• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
15 Қараша, 04:21:50
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

06 Қараша, 2019 Саясат

"Мәнізоров ісі" Қазақстанның ақпарат қауіпсіздігі қай деңгейде екенін көрсетті

Айдан атсам уақыттан бері Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың аты-жөні баспасөз беттерінен түсер емес. Әуелі қыркүйек айының соңында оның ұсталғаны, қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланды. Артынша бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылды, 18 қазанда қамауда емес, демалыста делінді. 29 қазанда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Мәнізоровқа қатысты істі тоқтатып, әкім орынбасары 30 қазанда қызметіне оралды. Ал жемқорлыққа қарсы күрес қызмет агенттігі прокуратураның шешімімен келіспейтінін мәлім етті. Осындай оқиғаларға толы болған "Мәнізоров ісі" туралы ресейлік ақпарат айдынында да аз жазылмапты. Кей сайттар іс материалдарын жариялап, расталмаған деректерді таратқан.

"Мәнізоров ісінің" барысы, оның не үшін ұсталып, қалай босағаны туралы "ақпарат" берген morkovka.org, seychas.infobagnet.orgkompromat1.live сынды бірнеше сайт дереккөз ретінде қазақстандық regtv.kz порталындағы Игорь Садыков атты журналистің мақаласына сілтеме жасаған. Бұл сайт Қазақстанда бұғатталғанға ұқсайды. Оған VPN арқылы ғана кіру мүмкін. Журналист Алматы облысы әкімі орынбасары ісінің барысын тергеу материалдарының көшірмесіне сүйеніп жазған. "Журналистік зерттеудегі" бейтараптық туралы айтудың өзі артық. Мақала толықтай негативті-эмоционалдық ауанға, қаралауға, расталмаған пікірге толы. Ал құпия құжаттардың оның қолына қалай түскені белгісіз. Әдетте журналистерге қандай да бір мағлұмат беруде сараңдық танытатын құқық қорғау органдарының өкілдері тұтастай тергеу материалдарының желіге тарап кетуіне жол беріп қойғанын неге жорырымызды білмейміз. Аталмыш құжаттың бірсыпырасы, дәлірек айтқанда Мәнізоровқа о баста тағылған айыптың құжаттары ресми мәлімдеме жасалмастан бұрын JEXENNEWS телеграм-каналында "қыдырып" жүргені де белгілі.

Тақырыпқа қатысты болған соң айта кетелік, Қазақстанда кейбір мемлекеттік ведомстволардың баспасөз қызметі мен ақпаратты жедел тарату ұғымы біріне-бірі кереғар түсінік пе деп қаласың. Голливуд фильмдеріндегі басты кейіпкер жауларды жалғыз жайратып болған соң, "уиуылдап" жететін полицейлер сияқты біздегі ресми мәлімдемелер де оқиға болып, өтірік-шыны аралас сөз тарап, әлеуметтік желілер шулап, қоғам дүрліккенде барып қана беріліп жатады. Ал ақпаратты жедел таратуда әлеуметтік желілерге, оның ішінде телеграм-каналдарға жетер жүйрік табылмай тұр бүгінде. Ресми қабылданған шешімдер жарияланбастап жатып, оның мазмұны аталмыш әлеуметтік желідегі ресурстарды шарлап кетіп жатқанын үнемі көріп жүрміз. Бұл – әуелі мемлекеттің ақпарат саясаты саласындағы оперативтіліктің жетіспеушілігі мен ішкі құжаттардың жылыстау деректерінің тыйылмай отырғанының көрінісі. Соңғысының алдын алу тәсілдерінің бірі ретінде мемлекеттік қызметкерлерге смартфон ұстауға тыйым салынуының көмегі көп болмады. Айтпақшы, Мәнізоровқа қатысты істің тоқтатылғаны жөнінде алғаш @yyedilov телеграм-каналында хабарлағанын айта кеткен жөн болар.

Жә, ақпараттық қауіпсіздің мәселесіне оралалық. Шетелдік сайттардың жерден жеті қоян тапқандай қазақстандық шендінің ісі туралы жарыса жазуының астарында нендей мақсат-мүдде бары анықталуы қажет. Олардың Қазақстанның ішкі мәселелеріне араласып, мемлекеттік құжаттарды жариялайтындай, ақпарат кеңістігіне еніп, ресми расталмаған деректерді тарататындай қандай алты аласы, бес бересі бары да зерделенуі керек. Мейлі ғой, жазса, жазсын. Оларға қақпақ болар жайымыз жоқ. Бірақ расталмаған дерек таратып, бейтараптылықты сақтамай, жаппай қаралап жазылған "журналистік зерттеуді" жариялап, соған жақтасуы кемі кәсіби әдепсіздік. Ал Мәнізоровтан бөлек, жоғары шенді – Ахметжан Есімовке, ҚР бас прокуротурасына күйе жағуы құқықтық жауапкершілікке тартуға тұрарлық айыптаулар.

Мақалада орынсыз жала жабудан бөлек, деректер бұрмаланып, жаңсақ пікір қалыптастыруға тырысушылық байқалады. Бағдат Мәнізоровтың үлкен саясатқа келгенге дейін табысты кәсіпкер болғаны айтылмай, оның иелігіндегі меншікті шенді болған тұста жемқорлықпен тапты дегенге саятын ой жеткізіледі.

Бағдат Мәнізоровқа қатысты осындай ауандағы әңгімелердің көбі оның 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі болған кезеңіне қатысты айтылады. Алайда 2008 жылы жаңадан құрылған Алатау ауданындағы шаш етектен болған шаруаны әкімнің мейлінше оң шешкенін сол жақтың тұрғындары жақсы біледі. Нақты цифрға келсек, Мәнізоров әкім болған тұста ауданда 9 мектеп ашылып, білім ошақтарындағы шамадан тыс артып кеткен жүктеме азайтылды. 4 жаңа емхана бой көтерді. 51 шақырым жол салынып, 20 шақырым жол жөнделді. 158 983 шақырымға арық салынып, 3,7 шақырым арық жөндеуден өтті. 100 шақырымдық электр желілері тартылып, 78 шақырымы жөнделді. 331 шақырым көшеге жарық жүргізілді. Аудан аумағының 95 пайызы газбен қамтамасыз етілді. 74 шақырым су жүйесі, 24 шақырым кәріз жүйесі жүргізілді. "Ақбұлақ", "Алғабас-6", "Саялы" ықшамаудандары салынып, "Нұркент", "Ақкент" тұрғын-үй кешендері тұрғызылды.

"Алматы Арена" мұз айдыны, атлетикалық ауыл, "Алатау" дәстүрлі өнер театры, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы да Мәнізоров тұсында салынған ғимараттар. Аудан аумағына кіретін "барахолкадағы" базарлар зауанауи кейіпке еніп, "Өжет", "Арлан", "Қазына", "Кенжехан-2" базарлары, "Алатау", "Домиллион", "Магнум", "Арзан" сауда орталықтары  салынды. Бүгінде Алатау ауданында үлкен қарқынмен дамып келе жатқан индустриялдық аумақтың қазығы осы кезде қағылып, алғашқы жобалар жүзеге асырылды.

Ең бастысы – 5 400 заңсыз, өз бетімен басып алынған жер телімдерінің заңдастырылуына мұрындық болып, аудандағы жер мәселесі 95 пайызға шешілді.

"Мәнізоров ісіндегі" ақ-қараны анықтау – құзырлы органдар еншісіндегі шаруа. Біздікі тек мемлекеттік құжаттардың жылыстауы, шетелдік ақпарат көздерінің Қазақстанның ақпарат айдынына ықпалы, елдің ішкі ісіне араласуы секілді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерге назар аудару. Бұл іске мемлекеттік қырағы көзқарас, биліктің назары керектігін айту.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір