• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 18:16:50
Алматы
+35°

2017 жылы ақпанда "Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен Алматыда қамауға алынып, жеті айдан кейін сот үкімімен бостандығы үш жылға шектеліп, босап шыққан оппозициядағы белсенді, тәуелсіз журналист Жанболат Мамай өзін қайтадан "полиция қамауы мүмкін" деп күдіктенеді. Бұл туралы ол бүгін, 9 қарашада Facebook-тағы парақшасында мәлімдеді. 

Мамайдың айтуынша, 9 қараша күні күндіз сағат 14.00-де оның үйіне Алматы облысы Қарасай ауданы ішкі істер бөлімінің пробация қызметкерлері келіп, сол  уақытта үйінде болмауына байланысты туыстарына жазбаша ескерту тастап кеткен. Кейін, кешкі сағат 20.30 шамасында Мамайдың үйіне пробация қызметкерлері тағы келіп, 11 қараша күні пробация қызметіне келу туралы шақырту қағазын берген. Белсендінің сөзінше, пробация қызметкерлері берген шақырту қағазында 11 қараша күні өзінің "бостандығын шектеу" жазасына байланысты мәселе қаралатыны туралы жазылыпты. 

Мамай өзіне жасалған ескертудің заңсыздығын және пробация қызметіне шақыртылуын саяси белсенділігін шектеу үшін билік тарапынан жасалынып отырған әрекет екенін айтты. 

"Бұл - тап-таза саяси астары бар, саяси негіздегі қысым деп білемін. Өйткені мен пробация қызметінде 2017 жылдың 29 қыркүйегінен бастап бақылауда тұрмын. Бірақ осы уақытқа дейін мені бірде-бір рет күндіз үйіме келіп тексерген емес, сенбі, жексенбі күні күндіз келіп тексерген емес. Тексерсе, кешкі 22.00-ден кейін (яғни заң бойынша мен сол уақытта үйде отыруым керек) тексеретін. Дәл осы күні тексеріп, дәл осы күні келгеніне қарағанда, бұл - саяси астары бар қысым. Мен әлі де заң бойынша пробация қызметінің тіркеуінде болуым керек болатын. Маған көктемде бір рет «Политон" клубын жүргізді деп бір ескерту берді, Енді тағы бір ескерту берілетін болса, (ол ескерту берілетін сияқты дүйсенбі күні) онда мені қайтадан түрмеге қамауы мүмкін" - деді Мамай өзінің Facеbook арқылы жасаған мәлімдемесінде. 

Бұрын "Саяси қалам - "Трибуна" газетін басқарған журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамай 2017 жылы ақпанда "Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деп айыпталып, 2017 жылдың қыркүйегінде шартты жазамен босатылған. Сот оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған. ​

16 қазанда Жанболат Мамай жаңа оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Қараша айының басында Мамай оппозициялық пария құрғалы отырған бастамашыл топпен бірге 2-8 қараша күндері Қазақстанның батыс өңірін аралап, жақтастарымен кездеспек болған. Бірақ 1 қарашада Алматы облысы Қарасай ауданының пробация қызметі оған қаладан шығуға тыйым салған. 

 

♦Оқи отырыңыз: Жанболат Мамай: Тоқаев та, Назарбаев та популизммен айналысып отыр


"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір