• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:50:20
Алматы
+35°

8 желтоқсанда Оралда жеті жылдан кейін алғаш рет рұқсат етілген митинг өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып. Қарсылық шарасына келгендер бағаның өсуіне, жемқорлыққа, елде адам құқығының бұзылып жатқанына наразылықтарын білдірді.

Шараға келгендер "Stop corruption", "Әлеуметтік әділдікті талап етеміз!", "Полиция өз функциясын орындасын!", "Шындық үшін емес, зорлық үшін қамаңдар!", "Астықты елде нан неге қымбат?" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. 

Митингіні журналистермен бірге әкімдік өкілдері, полицейлер бақылап тұрды. Қарапайым киінген бірнеше адам шараны камераға түсіріп жүрді.

Жиналғандардың арасында әлеуметтік көмек пен несие кешіруді талап еткендер, Шаған өзені арқылы көпір салуға қарсы шыққандар да болды.

Шараны ұйымдастыруша Мақсат Айсауытов бұл Оралдағы жеті жылдағы алғаш рет рұқсат етілген митинг екенін айтты.

- 28 қарашада митинг өткізу туралы өтініш бердік. Бес күннен кейін рұқсат алдық. Таң қалдық. Себебі соңғы жылда біз акция өткізуге жүздеген өтініш берген едік. Әр кезде билік біз сұраған күні басқа шара жоспарланғанын, митинг өткізетін жердің бос емесін айтатын, - деді ол.

Митингіге келгендердің біразы саяси мәселелерді де көтерді. Мүгедек Бекболат Өтебаев микрофон алып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылды.

Бірнеше рет кредит алдым және уақтылы төлеп отырдым. Соңғы рет өзімнің еміме деп бір рет, қызымның еміне деп тағы кредит алдым. Бірақ емделе алмадым. Маған жұмысқа жарамсыз деген анықтама берді. Қазір жұмыс істемеймін, 30 мың теңге көмек аламын. Кіші қызым да 30 мың теңге алады. Әйелім 36 мың теңге табады. Осы табысқа біз дәрі алып, кредит төлеп, тамақтануымыз керек. Бір жыл бойы әлеуметтік көмек бермей келеді. Шенеуніктер “қызыңыз оқудан шығып, жұмыс істесін”, “ауырып жата бермей жұмыс істе” дейді. АХАЖ бен Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне бірнеше рет бардым. Бірақ олар менің не үшін “кредиті кешірілгендердің” санатына енбегенімді түсіндіріп бере алмады, - дейді ол.

Өзін құқық қорғау органдарына қайта жұмысқа алуды талап етіп жүрген бұрынғы полицей Әлбек Ерғазиев сөйлеп тұрғанда оның сөзін жергілікті басылымның журналисі бөле берді. Тілші Ерғазиевке сөйлеуге мүмкіндік бермей, оған сұрақ қойып, комментарий талап етті.

Митингінің ортасында микрофон істемей қалды. Дыбыс операторы “өзіне біреу қоңырау шалып, микрофонды өшіруді талап еткенін” айтты. Кейін микрофон қайта істегенімен, дауысы дұрыс естілмеді.

Шараны ұйымдастырушы Мақсат Айсауытовтың сөзінше, әкімдік қызметкері сахна шетінде тұрып саяси тақырыптарда сөз сөйлегендерден микрофонды тартып алуды сұраған.

Ербол Кушеков (Орал қаласы ішкі саясат басқарамасының жетекшісі – ред.) қайта-қайта келіп, “әлеуметтік мәселелерді ғана айтыңдар” деумен болды. Ол митингіде саяси тақырыптар айтуға болмайтынын осылай меңзеді, - дейді Айсауытов.

Кушеков журналисіне “жұмыс уақытында пікір бере алмайтынын, митингіден соң тілшілермен сұхбаттасатынын” айтқан. Бірақ митингіден кейін тілшілер оны таппай қалды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір