• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:56:09
Алматы
+35°

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі екендігі ақиқат. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында осы саланы дамытуға айрықша назар аударды. Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту мақсатында аймақта пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Үкімет қолдау білдірген пилоттық бастама аясында қазір аудандардағы белгіленген елді мекендерде тіршілік қыза түсті. Аталған жоба бойынша Талас ауданынан Үшарал ауылы таңдалынып алынған. Аудан орталығы Қаратау қаласынан солтүстікке қарай 76 шақырым жерде орналасқан ауылдың негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Іргесі 1930 жылы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін «Талас» кеңшарының орталығы ретінде қаланған ауылдық округте Арал, Қайыр елді мекендері орналасқан.

Аталған үш елді мекенде 326 аулада 2207 адам тұрады екен. Округтегі бұл 326 ауланың үй іргесіндегі жер көлемі 44,17 гектар. Оның ішінде толық сумен қамтылғаны 22,34 гектар болса, 21,8 гектары судың жоқтығынан пайдаланусыз жатыр. Осы орайда жобаның алғашқы бағыты бойынша 270 аула иелері бақшасына көкөніс түрлерін өсіруге өтінім берген. Қарбыз бен қауын егіп, табысқа кенелсек деушілер де жоқ емес.

Сондай-ақ аталмыш ауылда мал шаруашылығы бойынша да төрт түлігін еселеп, өнімділікті арттыруға ниеттеніп отырғандар аз баршылық. Олардың саны – 170 аула. Бүгінде бұл бағытта «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтінімдері жіберіліп, оның құжаттары қабылдану үстінде. Осыған дейін аталған ауылда іс-сапармен болған өңір басшысы, жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығымен айналысам деушілердің қарасы қалың екендігін тілге тиек етіп, ата-кәсіпті жандандырып, тұрмысын түзегісі келетіндердің салын суға кетірмеуге аса көңіл бөлген болатын. Сондай-ақ түгел бір бағытта емес, қосалқы шаруашылықты жан-жақты табыс көзіне айналдыру керектігін ескертіп кеткен-тін.

– Бұл пилоттық жоба өңірдегі он ауылда жемісті жүзеге асса, облыстың барлық округтерінде, одан кейін ел көлемінде қолға алынбақ. Сондықтан бізге жүктеліп отырған жауапкершілік зор. Тұрғындар да өз кезегінде жобаның ауыл болашағы үшін баянды бастама болып отырғанын айтып отыр. Олардың арасында бүгінде қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдырып, бақшасынан жылына екі мәрте өнім алып отырған тәжірибесін өзгелермен бөлісуге дайын екендіктерін білдіріп жатқандар да кездеседі. Жұртшылық бүгінде жобаның барысын жете түсініп, әу бастағы күдіктен толықтай арылған, – дейді ауыл әкімі Рахымжан Айтуов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір