• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 00:27:08
Алматы
+35°

Шу ауданының Сауытбек ауылы мен Шу қаласының Батыс мөлтек ауданында жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Сән-салтанаты жарасқан сәулетті ғимараттың бой көтеруімен облыстағы имандылық үйлерінің қатары толыға түсті. Көк күмбезі көк тіреген Алланың жердегі үйінің бірінің құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған екен. Алайда қолдың қысқалығынан мешітті уақыттылы пайдалануға беру мүмкін болмаған. Жалпы екі мешітті де ауыл тұрғындары өз күштерімен тұрғызған. Мешітке қажетті құрылыс материалдарына тұрғындардан ақша жиналған, ал оның құрылысына ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай атсалысқан. Тек Сауытбек ауылынан бой көтерген мешіттің құрылысына осы елді мекенде туып-өскен жеке кәсіпкер Жақсығұл Диқанбаев көмек қолын созған.

Күндердің сұлтаны жұмада ашылған Сауытбек ауылындағы мешітке құт тілеген ауыл жұртшылығы кәсіпкер Жақсығұл Диқанбаевқа ат мінгізіп, шапан жапты. Ал кәсіпкер де өз кезегінде қарап қалмай құрылыс жұмыстарына атсалысқан ауылдастарына сый-сияпат жасады. Келесі сәтте мешіттің жанынан киіз үйлер тігіліп, ас таратылып, Құран оқылды. Соңынан көкпар тартылып, 1 миллион теңге жүлде қоры жеңімпаздарға берілді.

Келесі күні ашылған Шу қаласының Батыс мөлтек ауданындағы жаңа мешітке Кәрібай молда есімі берілді. Кәрібай молда осы өңірде алғашқы имам болған, діни ілім таратқан ұстаз.

Исламның игілік жолын насихаттап, барша жамағатты Жаратушы хақ Тағалаға ғибадат етуге шақыратын қос мешіттің ашылуымен құттықтап облыстың бас имамы Қанат Жұмағұл мен аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков келіп, тілектерін білдірді.

Дәл бүгінгідей дін мәселесіне айрықша назар аударылған тұста тұтас қоғамды имандылық пен ізгілікке шақыратын мешіттердің көптеп салынуы қуантарлық жай. Әрі оның құрылыс жұмыстарына ауыл-аймақтың түгел қатысуы ағайынның басын біріктіріп, сауапты іске жұмылдыра алған ауыз біршілікті аңғартады. Қалай десек те халықтың дінге сенімінің нығаюы, дінге құрмет көрсету санамыздың азамат етілгенінің анық белгісіне айналды. Өз кезегінде бұл діни орындар ұрпақ санасына Ислам дінінің бар асыл қасиетін сіңіріп, имандылыққа баулитын орынға айналатындығы еш күмән туғызбайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір