• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
13 Желтоқсан, 19:36:40
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

25 Қараша, 2019 NEWS

«Хрущевка» үйлер Алматы халқының бас қайғысына айналды

2011 жылы елдегі тозығы жеткен үйлерді жаңарту мақсатында «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама іске асырыла бастаған тұста «тозығы жеткен үйлерден құтылатын болдық» деп қуанып қалғанымыз да рас. Әсіресе Алматы халқы 1959-1985 жылдары салынған Хрушев салғызған «хрушевка» үйлерден құтыламыз деп ойлады.

Бірақ сала мамандарының пайымдауынша, бастапқыда жап-жақсы басталған аталмыш бағдарлама қазір тіпті «сұйықталып» кеткенге ұқсайды. Бұл ретте мамандар «Қазір бағдарламаның ашықтығы төмен. Жоспар бойынша Алматыда жылына 500 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, бұл межені бағындыра алмадық» дейді. Мамандардың айтуынша, әсіресе «хрущевка» атанып кеткен үйлерді жаңғырту қиынға соғып отыр.

«Бүгінде Алматыда «хрущевкалар» атанып кеткен үйлер халықтың бас қайғысына айналған. Бұл «хрущевка» үйлер 1959-1985 жылдардың аралығындағы салынған. Әсіресе, олардың құрылысы 60-шы жылдары қарқынды жүргізілді. Халықтың бұл үйлерді осылайша атауына сол кездегі Никита Хрущевтің «Жобалау мен құрылыста шамадан тыс шығындануға жол бермеу жөніндегі» қаулыға қол қоюы себеп болды. Осылайша, сол кездері құрылысшыларға жедел түрде ешқандай сәулеттік ізденіссіз көппәтерлі үйлерді салу жүктелді. Алайда содан бері қаншама жылдар өтті, уақыт өзгерді. «Хрущев» үйлері байырғы көне үйлер болып қала берді. Біз күні бүгінге дейін бұл үйлердің проблемаларына оншалықты ден қоя бермедік. Бірақ бұл үйлер қазір тым ескірді. Тұрғындар сатайын десе не сатылмайды, не модернизацияға жарамайды. 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді модернизациялауға қатысты бағдарлама қолға алынғанда осы үйлерді жаңғыртуға септігін тигізе ме деп біраз үміттендік. Бірақ атқарушы органдар бұл үйлердің сыртын ғана сылап-сипап өтті. Оның өзінде толықтай емес. Қаланың көрнекті аудандарындағы ғана үйлер сыланды. Ал қалған төменгі жақтағы аудандарда ескі үйлер сол ескі күйінше тұр», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының тұрғыны Меруерт Сапарова.

Нақ осы мәселе бойынша зерттеп көрдік. Алматы қаласында тозығы жеткен 7771 үй бар десек, оның 4446-сы күрделі жөндеуді талап етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жоспар бойынша жыл сайын 500-ге жуық тұрғын үй жөндеуден өтуі керек еді. Бірақ бір жылда 100-ге жақын тұрғын үй ғана жөнделген. Ал қазір тіпті осы атағы дардай бағдарламаның жұмысы көрінбей кеткен. Республика көлемінде саланы модернизациялауға 2014-2016 жылдары 59,4 млрд теңге бөлінген.

Ал бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

«Бұл бағдарламадан халық пайда көруі үшін алдымен жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаржыны нақты бақылауға алғаны абзал. Нақты бақылауды қатаңдату қажет, олай етпесек бағдарлама нәтижелі болмайды. Есептесек, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткен қаладағы үйлердің шығыны азайған. Мысалы, үйді жаңғыртудан өткізгеннен кейін тұрғындар жылу үшін аз төлем төлей бастаған. Ескеру керек, бұл үйлердің барлығы орталық жылу жүйесіне қосылған. Жөндеуден өткеннен кейін тұрғындар пайдаланатын жылу мен ыстық су айтарлықтай үнемделіп, бір ғана жылуға 46 пайызға дейін аз төлем төленген. Құбырлар жөндеуден өткеннен кейін де ыстық су мен суық су үшін де төлемді 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 15-18 пайызға аз төлеген. Сондықтан бұл бағдарламаны сауатты жүзеге асырып тозған үйлерді жөндеу біз үшін аса қажет. Себебі тозығы жеткен үйлердің шығыны да көп болады. Осыны ескерсек, бағдарламаның орындалу барысын Үкімет қатаң бақылауы қажет», – дейді Тоғжан Шаяхметова.

Осылайша мамандар, осы бір мәселені тиісті орындар қадағалауға алып, нақты бақылау сауатты болса екен деп отыр.

Қарлығаш ЗАРЫҚХАНҚЫЗЫ

 




Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір