• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:56:54
Алматы
+35°

Кеше Беларусь елінің үкімет мүшелері Ресейдің ұстанып отырған салық саясатынан ел бюджеті 1 млрд доллар шығын көргенін алға тартты. «Оны қайта түзу керек» дейді Александр Лукашенка.

Бұл ретте Беларусь елінің басшысы «Біз Ресеймен Еуразиялық экономикалық одаққа біріккен тұста бірқатар салықтық жеңілдіктерге ие боламыз деп келіскенбіз. Бұл арада бір салада салықтық жеңілдіктер болғанмен, енді бір салада керісінше, жеңілдіктер қарастырылмаған. Осының салдарынан қазіргі уақытта біздің елдің бюджеті шығын көрді. Біз Ресейден алдағы уақытта Беларусь арқылы өтетін мұнай экспортынан түсетін салықты түгел беларусь елінің еншісіне қалдыруды сұраймыз. Осылай мұнайдан түсетін баж салығын бөліспей, өзімізде қалдыратын болсақ, салықтық шығындардың қайтарымы болар еді» деді.

Беларусьтер Ресейге осындай ұсынысты кесе-көлденең тартып отыр. Ал бұл ретте Қазақстанға қайтпек керек?

Экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов, Қазақстанға да бірқатар салықтық жеңілдіктер сұрауға тура келіп отырғанын алға тартты.

«Ресейге 2015 жылдан бері Украинамен арақатынасы шиеленісіп, тұс-тұстан санкциялар салынды. Қазір экономикасы әжептеуір әлсіреген Ресей экономикалық рейтингін жоғалтып алмауы салық саясатынан пайда табуға бел шешіп кірісіп кетті. Осыған орай Ресей импорт-экспорт салығына өзгерістер енгізді. Салықтың бірқатар түрін қымбаттатты. Импорт-экспорт айналымына қатысты салық түрлерін қымбаттату Кеден аясына біріккен елдерге кері әсер етеді. Әсіресе, бұл өнім алмасу жағына кері әсер етеді. Салықты қымбат төлеген өндірісшілер тауар бағасын да аспандата беретін болады. Ендігі кезекте бізге Ресей аясында арзан импорт тасымалдау да қиындай түседі. Сондықтан бізге де өз тарапымыздан салық саясатына қатысты Ресейге ұсынысымызды білдірген жөн», – деді экономист ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Жұмаділда Баяхметов Ресейдің салық саясатына қатысты ұстанған тарифтерімен келісе бермеу керектігін ашып айтып отыр. Маманның байыптауынша, кедендік салықтың 72 пайызы Ресейдің тарифтеріне негізделген. Ал қалған 28 пайызы Қазақстан мен Беларусь елінің үлесіне қалады. «Салықтан түсетін түсімнің басым бөлігі Ресейдің еншісінде қалып отыр. Кедендік Одаққа біріккеннен кейін экспорт-импорт тасымалында ортақ салық жүйесі енгізілген. Бұл жерде Ресей экономикасының шеңбері кең. Олардың нарығы үлкен. Салықтық түсімнің басым бөлігі Ресейге түседі де, ал Қазақстан мен Беларуске салықтан түсетін түсім өте аз. Беларустер сондықтан «елімізді басып өтіп экспортқа кететін мұнай салығы бөліске салынбай түгелдей өзімізде қалсын» деп отыр. Жалпы, Ресейдің салық саясатына қатысты ұстанған тарифтерімен келісе бермеу керек. Бұл ретте өзіндік ұсыныстарымызды айта білген абзал», – дейді Жұмаділда Баяхметов.

Осылайша салықтан түсетін түсім Ресейге ғана тиімді болып отыр.

Бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябекеов:

«Біз қазірде теміржол, газ, жанар-жағармай, азық-түлік бағасын ауыздықтай алмай отырмыз. Мұның барлығы салық саясатымен тығыз байланысты. Мысалы, Ресейдің тарифтерімен ілесеміз деп біз отандық өндірісшілерге салмақ салып отырмыз. Экспорт-импорт қарым-қатынасында салықты өсірген сайын отандық кәсіпкерлер салыққа төлеген ақшасын ақтау ұсынған өнімдерінің бағасын қымбатта береді. Салықты өсіру іскерлік белсенділікке, өнім өндірушілердің шығындарын еселеуге тікелей кері әсер етеді. Сондықтан осы мәселені ойлануымыз керек», – дейді.

Жалпы, Одақ аясында салықтың түрін қымбаттатудың астарында біршама мәселелер қордаланып қалатыны даусыз. Бейсенбек Зиябеков осыған байланысты «болашақта инфляцияны тіптен ауыздықтай алмай қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан отандық кәсіпкерлерге ішкі нарықта салықтық жеңілдіктер қарастырғанымыз жөн» деп отыр.

Қарлығаш Зарықханқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір