• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:33:24
Алматы
+35°

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас». Ежелден солай. Бүгінгі таңда да бұл қағидалы сөз өз маңызын жойған жоқ. Қайта жаңа заманның көшінен қалмауды көздеген, жақсы өмір сүруге талпынған ел азаматтары мемлекеттің көмек-қолдаулары арқылы кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтып отырған жайы бар. Осы тұрғыда Жуалы ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз ісін ашып жатқандар қатары артып келеді. Кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы арнайы курстан өтіп, сертификат алуда.

Аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының көмегіне жүгініп, тиісті оқыту курсынан өтіп, мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грантты ұтып алған азаматтың бірі – Руслан Жарқынбаев.

«Мал өсірсең, қой өсір, Өнімі оның көл-көсір» деген ата-бабалардың мақалын ұстанып, қойдың басын көбейтуді көздеп, мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған жас кәсіпкер аудан орталығында тұрады. Руслан да өз кезегінде кәсіпкерлер палатасында «Бастау-Бизнес» жобасымен оқып, шілде айында 3 миллион 500 мың теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Атакәсіпті кеңейту мақсатындағы несие алты пайызбен ұзақ мерзімге берілген. Жас кәсіпкер қомақты қаржыға жергілікті жерден 94 бас аналық бас қой сатып алған екен.

– Мал бағу – біздің отбасыға таңсық кәсіп емес. Олай дейтінім, кішкентайымыздан төрт түлік асырап, бағып келеміз. Оның үстіне әкем Жұмағалидың мамандығы – мал дәрігері. Әкем маған үнемі қолдау көрсетіп, малдың жайын айтып, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Мал бағу – біздің қазақ халқының бұрыннан келе жатқан атакәсібі. Мен де осынау кәсіпті дамытсам деймін. Оған мемлекет тарапынан да тиісті қаржылай қолдаулар жасалып отыр. Бұл бір жағынан отбасылық кәсіптің түрі. Басқа жақтан жұмыс іздеп сандалмаймыз. Бәрі өз ауламызда. Осы ретте кәсіп ашуға бағыт-бағдар берген аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына, мемлекеттің саясатына алғысымды жеткіземін,- дейді. Руслан Жұмағалиұлы.

«Жас келсе, іске» демекші, жас кәсіпкер Руслан 505 мың теңге қайтарымсыз грантты да ұтып алған. Ол қаржыға 160 тауық алып, асырауда. Тиісінше, одан да мол өнім алуға болады. Ниет еткен адамға жұмыстың да, кәсіптің де табылатынын жас кәсіпкердің қолға алған отбасылық кәсібін көрген соң көз жеткізгендей болдық.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір