• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 11:11:35
Алматы
+35°

Almaty Investment Forum 2019 барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда барынша әлеуеті 8 басты креативті индустриялар анықталғанын және оларды дамытуға басты назар аударылатынын айтты:

Біріншіден, кино және анимация.

Алматы кино өндірісі үшін қолайлы қала болып табылады. Қалада орта есеппен жылдың 220 күнінде ауа райы жылы.

Бес климаттық аймақ, керемет пейзаждар мен дамыған инфрақұрылым кез келген жанрдағы, айталық, тарихидан фэнтезиге дейінгі фильмдерді түсіруге зор мүмкіндіктер береді.

Қазірдің өзінде Алматы мен Алматы облысын әлемнің түрлі елдерінен келіп бейнебаяндар, жарнама мен деректі фильмдер түсіру үшін студиялар келуде.

Барлық қажетті жағдай туғызу үшін қала әкімдігі жанынан арнайы орган – Almaty Film Commission құрылады.

Бұл құрылым бір терезе қағидаты бойынша, Алматыда және осы аймақта да түсірілімдерді ұйымдастыруда шетелдік және отандық кинокомпанияларға қолдау көрсететін болады.

Кинобизнес, білім мен мемлекет өкілдерінің тығыз байланысының арқасында біз отандық кинематографты дамытып, Алматыны әлемдік киноның түсіру алаңы жасаймыз. Бұл тек қаламыздың ғана беделін көтеріп қоймайды, сонымен қатар туризм мен шағын және орта бизнестің  дамуына септігін тигізеді.

Анимация өндірісіне арнайы тоқталғым келеді. Алматының анимациялық мектебі кеңес дәуірінде-ақ биік нәтижелерге қол жеткізді.

Қазір анимация студиялары жоқ есебі, бұл да инвестициялар үшін қосымша үлкен резерв. Біздегі аниматорлар әлеуетінің зор екендігіне сенімім мол, енді соларды жүзеге асыру қажет.

Екіншіден, музыка.

Алматы – «музыка» бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне кіретін Орталық Азиядағы жалғыз қала.

Біздің орындаушыларымыз ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие туындылар жасай алатынын сан мәрте дәлелдеді.

Индустрия, мемлекет, бизнес және білім беру өкілдерінің бірлесуімен Алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылатын болады.

Жасалған өнімдер – iTunes, yandex, spotify тағы да басқа заманауи сандық құралдар арқылы таратылатын болады.

Үшіншіден, әдебиет.

Бүгінгі күні бұл индустрия басқаларына қарағанда мемлекеттік қолдауды көбірек қажет етеді. Ең алдымен, мен жас таланттар туралы айтып отырмын.

Жазушылар мен оқырмандарға қажетті барлыұ жағдай жасалады. Алматыдағы барлық кітапханалар жөнделіп, қосымша жаңалары салынады.

Ол жерлер тек қана кітапхана емес, қоғамдық кеңістікке айналады.

Ол кітапханаларда біз жас қаламгерлерді өз туындыларын iTunes, yandex, bookmate, amazon секілді сандық құралдар арқылы табысты сату және ілгерілету әдістеріне үйрететін боламыз.

Бізде өзіндік қолтаңбасы бар, мәдени және тарихи мұралар ана сүтімен дарыған шынайы талантты жазушылар бар. Тиісті қолдаудың арқасында біздің жазушыларымыз дүниежүзі бойынша өз оқырмандарын табарына сенімдімін.

Төртіншіден, театр,опера, балет.

Классикалық өнерді дамыту мен оларды дотациялау деңгейін төмендету үшін Алматыда арнайы қаланың театр өнерін дамыту стратегиясы жасалады. Басты мақсат – театрды тек қала тұрғындары үшін ғана емес, жақын қалалар мен елдер үшін де тартымды ету. Біз театрға бару мәдениетін қайта жаңғыртуымыз қажет.

Бұған біз ауқымды әлемдік деңгейдегі сахна, опера және балет жұлдыздарын тартып, театр фестивальдарын өткізу арқылы қол жеткіземіз.

Алматының мәдени мұрасы мен білім базасын ескерсек, қаланың Орталық Азиядағы сахна өнерінің орталығы болуға толық мүмкіндігі бар. Осылайша, орталық-азиялық аймақтың түкпір-түкпірінен осы өнер түрлерін сүйетіндерді тартуға болады.

Әлемдік деңгейдегі шедеврлер жасауға қажетті әлеует бізде бар, біздің міндетіміз – соның толық ашылуына жағдай жасау.

Бесіншіден, дизайн және сәулет.

Алматы – қазақстандық сәулетшілерді дайындайтын ең басты орталық.

Алматыда еліміз бен шетелде де танымал сәулет және дизайн бюролары көптеп ашылуда.

Әкімдік Алматының бірегей тарихи ғимараттары туралы мәліметтерді жинай бастады, сосын олар тиісті каталогқа енгізілетін болады. Біз Алматыдағы сәулет саласының тарихи сабақтастығын сақтауымыз керек.

Бірыңғай сәулеттік және дизайнерлік кодты жасап, қаламыздағы болашақ объектілердің құрылысына енгіземіз. Қазіргі дизайн тарихи ғимараттармен үйлесуі тиіс. Жаңадан салынған әрбір объект қаламызды тартымды етіп, ерекшелей түсуі қажет.  

 Алтыншыдан, сән.

Соңғы жылдары бұл сала қарқынды дамып келеді. Бірінші кезекте, жеке бастамалардың арқасында.

Қазақстандағы сән индустриясының – әлі жүзеге аспай келе жатқан үлкен мүмкіндіктері мен әлеуеті бар. Осы ерекше саланы дұрыс дамыта білсек, әлемге Ұлы дала өркениетінің дәстүрлеріне негізделетін сән өнерін, оған деген шынайы көзқарасымызды ұсына аларымыз анық.

Жетекші сән үйлері мен зергерлер әлем жұртшылығын ата-бабаларымыздың «аң стилімен», халықтың қолданбалы ою-өрнектерімен шабыттандыратын болады.

Алматыдағы сән көрсетілімдері дәстүрлі іс-шаралар ғана емес, сондай-ақ сән индустриясының проблемаларын талқылап, оны шешу жолдарын іздестіретін алаңға айналуы тиіс.

Біз, жұмысын жаңа бастаған жас дизайнерлерге шеберханалар ұсынып, өнімдерін ішкі нарықта насихаттауға көмектесеміз.

Жетіншіден, жаңа медиа және цифрлық мәдениет.

Жаңа медиа – бұл Алматыда пайда болып, қарқынды дамып келе жатқан интерактивті электрондық басылымдар. Оның дамуы әлеуметтік желілер мен блог-платформалар танымалдығының артуына да тікелей серпін берді.

YouTube, Instagram, Twitter секілді платформалар тиімді контент құрып, жақсы табыс табуға мүмкіндік берді.

Осылайша, біздің жастарымыз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Олар  Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар ТМД елдерінде де біршама танымал. Мұндай қызығушылыққа қолдау көрсетіп, әрі қарай дамытуымыз қажет.Алматының аудиовизуалды контентінің дамуын ескере отырып, бізде бүкіл Орталық Азияны қамтитын нарық қалыптастырудың алғышарттары бар.

Сегізіншіден, ойын-сауық индустриясы: қоғамдық кеңістіктер, музейлер.

Алматы қаласының «Күн белдеуі» үлкен аттракциондар паркін құруға мүмкіндік береді, олар тек Қазақстан өңірлерінің тұрғындары үшін ғана емес, шетелдік туристер үшін де тартылыс аймағына  айналады.

Біз оқиғалы туризмді дамытамыз. Ел ішінде де, шет елден келген қонақтарды да тартатын концерттер, шоу, фестивальдар, қойылымдар өткізу қажет.

Сондай-ақ ойын түрінде оқытуға (edutaintment) негізделген нысандарды дамыту қажет. Бұл музейлер, көрмелер және басқа да қоғамдық кеңістік, мұнда тұрғындар мен қонақтар, әсіресе балалар ойын-сауық арқылы еліміздің, қаламыздың, өлкеміздің бай тарихын таниды. 

Алматы мұражайлары интерактивті және ойын-сауыққа икемді, өскелең ұрпақ үшін цифрлық ортаға бейімделген жаңаша бағыттармен қызықты болуға тиіс.

Мен Алматыда мегаполистің ғылыми-ағартушылық және коммуникативтік орталығына айналатын жаңа галерея немесе заманауи өнер мұражайын құруды ұсынамын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір