• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:29:08
Алматы
+35°

09 Желтоқсан, 2019 Саясат

Бүгін ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов 63 жасқа толды. Ол 1956 жылы 9 желтоқсанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің 12 ата Байұлы, Жаппас руынан тарайды.

Еңбек жолы география және биология пәнінің мұғалімі болып басталған Иманғали Нұрғалиұлы саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім және төрт  рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Осы қызметтерде ол көпшілікке отаншыл, халықшыл саясаткер ретінде танылды. Оның көптеген мәлімдемелері ел ішінде үлкен қолдауға ие болып, ықыласына бөленді. Qamshy.kz ақпарат агенттігі сол мәлімдемелердің бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. 

***

… Мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейтудің бірден-бір тиімді жолы – мемлекеттік тілді білуді міндетті түрде талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыру. Біріншіден, Конституция бойынша Президенттік сайлауға түсетін әрбір үміткер мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Ендеше республикадағы қай қызметкердің де мәртебесі елбасынікінен жоғары емес. …Көп мекемелерде, әсіресе, әлеуметтік қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілді білетін мамандар аз. Мұның өзі көптеген отандастарымыздың азаматтық және конституциялық құқықтарын шектеу. Жалпы әр нәрсеге де сұраныс қажеттіліктен туындайтыны анық. Сондықтан бұл бағытта бірқатар нақты іс-шаралар кешенін белгілеп, іс жүзіне асыру кезек күттірмейтін мәселе. Елдің де, Елбасының да талабы осы. 

***

Біріншіден, заң қабылданып, қажетті қаражат бөлінді. Мамандар дайындалды. Бүгінгі күні қарап отырсаңыздар, Парламенттегі жалпы жиындардың барлығы қазақ тілінде өтеді. Үкіметтің мәжілісі қазақ тілінде өтеді. Бірақ, бір нәрсе түсініксіз. Біз осы күнге дейін, қазақ тілі өзге емес, өзімізге керек екенін түсінбей келеміз. Жалпы қазақ тілі деген халықтың жаны. Бұдан артық айта алмайсың

***

Міне, мәселе осында, біз бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек қана тілдің болашағы болады. Тіл бар жерде қазақ бар, тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Бітті, басқа формула жоқ бұл мәселеде. 

***

Иә, табиғатта тіл мен мәдениет қана емес, барлығы да жойылуы мүмкін. Алайда ана тілді сақтау, әрбір адамның басты парызы. Азаматтың ұлттық санасы - өз тарихын, мәдениетін байланыстыратын, адамдарды ұйыстыратын өзегі. 

***

Бірде Алматы әкімі болып жүрген Иманғали Нұрғалиұлына «Бір ғана Алма­тыда екі бірдей Әуезов көшесі бар, бұл қалай?» деп журналистер тақымдап қоймапты. Олардың бұрын қала іргесі болған Каменка жақтағы Әуезов көшесін меңзегенін аңғарған әкім: – Сабыр етсеңіздерші, екі Әуезов көшесі болса, онда тұрған не бар? Бізде де онсыз да екі Әуезов бар емес пе? – депті ақырын ғана...

***

Қаршыға Ахмедияров Қытайдан бүйрегін жаңалатып келгеннен кейін, Алматы әкіміне кіріп: – Әй, Иманғали! Мен мынау Алматыдағы үлкен алаңда 20 000 домбырашының басын қосып, концерт бергім келеді, – депті. Сонда Имекең: – Ойпыр-ай, Қаршеке! Қытайдың бір бүйрегінің күші 20 мың дом­бырашы дегізіп тұр... Сонша домбырашы бар ма бізде? Екі бүйрегіңізді ауыс­тырсаңыз, не болады? – деген екен... 

***

Әкімдердің кезекті есеп беруінде бір орыс кемпір іргедегі мешіттен шық­қан азан дауысына наразылық білдіріпті. «Күніге 5 рет айқайлап мазамды алады» деген әлгі тұрғынға Имекең: – Қашан 6-рет азан шақырады, маған сол кезде келіңіз, мәселені шеше­міз, – депті. Мәселенің шешімін жедел тапқан әкімге кемпір қайта-қайта алғысын айтып, ырза болып кетіпті...

***

Егер президент болмағанде (Назарбаев – Ред.) мен ешқашан Тасмағамбетов болмас едім. Менің еш қымсынбастан өз пікірімді білдіріп, кейде Үкіметке қарсы пікір айтуымның өзі президенттің маған берген білімінің нәтижесі. Мен онымен көп жұмыс істедім және көп нәрсені үйрендім. Көптеген жағдайларда ол дұрыс болды, өйткені ол жай эмоцияларға еріп қана қоймай, Қазақстанда болып жатқан нақты жағдайды ескерді. Сондықтан, мен Назарбаевтың өнімімін. (Иманғали Тасмағамбетовтың Атырау облысының әкімі болған кезіндегі сұхбатынан үзінді)

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір