• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:52:33
Алматы
+35°

Жуалы ауданындағы №9 Абай атындағы орта мектептің директоры Жанар Өтегенова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есімжан Төлеуішовтың бас болуымен, сонымен бірге бірлігі бекем мектеп ұжымының атсалысуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылып «Асыл сөздің алдаспаны» тақырыбында үлкен іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдері мен музыкалық мұраларын қайта жаңғыртып, насихаттау – шараның негізгі мақсаты болып табылады.

Мерейтойлық іс-шараны мектептің директоры Жанар Өтегенова ашып, Абай мұралары туралы айтып, шараның маңыздылығына аз-кем тоқталды. Келесі кезекте сөз сөйлеген Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев ұлы ақынның есімін иеленген білім ошағының шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіне табыс тілей отырып, мектепке Абай Құнанбайұлының кілемге бейнеленген портретін тарту етті. Аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Ұзақбай Құрманбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова Абай мұраларының мәңгілік екенін, сонымен бірге басқа да еңбектерінің жас ұрпаққа берері мол екенін баса айтты. Айта кету керек, ақынның тойына аудан мектептері директорларының орынбасарлары да арнайы келіп, шараны тамашалады.

Ұлы ойшылдың 175 жылдығына арналған шара мектептің акт залында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталатын бөліммен жалғасын тапты. Кеш барысында өлең мен қара сөзге жақын мектептің бірқатар озат оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды. Ал аудандық, облыстық жыр додалары, сонымен бірге «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтыстың, сонымен бірге Әзімбек Жанқұлиев атындағы облыстық жас ақындар айтысының жүлдегері Әуесхан Үркімбаев ұлы ақынға арнаған өлеңін оқып беріп, қара домбырамен ән әуелетті. «Көңілім әнді ұғарсың…» бөлімінде Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері жанды дауыста орындалды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылып «Асыл сөздің – алдаспаны» тақырыбындағы іс-шараның ұйымдастырылуы мен өту барысын басынан-аяғына дейін тамашалаған аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары жоғары бағалап, мектеп ұжымының жұмысына сәттілік пен табыс тіледі. №9 Абай атындағы орта мектептің директоры Жанар Өтегенова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған ірілі-ұсақты шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын, оқу кабинетінен ұлы ақынға арналып музей жасақталып жатқанын қуанышпен жеткізді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір