• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:28:09
Алматы
+35°

Қалалық әкімдікте шаһар басшысының орынбасары Е.Бабақұмаровтың төрағалығымен мегаполистің мемлекеттік емес медициналық ұйымдары басшыларының қатысуымен жиын өтті. Мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық барысы қаралды, деп жазады әкімдіктің ресми сайты.

Ержан Бабақұмаров МӘМС-тің енуіне толық техникалық дайындықтың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде бүкіл ел бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

– Қазіргі таңда ТМККК шеңберінде көмек көрсететін барлық 92 жеке меншік медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер орнатылды. Алайда, Денсаулық сақтау және әлеуметтік сақтандыру жүйелерімен интеграциялау процесі толық аяқталған жоқ, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

2018 жылы наурызда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №127 Бұйрығымен медициналық ақпараттық жүйелерге (МАЖ) қойылатын ең төменгі талаптар анықталды. Басты талаптардың бірі – Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінің интероперабельді болуы.

– Әзірлеушілердің көбі өз міндеттемелерін орындамады. Осының салдарынан солардың жүйелерін орнатқан медициналық ұйымдар бүгінгі күні МӘМС форматында жұмысқа дайын емес, – деді Ержан Бабақұмаров.

Бұл ретте ол 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін МӘМС енгізуге барлық медициналық ұйымдардың толық техникалық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары жеке медициналық ұйымдардың медициналық қызмет көрсету стандарттарын аккредитациялау жұмысын жеделдетуді тапсырды. Кеңесте цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев пен ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК Алматы филиалы директорының орынбасары Камила Файзуллина сөз сөйледі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір