• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:31:14
Алматы
+35°

Жаһандану заманында ғаламдық басты мәселе – бейбіт өмір мен тұрақты дамудың тұғыры – бейбіт келісім мен төзімділік мәдениетін сақтау мен нығайту екендігі күмәнсіз. Заманауи әлем қазіргі таңда экономикалық дағдарыс, қаржылық тұрақсыздық, әлеуметтік күйзеліс, сауда жанжалдары, саяси кеудемсоқтық текетіресі, лаңкестік, терроризм сынды сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Дін және діни дипломатия әлемдік саясатта мемлекеттер мен өркениеттерді диалогқа жетелеуші қайнар көз ретінде қарастырылуда. Еліміз әлемдік және дәстүрлі діндердің бейбітшілік пен гуманизмді ұлықтаушы әлеуетіне сенім артып дін көшбасшыларын еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан шаһарына жинап жаһандық мәселелерді діни төзімділік және бейбіт жолмен шешуге шақырады.

Діндарлар санасының радикализациялануының алдын алу іс-шаралары ең алдымен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пәрменділігін арттыру, жастардың әлеуметтену үдерісіндегі діннің орны мен рөлін зерделеу, діндар әйелдер қауымын зайырлы мәдени ұстанымға тәрбиелеу, азаматтық қоғам институттарының тиімді жұмыс жасауын арттыру, жастардың әлеуметтенуі мен қоғамдық өмірге атсалысуын жетілдіру, дәстүрлі діл мен зайырлы қағидатқа сай діндарлық мәдениетін қалыптастыру, әсіре діншілдіктің себептерін айқындау, әлеуметтік аз қамтылған топтармен жұмысты тиімді жүргізу, әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, дәстүрден тыс ілімдердің қоғамдық сана мен өмірге тигізер кері әсерін кешенді түрде көрсету, аймақтағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу, діни жағдайға қатысты тәжірибе алмасу, аймақтағы діни жағдайды талдаудың еларалық біріккен орталығын құру, қазақ ойшылдарының діни мұралалары мен орта азиялық ғұлама ғалымдардың еңбектерін аудару және насихаттау, көрші елдердегі діни ахуалды жіті талдау, ірі және моноқалалардағы діни ахуалға үнемі талдау жүргізілуі тиіс.

Еліміздегі діни ахуалын және дін саласындағы жаңа үрдістерін талдау үнемі назарда болған жөн. Сондықтан да, діни тұрғыдағы экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұратын сыни көзқарас, азаматтық позиция қалыптастыру еліміз үшін маңызды міндет. Діни экстремизм мен лаңкестік адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігі жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет.

Елімізде 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», 2005 жылы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдары қабылданды. Еліміздің антитеррорлық іс-шараларды күшейту ұстанымы 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты қабылданған және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларда нақты көрсетілген. Осы бағдарлама аясында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Мониторинг және талдау» орталығы халыққа ақпараттық-түсіндіру және алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы саны 64 маманнан, дінтанушылар, исламтанушылар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен заңгерлерден тұратын арнайы ақпараттық түсіндіру тобы құрылған. Биылғы жылы 600-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл шаралар Алматы қаласының барлық әлеуметтік топтарын қамтиды. Жалпы білім беру мекемелері оқушыларына, орта арнайы/жоғары оқу орындары студенттеріне және де деструтивтік ағым өкілдері көп шоғырланған сауда кешендерінде басым көпшілік шаралар жүргізіледі.

Діннің әлеуетін қоғамдық сана мен ұлттық дүниетаным мен психологияға сай этнодіни біртектілік пен ұлттық тұтастықты нығайтуға қызмет етуге бағыттау қажет. Қазақстандағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін – зайырлы ұстанымдағы діни сана мен діни мәдениет қалыптастыру маңызды. Сонымен қатар, қоғамдық өмірді клерикализацияланудан және діннің саяси сипат алуына жол бермеу – зайырлы мемлекет үшін өзекті мәселе.

Бейсенов Бағдат

Философия ғылымдарының докторы,

Алматы қ. Ақпараттық-түсіндіру

тобының мүшесі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір