• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:54:22
Алматы
+35°

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауынан туындаған міндеттер Жамбыл облысында да жүйелі жүзеге асуда. Әсіресе, мәдениет саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың сөзіне сүйенсек, келесі жылдан бастап ұлттың өнері мен руханиятына еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау еселене түсетін көрінеді.

–Жолдаудағы біз үшін ең маңызды жаңалық-Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айта келіп, ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шешімі. ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген жалпыұлттық іс-шаралар Жоспарының 67-тармағын жүзеге асыру бойынша мәдениет және архив саласы қызметкерлерінің (3 065 адам) жалақысына еңбек өтілі мен лауазымына қарай 2020 жылдан бастап 35 пайыз қосылатын болады. Алайда 35 пайыз қосымша жалақы тек А блогы мен В блогы қызметкерлеріне ғана тиесілі. Ал С, D блогындағы және техникалық персоналдарға қосымша төлемақы қарастырылмаған. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралуда. Өз тарапымыздан да нақты ұсыныстарымызды жеткіздік.

Жалпы өңірде мәдениет саласында С блогында 295 (бухгалтер, заңгер, бағдарламашы, референет және өзеге де), D блогы бойынша 92 (хатшы, музей қызметкерлері және басқа да), 899 техникалық (күзетші, қызмет үйін тазалаушы, аула сыпырушы, көлік жүргізушісі) персонал қызмет етеді, – деген Дүйсенәлі Дыбысалыұлы келесі кезекте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының салада жемісті жүзеге асып жатқанын айтып өтті.

Бағдарлама жүзеге аса бастаған 2009 жылдан бері өңірге мәдениет саласы бойынша 98 маман тартылған екен. Жетпіс жеті қызметкерге 9 миллион 458 мың теңге көтерме жәрдемақы төленсе, қырық маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Баяндамашы әсіресе ауыл мәдениетінің мәуелей түсуіне үлкен септігін тигізіп отырған бағдарламаның алдағы уақытта да табысты жүзеге аса беретініне сенім білдірді.

–Мәдениет саласындағы маман тапшылығын жоюдың бірден-бір жолы-музыка мектебін ашу. Бұрын музыка мектептері болатын. Бірақ кейін барлығы өнер мектебіне айналды. Өнер мектебінің ауқымы кең болғанымен кәсіби маман дайындай алмайды. Сондықтан да алдағы уақытта кәсіби деңгейдегі мамандарды дайындайтын музыка мектебін ашудың қажеттілігі туындап тұр. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы да аталған мәселеге айрықша назар аударып, қала әкіміне хаттамалық тапсырма берген болатын. Қазіргі уақытта мектепке ғимарат қаралып, аймақ басшысының тапсырмасына сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер ғимарат табылса Жаңа жылдан бастап музыка мектебі өз шәкірттерін қабылдай бастайтын болады.

Мәдениет саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қамту да өте өзекті мәселе. Үкімет тарапынан қабылданған нақты бір бағдарлама болмағаннан кейін мәселенің түйінін тарқатуға қиынға соғып тұр. Дегенмен де кейінгі бес жылда мәдениет саласының бес қызметкеріне пәтер кілті табыс етілді. Екі азаматқа облыс әкімінің қолдауымен, үш азаматқа облыстық филормонияның тапқан табысы ебенінен алынды. Жуырда ғана облыс әкімі мен ҚР Мәдениет және спорт минстрлігі Меморандумға қол қойды. Меморандумда тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Сондықтан өңірдің мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлердің алдағы уақытта пәтер кілтіне ие болып, баспаналы болу бақытына кенелетін уақыты алыс емес деп ойлаймын, дейді Д. Дыбысалыұлы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір