• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 11:06:55
+35°
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды akorda.kz.
 
Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелеріне арналған форум жұмысына өңірлер мен облыстардың басшылары, салалық мемлекеттік органдар мен екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Президенті Форумның мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған игі дәстүрге және толыққанды механизмге айналғанын, өткен жылдардағы ынтымақтастықтың нәтижесі осының айқын дәлелі екенін атап өтті.

– Өзара сауда-инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай кеңейді. 2003-2018 жылдар аралығында сауда көлемі 3,5 есе ұлғайды. 2018 жылы тауар айналымы 6,5 триллион теңгеден асты немесе 19 миллиард АҚШ долларына жетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретін шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

– Шекара маңы аймақтарының инфрақұрылымдық әлеуетін кеңейту және дамыту қажет. Қолданыстағы инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс бар. Құрылған трансұлттық дәліздерді, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» және «Солтүстік – Оңтүстік» мегажобаларын ескере отырып, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту керек. Бүгінде өткізу бекеттерін кеңейтіп, қосымша бірнешеуін ашу қажеттігі туындап отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді, сондай-ақ, Қазақстан астанасында Бауман атындағы университеттің базасында физика-математика мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдады. Сәйкесінше, Ресейдің шекаралас аймақтарының бірінде «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» филиалын ашуға болады деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында экологиялық проблемаларды шешудің маңыздылығын айта келе, келесі өңіраралық форумды 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізуді, сондай-ақ, оның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» деп атауды ұсынды.

Форум қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

– «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасы;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасындағы Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі арасындағы Жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қостанай облысының әкімдігі мен Челябі облысының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім;

– Павлодар облысының әкімдігі мен Қорған облысының үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Павлодар облысының әкімдігі мен Ресей Федерациясы Новосібір облысының әкімшілігі арасындағы 2019-2021 жылдарға арналған сауда-экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;

– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен «Ресейдің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау банкі» акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір