• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:01:35
Алматы
+35°

Бүгінде жол құрылысына мемлекет тарапынан бөлініп жатқан көңіл аз емес. Бұл бағытқа бағытталған «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі» сынды мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Соның есесінен елді мекендердің еңсесі тіктеліп, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалуда, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Соңғы уақытта елімізде республикалық немесе аудандық маңызы бар жолдар ғана емес, ауылішілік жолдарға да ерекше мән беріліп келеді. Осының бір дәлелі ретінде Жамбыл облысының шалғай Қордай ауданындағы ауылдардың да көше жолдары реттеле басталды.

Мәселен, Қақпатас ауылында С.Мейірман көшесі мен Д.Қонаев және А.Құнанбаев көшесінің екі арасы жөнделіп, асфальт төселді. Сонымен қатар, округке қарасты Беріктас ауылындағы Төле би және Т.Сақалова көшелері де жөнделді. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жұмысты «Нұрлы жол» ЖК ойдағыдай атқарып шыққан.

– Ойлы-шұңқырлы көшемен жүрудің салдарынан көлігіміз жиі бұзылып, одан қалса мектепке баратын балаларымыз көктем-күз айларында лай жермен жүретін еді. Енді міне тақтадай түзу асфальт төселді. Өте қуаныштымыз. Басшылыққа айтар алғысымыз шексіз, – дейді Қақпатас ауылының тұрғыны Асхат Тулымбаев.

Ауылдық округ әкімідігі қызметкерлерінің айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасатын болады. Мысалы жақын арада бірнеше көшені жарықтандыру жұмысы қолға алынбақ.

Бұдан бөлек, қордайлықтар асыл тұқымды мал басы арттыруда да ауқымды іс қылуда.

Мал бағу – қазақтың ата кәсібі. Енді осы кәсіпті заман талабына сай бейімдеу оның жаңа қарқынмен дамуына септігін тигізері анық. Қақпатас ауылдық округінде сүтті бағыттағы ірі қара өсіретін шаруалар көп. Сондай-ақ, үй іргесінде асыл тұқымды ірі қараны өсіріп жүрген азаматтар да бар.

Беріктас ауылының тұрғыны Алмас Данышпанов осыдан екі жыл бұрын тәуекел етіп, 10 бас «Швед» және «Галстин» тұқымды ірі қараны сатып алып, қорасына кіргізген болатын. Бұл асыл тұқымды ірі қара жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Дұрыс күтім жасаса, күніне 25-30 литр сүт беретін ойсыл қара тұқымын баптау да оңай емес. Алмас Данышпановтың айтуынша, асыл тұқымды мал өсіру үшін біраз уақыт қажет. Үлкен күш-жігер жұмсап, үздіксіз жұмыс істемейінше, нәтиже шығару қиын. Десе де, қиындыққа мойымайтын азамат бұл істі мықтап қолға алып, бүгінде малдан төл алып жатқан жайы бар. Бүгінде сауылған сүтті жергілікті кәсіпкерлер жақсы бағамен алуда. Келешекте сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап жатқан азаматтың кәсібі берекелі боларына күмән жоқ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір