• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:55:31
Алматы
+35°

Өңірдегі медициналық ұйымдарға толықтай медициналық ақпараттық жүйеcі енгізілген. Қазір облыста 391 денсаулық сақтау нысаны болса бүгінде оның 383-інде интернет желісі қолжетімді. Өз кезегінде цифрлық жүйенің мүмкіндігін жамбылдық денсаулық сақтау саласының мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты сәйкестендіру барысында оңтайлы кәдеге жаратуда, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жалпы облыстағы Тараз қаласы мен аудан орталықтарында орналасқан медициналық ұйымдар интернет желісіне толықтай қосылған. Өңірдегі денсаулық сақтау нысандарын интернетпен қамту үлесі 98 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуде 8 нысанда жыл соңына дейін интернет қолжетімді болмақ.

Өз кезегінде жергілікті денсаулық сақтау саласының мамандары осынау мүмкіндікті келесі жылы енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындардың санатын оңтайландыру барысында пайдалануда. Мәселен «Халықты тіркеу регистрінде» тіркелген адамдардың 95,2 пайызының электрондық денсаулық паспорттары бар. Жалпы «Халықты тіркеу регистріне» 1 121 133 жамбылдық тіркелген болса оның 1 068 261-нің мәліметтері электронды денсаулық паспортына енгізілген. Дәл осы регистр арқылы ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты сәйкестендіру барысында 15 жеңілдік санатындағы мемлекет тарапынан сақтандырылатын 700 387 адам бары анықталды. Оның 2 пайызын жеке кәсіпкерлер құраса, 22 пайызы жалдамалы жұмыскерлерге жатады. Қазіргі таңда облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жұмыстарында халықтың санатын өзектендіруге айрықша мән беріліп келеді. Әсіресе электрондық база арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жататын тұлғаларды сақтандыру ісіне көңіл бөлініп келеді.

Жалпы денсаулық сақтау саласын электронды жүйеге көшіру ондағы көрсетілетін қызмет сапасын жоғарылатындығы дәлелденген. Сондай-ақ науқастарды электронды жүйе арқылы қабылдау да дәрігерлердің жұмыс жүктемесін жеңілдетіп, дертке шалдыққандармен нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы денсаулық сақтау қызметін алуда интернет арқылы кезекке тұру әдісіне де тұрғындар дән риза.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір