• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 15:13:47
Алматы
+35°

Қазіргі таңда терроризм идеологиясының діни сеніммен байланысты көрінісі жиілеп кетті. 2019 жылы наурызда Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы екі мешітте жасалған және Шри-Ланкадағы үш шіркеуде болған террорлық қылмыс индивидуалдық түрде жасалды. Бұл қылмыстар діни сенімді бетперде ретінде қолданатын трансұлттық топтардың әрекеттері туралы пайымдауға негіз болып отыр. Діни террорлық идеология  фанатизм және ксенофобтық өшпенділіктен туындайды.

XXI ғасырда да діни сенімнің ғибадаттық және сыртқы (имидж) белгілерінің діни мораль мен құндылықтық өлшемнен басым түсіп отырғандығын көрсетеді. Таяу Шығыстағы мұсылмандар мен иудейлер, Солтүстік Ирландиядағы протестанттар мен католиктер, Үндістандағы индуизм ұстанушылары мен мұсылмандар, Мьянма, Шри-Ланка, Филиппин елдеріндегі дінаралық қақтығыстар терроризмнің діни сипаты туралы зерделеуге негіз болады. Діни терроризм идеологиясының мәні – о дүниедегі мәңгілік эвдемонизм (жәннаттағы бақыт) және мәңгілік гедонизм (жәннаттағы ләззат) жолында өзі мен өзгелерді құрбан ету. Лаңкесшінің мінез-құлқының түрткісі бұл дүниелік құндылықтар емес, о дүниелік бақытқа жетелейтін – борышқа адалдық таныту. Жанкешті терроршы үшін құрбан болу – өмірлік мәндегі кредо. Жалған діни идеологияны ұстанушылар азап шегу мен бұл дүниені тәрк ету жолымен құрбан болуды экзистенциялық борыш деп қабылдайды. Псевдодіни ұйым мүшелерін оңалтуда адам өмірінің мән-мағынасы және адамның өзі мен отбасы, қоғам алдындағы борышы туралы дүние көзқарасын қалыптастыру – маңызды мәселе.

Террорлық идеологияның алдын алу мақсатында идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру және лаңкестікке қарсы насихат іс-шарасының кешенді әдістемелік жүйесін жетілдіру өзекті. Бұл мақсатта тұлғаның дүниетанымдық, өмір мәндік көзқарастарын қалыптастыру және саяси-әлеуметтік позициясын орнықтыру керек. Лаңкестік идеологиясының алдын алу жұмысында мемлекет үкіметтік емес сектордың қолдауына сүйеніп және азаматтық қоғам институттарымен әріптестік қатынас орнатуы тиіс. Терроризмнің алдын алу және күресте азаматтық қоғаммен бірлескен іс-шараларға мемлекет және жеке сектор әріптестігі үлгі бола алады. Дерадикализациялау және діни экстремизмнің алдын алу шараларына діни бірлестіктердің мүшелері және беделді дін лидерлерін тарту да жемісті болмақ. Шетелдік тәжірибені саралау, антитеррорлық жұмыстың озық технологиясы мен тың деректерді жинау, жанкештілердің психологиялық бейнесі мен ерекшеліктерін анықтау, индивидуалды және топтық террорлық қылмыстардың әдіс-тәсілдерін бағалау және талдау радикалды топтардың іс-қимыл әдістерін және террорлық ұйымның нақты мақсатын анықтауға мүмкіндік береді.

Антитеррорлық сана қалыптастыру – ең алдымен адамзаттың өмірмәндік экзистенциялық борышы пен асыл құндылықтардың әмбебаптық парадигмасын айқындаудан басталуы тиіс. Адамның өмірдің құндылықтық және философиялық мән-маңызын ұғынуы – өзгенің өмір сүру және таңдау еркіндігін қабыл алудан басталады. Дәстүрлі діндер адамды екі дүниеде бақытқа жетуінің жолы мен кілтін адамзатқа ортақ құндылықтар жүйесімен ұсынады. Діннің әлеуетін қоғамдық сана мен ұлттық дүниетаным мен қоғамдық моральдық өнеге мен ұлттың рухани өрлеуіне қызмет етуге бағыттау қажет. Жаһанданған адамзаттың қоғамдық санасы мен психологиясына, қоғамдық өмір мен адамға діннің және діни институттардың ықпалы өсуде, демек зайырлылық пен діндарлықтың өзара әріптестігінің әділетті заманауи тетіктерін даярлау қажет.

Зайырлылық қағидасы бойынша мемлекет діни бірлестіктердің әрекетіне араласпауы тиіс. Дегенмен, діни саладағы әлеуметтік қозғалыстарды өздігімен жіберсек, мемлекетімізде клерикалистік саясат орнап кетуі мүмкін, ал оның жалғасы – дінаралық қақтығыстарға, тіпті соғысқа әкеліп соғуы қаупі бар. Сол себепті «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» бойынша халық арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарын Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы «мониторинг және талдау» орталығы ұйымдастырып, жүрізіп жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы – мемлекеттік саясаттың түрлі аспектілері бойынша қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында мемлекеттік мекемелердің халықпен жұмыс жүргізу формасының бірі.

Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы елдегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауаттылығын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихаттық жұмыстарды іске асыру тәсілінің бірі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір