• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
06 Желтоқсан, 14:03:38
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

27 Қараша, 2019 NEWS

Ессіз фанатизм – халқымыздың болмысына да, діліне де жат құбылыс

Фанатизм – исламның ханафи мәзһабына да, елде азаматтардың көбі ұстанатын православие діни ағымы үшін де жат дүние. Экстремизм мен терроризм астарында дін атын жамылған қылмыстық пиғыл жатыр. Біз Жаратушыға деген шынайы сенімді агрессивті және жойқын фанатизммен алмастыруға жол бермеуіміз керек. Сол себепті Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Алматы қаласының Қоғамдық Даму басқармасының «Мониторинг және талдау орталығы» ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізу үстінде.

Ата заңымызда мемлекетіміз зайырлы ел деп жарияланғанымен мемлекетіміз дін саласына араласып жатыр деп қарсы пікір айтатын адамдар аз емес. Зайырлы деп жарияланған қоғамда дін мемлекет саясатына араласпауы тиіс, ал мемлекет діннің шаруасына кедергі жасамауы тиіс. Дегенмен, мемлекет азаматтық қоғамның жолдары арқылы дінге қатысты ұйымдарға демеу көрсету арқылы экстремистік әрекеттің алдын алу жұмыстарын жүргізіп отырады. Себебі, өкінішке қарай, кейбір біздің отандастарымыз рухани ізденіс жолында адасып жатқанын көз көріп отыр.

Бұл тақырыпта сөз қозғағанда әр қайсымыздың осыған мысал боларлық кейіпкерлеріміз бар. «Бір көршім бар еді... намаз оқып бастап еді... кейін жоқ болып кетті...», «Бір досым бар еді... бір себептермен «дінге кіріп кетті де»... бізбен бір дастарханға отырмайды... арамыздағы қатынасымыз суып кетті...», «Бір ағам (інім, әпкем, қарындасым, сіңлім т.б.) діннің кесірінен ажырасып кетіпті...», «...дін арқасында ішуді қойды... дегенімен шатақ мінезімен...» деген секілді мысалдар бәріміздің ойымызға келеді. Әрине әр оқиғаның жеке тарихы бар, бірақ нәтижесінде бір радикалды және кері тартпа (айтып отырған адамдардың ойынша) өзгеріс пайда болып отыр. Жақындар арасында бір қақтығыстар пайда болады. Және соның себебін бір тарап басқаның «діншілдігінен» немесе керісінше «дінсіздігінен» көреді. Немістің әйгілі ойшылы, қаламгер-ақын Йоганн Вольфганг Гёте айтқандай «Өнері мен ғылымы бар адамның діні де бар. Ал егер Сізде бұл екеуі болмаса, Сізде тек қана дін болады». Яғни айтылған қақтығыстардың себебі бастапқы тәрбиеде жатыр деуге болады.

«Адамдарға білімнен гөрі әдеп пен тәрбие қажеттірек» деген Әли ибн Әбу Тәліп ғұламаның сөзі бар. Елімізде нарықтық экономиканың енді кірігіп, елдің әлеуметтік жағдайы нашарлаған тұста ұрпақ тәрбиесі назардан тыс қалды. Халық рухани тұрғыдан аштықты сезінді. Соның салдарынан қазіргі біздің «миллениалдар» ұрпағымыз біреуі әке немесе ана болып, біреуі аға немесе әпке болып өткен өміріне сыни көзбен қарап, көзқарастарын діни қорапқа қаптап, ішкі дүниесі оншалықты өзгертпеген күйі рухани азық іздей бастады. Ал біреулері, керісінше, діннің тек қана негативті жағын көріп біреудің кесірінен «көпке топырақ шашады». Соның салдарынан қоғамда ессіз фанатизмге берілген топ пайда болды.

Осы орайда жастарды тәрбиелеу мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің Даму басқармасының қаржыландыруымен биылғы 2019 жылы жоспарланған 600 ақпараттандыру-түсіндіру шараларынан 500-ден астамы орындалды. Бұл іс шаралар 75 мыңнан астам қала тұрғындарын қамтыды. Оның ішінде студенттер мен курсанттар, колледж бен мектеп оқушылары, әскери қызметкерлер, медициналық ұйымдар, еңбек ұжымдары, базарлардағы өзі-өзін қамтушылар мен мешіттерге келушілер құрайды.

Кездесулердің, дәрістердің және семинарлардың басты тақырыбы – қоғамымыздағы келісім, төзімділік, сабырлық, яғни, экстремистік идеологияның алдын алу. Бұл жұмысқа белсенді түрде ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысып отыр. Оның құрамында дінтанушылар, діни қызметкерлер, қоғам қайраткерлері мен зерттеуші эксперттер бар.

Елбасымыз айтқандай, «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі». Қоғамымыздағы келісім еліміздегі әр азаматтың көкейіндегі тілегі болғандықтан осы мақсатқа жету үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» көпшіліктің қолдауы қажет.

Нұрболат Айекешов,

Алматы қаласының Қоғамдық Даму басқармасының

«Мониторинг және талдау орталығының» маманы,

діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір