• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Наурыз, 18:05:28
Алматы
+35°

6 желтоқсанда бір топ белсенді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне барып, 16 желтоқсан қарсаңында өздерін қудаламауды, сол күні Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға мүмкіндік беруді талап етті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. 

Белсенділердің айтуынша, олар 16 желтоқсанда конституциялық құқықтарын пайдаланып, митингіге шыққысы келеді. Алайда "митинг қарсаңында белсенділердің үйін аңдып, оларды көшеден ұстау - полицияның әдеті".

- 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға құқығымыз бар. Неге сүтке, нанға, дәріге шыққан жерімізден алып кетесіңдер? Менің туыстарымның балалары өлді, таныс-достарымның жақындары өлді. Гүл шоғын қою - менің парызым. Құран оқуға мүдделімін. 16 желтоқсанда бізге тиіспеңдер! - деді наразы әйелдердің бірі полицейлерге.

Полиция ғимаратының фойесінде наразы белсенділер "өздерін қудалаған" полицейлерді айыптап, қудалауды тоқтатуды талап етті. Олар қолдарында бірнеше сурет ұстап тұрды. Белсенділердің түсіндіруінше, бұл - "өздерінің үйлерін аңдып, ізіне түскен полиция қызметкерлерінің суреті".

Сәлден соң олардың алдына қалалық полиция департаменті төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев шықты. Ол наразы әйелдерге кіре беріс жолды бөгемеуін сұрап, мәселелерді ішке кіріп талқылауға шақырды. Алайда белсенділердің көбі бұл ұсынысқа келіскен жоқ.

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы Қазақстан тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір