактарымен (орыстармен) большевиктермен бірлесіп күресу туралы келісімге қол қойды, оған қоса Орал казактары үкіметті әскери киіммен және оқ-дәрімен қамтамасыз етуге, ал Ойыл үкіметі оларға бір эскадрон құрып беруге міндеттенді. Дәл осы кезде Досмухамедов бастаған топ Самараға Комучтен көмек сұрауға барып келген болатын. Самарадан олар өзімен бірге екі автомобиль, көптеген ақша және қару-жарақ алып келді. Онан кейінгі кезеңде киім-кешек пен қару-жарақты Шілік арқылы Орынбордағы Дутовтан алып тұрды.

Кеңес үкіметі орнаған соң Досмұхамедовтар Мәскеуге барып, Ленинге Кеңес үкіметін мойындап, қолдайтындарын жеткізген болатын, ал қайтар жолда Орал казактарымен жоғарыдағы келісімге келген.
         

1918 жылдың желтоқсанында айтылған келісім бойынша эскадронды жинақтап аттандыру кезінде оның әскерлері бүлік шығарып, өздерін большевиктер деп санап, Орал казактары қатарында болудан бас тартты. Оның орнына эскадрон Темір большевиктерімен келісу үшін Ойылға жылжыды. Осы бір қысылтаяң кезде Ойылға шабарман жіберіп, Ойыл гарнизонының Алашорда үкіметіне сенімділігі анықталды (1918 жылы Досмұхаамедовтар Самарадан оралған соң жедел түрде Ойыл үкіметі Алашорданың батыс бөлімі болып қайта құрылған болатын).

Ойыл гарнизоны Алаш Орда жағында болып шықты. Олар Жымпиты отрядына қарсы шығып, Мерғали Оспановтың қолбасшылығымен жымпитылықтарды тас-талқан етіп тұтқынға түсірді.                                                

1919 жылдың ақпанында Қаратөбеде Алаш Орданың уйездік съезі шақырылып, мен Алаш Орданың Батыс бөлімінің үкіметі құрамына сайландым. Ал касса Досмұхамедовтың қолында бола тұра, маған қаржы мәселелерін шешу жүктелді. Мен тек кірістер мен шығыстарды есептеп отырдым. Сол кезеңде өмір мен уақыт соғыс жағдайына бағынды: большевиктердің шабуылын күту, қарауылдар қою, қатарымызға жігіттерді жинау, тағысын тағылар. Салықтар мен міндетті төлемдер, мысалы, жобалай: 50 киіз үйден жылқысы, ат-тұрманы және киім-кешегімен 1 жігіт, крестьян поселкелерінен – 2 жабық арба, жем азығымен 4 немесе 6 жылқы, олардың бір бөлімін Орал казактарына жіберіп отырдық. Бүкіл заңдарымыз патша заманынан сақталып қалған, Үкіметте өз заңдары болған жоқ. Тек қана Орал облысы қырғыздарының 1-облыстық съезінде социал-демократтардың программасын қабылдау туралы шешім қабылданған болатын.                              

1919 жылдың жазында Алаш Орданың басшысы болып табылатын Досмұхамедов 360 жымпитылық жігіттермен Темірге аттанбақ болды. Оларға Шкуновкіде  (Ново-Алексеевка, Хобда. Авт.) ойылдық 100 жігіт қосылды. Оның мақсаты - тұрғындарға өз күшін көрсету болатын, сондықтан тіке жолмен жүрмей, оның жасағы халық тығыз қоныстанған Хобда өзені бойымен жүрді. Мен де үйіме бару ниетімен олармен бірге Шкуновкаға (Ново-Алексеевка) дейін бардым, сөйтіп, туған ауылыма оралдым. Хобда ауданында мен ешқандай адам атаулыға, зорлық-зомбылыққа, тонаушылық және басқа шараларға қатысқаным жоқ. Дегенмен, отряд өзін еркін сезініп, бандитерше тұрғындарды  дойыр және шыбыртқылармен сабап, оларға керек заттарды тартып алуға жол берілді. Мұндайда Досмұхамедов "Не істеуге болады, соғыс жағдайы-ғой" деп көп шара қолданған жоқ. Себебі отрядтағы жігіттердің бәрі Досмухамедов Жаншаның руластары - Байұлынан болатын. Жаншаның оларға көңілі ауып тұратын. Мен ауылымда қалдым да, отряд алға қозғалып кетті. Темірде Досмұхамедов Ж. сонда іс-қимыл жасап жүрген 8-пластун дивизиясының полковнигі Авдеевпен қосылып, теміржол станциясына дейін жетті. Досмухамедовтың (Алаш Орда) штабының бастығы полковник Ераклинцев болатын. Көп ұзамай земство управасы 16 маусымда Ойылда съезі шақырылатынын, салтанатты мереке өткізілетінін жариялады. Мен Ойылға Жаншамен келіскенімдей маусымның 5 күні бардым. 16 маусым күні Ойылда Алаш Орданың Орал облыстық съезі өтіп, Алаш Орда Үкіметі жарияланып, оның көк туы табысталды (тарихшы жерлесіміз Нұржан Жетпісбайдың деректеріне сүйенсек, осы тудың көшірмесі Жымпитыда сақтаулы, авт.) Ертеңіне мені Омбыда жүрген Алаш Орданың Шығыс бөлімшесінің лидері Бөкейхановпен байланыс орнатуға жұмсады. Мен Омбыға келгенімде Ә. Бөкейханов кетіп қалған екен. Майдандағы жағдай қауіпті болатын, қызылдар тез алға басып келетін. Омбы міне-міне тізе бүгуге мәжбүр. Мен тек Орал миссиясы делегаттарымен адмирал Колчактың қабылдауында болып, оған Алаш Орда Үкіметін жариялаған Ойыл съезінің қаулысының көшірмесін және адмиралды Құрметті ақсақал етіп сайлағаны және өзге құжаттарды тапсырып үлгердім. Қабылдаудан соң мен  салт атпен Жилая Коса арқылы кері оралдым. Осында мен Досмухамедовтың большевиктермен қосылып, енді казактармен бірге күресу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын естіп, оның әзәзіл саясатынан көңілім қалып, онымен көріспестен Алаш Ордадағы саяси  жұмыстан мүлдем бас тарттым да Тифлиске жүріп кеттім.

Шкуновкадағы аттандырар алдындағы сөздерімді шыққан сот үкімінің әділетсіздігінен, алкоголь ішу салдарынан айтқан болатынмын. Айтқандарым есімде жоқ.                                 

Е.Көпжасаров /қолы/

21 наурыз1930 жыл 

 

Аяулы Көшім Исмағамбетов ағамыз 2008 жылдың 14 қазанында "Егемен Қазақстан" газетінде Мұстафа Шоқай  Кавказда болғанда өзінің Түркістан мұхтариаты үкіметінің басшысы кезінде көмекшісі болған Ескендір Көпжасаров арқылы  далада болып жатқан уақиғалар туралы хабар алып тұрған деп жазады. Осы жолы да Тифлиске Ескендір ұлы ұстазына ат басын бұрған шығар, кім білген тарих түбіндегі құпияны?!

1929 жылы сол кездегі "Еңбекші қазақ" газеті халқымыздың көрнекті Алаш Қайраткері Е.Көпжасаровқа барынша күйе жақса, енді сол газет ізбасары "Егемен Қазақстан" оның есімін ұлы тарихи тұлғамен қатар атап отыр. Тарихи әділеттілік деген осы шығар.

Енді атақты адмиралмен кездесуге оралсақ... Н.Мартыненконың белгілі "Алашорда" кітабында бұл тарихи оқиға 1919 жылдың 30 тамызында Омбыда шыққан "Правительственный вестник" газетінде жарияланғаны айтылады. Оқиық: "...қырғыздардың өкілі жоғарғы билеушіге қырғыз съезінің жоғарғы басқарушыға құрметті ақсақал атағын беру турлы қаулысын  табыс етті, өзінің  жауап сөзінде жоғарғы билеуші делегацияға алғысын білдіріп, олардың көтерген сұрақтарын жоғарғы билеушінің  кеңесінде тез арада талқыланатынын жеткізді" (144-145беттер). Осылайша аты аталған тарихшы Нұржан Жетпісбайдың облыстық мұрағатта Е.Көпжасаровтың адмирал А.В.Колчакпен кездесуге барды деген құжаттарды кездестіргені шындыққа айналып отыр (Обл. мұрағат, 13 қор, ІV-т, 122 іс)

Большевиктердің тұңғыш концлагерінің алғашқы тұрғындардың бірі Ескендір Көпжасаров өзінің жеке істерін іздестіріп, үкіметтен рахымшылық сұрауға мәжбүр болады.                                                                                            

УРО-ға Казитлагтың тұтқын қызметкері И.И.Көпжасаровтан                                                                                                                               

Арыз

Менің 1921-1929 жылдардағы жеке ісім мен қызмет құжаттарымның көшірмелері ПП ОГПУдың "шығыс бөлімшесінде". Олар менен 1929 жылы тінту кезінде тартып алынған еді. Олардың қажеттілігін ескерте отырып, УРО-дан сол құжаттардың табылу мүмкіншілігін қарап, барлығын менің жеке істеріме біріктіруді өтінемін.

                                                       И.И.Көпжасаров, 23-ақпан 1931жыл.                                                                                                              

Бір ай өтер-өтпесте УРО бастығы Ильинге төмендегідей мазмұнда телеграмма түседі: сіздегі тұтқындағы И.И.Көпжасаровтың қашан және кімдермен сотталғанын хабарлауды өтінеміз.                                                                              

Шапшаңдата телеграмма түскен сол 1931 жылдың 18 наурызында жауап дайындалып, 43 143 белгісімен төмендегідей жауап жіберілген:   

ОГПУ. Қазақстан еңбекпен түзеу лагерлерінің басқармасы. Отд. УРО шығыс №2121/18.03.                                  
         РСО ПП ОГПУ                                                                                                                                                                                  Алма-Ата қаласы.

Сіздің сұрауыңызға тұтқын Искандар Исаевич Копжасаровтың ПП ОГПУ КА ССР үштігімен 22.09.1930 ж. №34 хаттама бойынша 27 тармақ №1098 3с пен 58/10 бап бойынша 5 жылға концлагерге қамалғанын телефон арқылы хабарлаймын.                       

УРО бастығы Ильин.                                                                                                                                                                

Осы Ильин арқылы Ескендірге де жауап берілген:                         &nbs

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір