• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 11:01:00
+35°

11 желтоқсанда Қастер Сарқытқанның "Ешқашан жоқ деме, табыс құпиясы - өз әлеміңнің ішінде"- атты дәстүрлі құндылықтар негізінде осы заманғы табысты психологиялық кітабының таныстырылымы  өтеді. Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі автормен кездесіп, сұхбат алған еді

Алдымен автор туралы аз-кем ақпарат беруді жөн санадық.

Қастер Сарқытқан ғалым-ұстаз, жазушы әрі ақын, ҚР журналистер одағының мүшесі, бизнес кеңесшісі. Ұзақ жылдар халықаралық компанияда басшылық қызметте болды. 2014 және 2015 жылдары Еуропа елдерінде білімін жетілдіріп, ғылыми тағылымдамадан өкен. Ол 300-ге жуық ғылыми және рухани-танымдық еңбектің және оннан артық кітаптың авторы.

– Қастер мырза, "Ешқашан жоқ деме, табыс құпиясы - өз әлеміңіз ішінде"- атты кітапты жазу идеясы Сізге қалай келді?

 –  Шығармашылық менің өмірімнің мәні іспетті. Осыған дейін де  оқулығы, прозасы, поэзиясы, аудармасы, қалыңы мен жұқасы бар біраз дүниелерді өмірге әкелген екенмін.  Ал бұл кітап өзгеше болды. Алғашында өмірімдегі санама салмақ түсіретін сан түрлі сынақтарды еңсеру мақсатында өзім үшін  жаздым. Дарынсызбын, білімсізбін деп те айта алмаймын.  Бірақ, үнемі бір өзім екі адам секілденіп, өзіммен-өзім айтысып, тартысып ғұмыр кештім. Ол хәлімді өлеңмен өрнектегенім де бар:   ...................................................

Сүйте тұрып өмірде мен жылаймын,

Аңсап шыққан биігімнен құлаймын.

Мен мөлдірмін анамның пәк сүтіндей,

Бірақ кейде күресінде күл-лаймын.

 

Кейде таумын, кейде көл боп шалқимын,

Бірде қатты, бірде оңай балқимын.

Қос қанатпен шаттық және мұң деген,

Аспанында ғұмырымның қалқимын.

.................................................

Содан миымды жүрегіме бойұсындырайын деген оймен өзімді қамшылау мақсатында осы кітаптың алғашқы негізін қаладым. Саралап қарасам, 30 жылға жуық ұстаздық өмірімде экономика, бизнес, халықаралық қатынас секілді  көптеген пәндерден сабақ бердім әрі ұзақ жыл бизнесте болып практикалық білім де жинаған екенмін. Өмірде "төске шауып, басқа өрлей" жүріп, 50 деген белеске де жетіппін. Көрген, түйген дүниелер мен алған сабақтарды тек шәкірттерге ғана емес, өмірден өз орнын таба алмай тауы шағылып, өмірдің түрлі саласынан жауап іздеп жүрген жалпы қазақтілді оқырманға, жол сілтер бағдаршам болып, пайдасы тиер деген ниетпен жалпы оқырманға арнап жазуға кірістім. 

- Сонда, мақсатыңыз жастарға тәлім боларлық, бағыт-бағдар көрсететін еңбек жазу болды ғой?

-Дұрыс айтасыз, ғаламдағы ең ардақты дүние ол - адам. Одан артық құндылық жоқ. Әр адам - өзі бір әлем, ерекше жаратылыс. Оның бойында Құдайдың құдіретімен берілген шексіз қуат пен махаббат бар. Адам өмірге тектен-текке келмейді. Әркімнің бір міндеті бар. Сол міндетін біліп, соған қарай ақылы мен денелік қуатын бір бағытқа бағыттаса, адам баласының алмайтын асуы болмайды. Әркім соны білмек керек. Адамдардың рухани және материалдық тұрғыда дамуына ықпал етуші 4 басты құндылық бар. Олар :

  • Уақыт,
  • Адамның жеке басы,
  • Өмірлік қуаты,

– Жасырын әлеуеті. Қарап отырсаңыз басты құндылық – адамның өзі. Адамның өз жеке басының қадір-қасиетін бағаламуы, өзін сыйламауы табысқа ие болаалмауының бір себебі. Кітап табысқа жетуді үйретеді.

- Қазір қоғамда, адамдарды байлыққа шақыратын кітаптар мен семинарлар-тренигтер көбейіп келеді. Халықтың қалауы да басым. Бұл туралы пікіріңіз қалай?

- Адам баласы сеніммен өмір сүреді. Ол сенімнің басын Жаратушыдан алады. Одан соң, тылсым дүниеден, мемлекеттен (өкіметтен), биліктен, соңында ата-анасынан, қоғамнан іздейді. Біздің халықта өмірін жаңартуға, жан-дүниесін  өзі де анық біле бермейтін бір түрлі жаңғыртуға бастағысы келеді. Оған Құдай жауап беріп жатқан жоқ. Мемлекеттен қайыр мен көмек аз, үміттен үрей басым. Содан келіп, қоғамнан, әлде кімнен сол қалауын іздеуге мәжбүр. Халықтың бала секілді пейілін білген кейбір "пысықтар"  "Мен сені бизнесмен етемін, бай қылып жіберемін"-деп солардың ақшасымен өздері бизнесмен болып шыға келді. Өз басым ондай айтуға және істеуге қарсымын. Адам байлыққа жету арқылы бақытты болмайды. Адам табысқа жету арқылы ғана бақытты болады. Кез келген адам өзі рахат алатын жұмысты істеп, өзі жақсы көретін кәсіппен айналысу арқылы табысқа жетеді. Өмірдің мақсаты байлық емес. Адам деген екі мен бірдің қатынасы (2:1). Бір деген - денеміз, ал екі дегеніміз рух пен жан. Адамды сыртынан қарасақ тән деп айтуға да болады, бірақ адам – тән емес, рух. Ал адамның рухына материалдық дүниенің ешқандай қажеті жоқ. Рух – Құдайдан келген құдіретті дүние. Біз денемізді емес, рухымызды қанағаттандыруымыз қажет. Абай атамыз айтқандай, бір кірпіш болып дүниеге қалануды мақсат тұтуымыз керек.

– Сіздің «Ешқашан "жоқ" деме, табыс құпиясы - өз әлеміңнің ішінде» атты кітабыңыздың басқа осы тектес кітаптардан ерекшелігі неде?

– Біріншіден, бұл кітап адамдарды ақшалы болуға емес, табысты болуға  шақырады. Себебі, табыс тұрақты дүние. Ал бақыт та, байлық та тұрақсыз ұғым. Адамдар ата-анасының, жұбайының арқасында бақытқа жетіп, төрт түлігі сай болуы мүмкін. Бірақ, өзгенің көмегімен табысты бола алмайды. Табыс тек  әркімнің еңбегі арқылы қолға қонатын бақыт құсы.

- Екіншіден, бұл кітап қазіргі таңдағы дамыған елдердің адамның жеке дамуына қатысты жазылған, ең жаңа ғылыми зерттеулердің теориялық негізіне сүйеніп жаазылды.

-Үшіншіден, бұл кітап өмірде табысқа жеткен жандардың шынайы кешірмелері және өзімінің әулетімнің қилы тағдыры мен өзімнің басымнан кешкен түрлі сынақтарды еңсеруімнің шындығын көркем тілмен көмкеру арқылы оқырман жүрегіне жол табады. 

- Төртіншіден, бұл кітап рухани дүние тұрғысынан шектемеге ұшырамай, кең ауқымда, әлемдік масштапта ой қозғайды. 

– Қазіргі мотивациялық кітап авторлары жазған кітаптары мен өзі өткізетін тренингтер арқылы ақша  табатыны жасырын емес. Ал сіздің сүйікті ісіңіз қандай? Қалай табыс табасыз?

 – Сүйікті ісім – шығармашылық, табыс көзім - ұстаздық. Қазіргі кезеңде оқытушылардың жалақысы төмен, алайда, ақшаны басқару өнері болса, оны да "көбейтуге" болады. Менің жүрегімнен шыққан әрі өмірімнің ұстанымына айналған бір қағидатым бар. Ол: "Ақшаны табу - еңбек, басқару - өнер" - деген.  Адамдардың бәрі қалай болмасын түрлі ақшалай табыс табады. Алайда, сол табысты жеткізе алмайды. Он мың теңгені орнымен жұмсай алмаған адам 100 мың теңгені де құмға сіңген судай етеді. Дарақылық, қажетсіз бәсекелестік, ертеңгі күнін ойламау, көрсеқызарлық, мақсатсыздық секілді факторлар біздің халықтың  қаржылық сауаттылығының төмендігін көрсетеді. Біз осы "аурулардан" айығуымыз керек.

– Сіз кітапқа өзіңіздің бастан кешкен оқиғаларыңыз арқылы оқырманға ой тастағыңыз келеді. Сол оқиғалардың бірімен бөліссеңіз. 

–  Бұл кітапта өзімнің басымнан кешкен оқиғалардың біразы бар. Соның бірін жастарға, түлектерге тәлім болсын деген оймен "Арман адастырмайды" -деген тақырып аясында баяндадым. Мен Қытайдағы шахтерлер қаласында туып өстім. 1983 жылы 9-сынып оқып жүргенімде әкем науқастанып, қайтыс болды. Мен "отбасыма, анама көмектесейін" деген оймен 15 жасымда нәзік бозбала болсам да шахтер болдым. Қаланың сыртында орналасқан жерге автобуспен алып кетеді. Кеніштің аузынан будақ-будақ көтерілген түтінді көріп үрейленіп қалғаным әлі есімде. Кеннің ең тереңінде, ең ауыр жұмысты істедік. Бұл өте қауіпті жұмыс еді. Адамдарды тау жыныстары немесе көмір басып қалу, тоқ соғу, вагон қағып кету т.б. апатты оқиғалар мерт етіп жататын.        Жер астында күн-түн деген болмайды. Міндетті тапсырманы орындағаннан кейін ғана жұмысың аяқталады. "8 сағат істедім, енді түскі асымды ішемін" деген секілді еркіндік мүлдем жоқ. Бұндай ауыр жұмыс бұғанасы қатпаған маған аса ауыр болды.  Бала кезімде кітапты көп оқитын едім. соның пайдасы тиді. қиалымды әуелетіп, өзімді керемет жазушы, ақын секілді елестеттім. Жер астына  түскен кезде өшкендей болған барлық үмітімнің шоғын сол қиалдарым мен арманым арқылы сөндірмедім. Ақ жейдегі қызыл галстук тағып, көк түсті кейде қара түсті костюм шалбармен елдің алдында өлең оқып тұратын кезімді елестетінмін. Осылай қиялдай жүріп, жұмыс істей беретінмін. Сол қиялым шындыққа айналды. Қанша адамның алдына шығып сөз сөйледім, студенттерге лекция оқыдым. Арман алдамайды дегеннің рас екеніне көзім жетті. 

– Адам бойындағы жалқаулық пен еріншектіктен қалай құтылуға болады?

– Миды тазалап тұру керек. Қажеттіз ақпараттан  компьютерді тазалаған секілді миды да тазалап, жаңартып отыру керек. Кек сақтамау керек, жүректі ашық ұстаған жөн. Мен бұрын кекшіл едім. "Жетім бала кекшіл болады" демекші, кегімді қайтармай қоймайтынмын. Кейін кітапты, оның ішінде діни әдебиеттерді оқу арқылы бұл мінезден арылдым. Ал жалқаулықтан құтылу үшін адамда мәжбүрлік деген нәрсе болуы қажет. Мәжбүрлік болмаса қандай жұмыс, қандай мотивация болсын орындалуы қиынға соғады. Бізде жергілікті қазақтар: « Шет елден келген қазақтар пысық» - деп айтып жатады. Себебі олар жұмыс істеуге, кәсіп ашуға мәжбүр. Олардың сенетін ешкімі жоқ. Адамдар өздерінің күн тәртібін әдемілеп жасайды. "Таңертең ерте тұрып жаттығу жасаймын" дегендей, бірақ шынайы қажеттілік болмағандықтан аяқсыз қалады. сондықтан мәжбүрлік болып, қатты қалау болғанда адам баласы мақсатына жетеді.

– Сіз табысты қалай түсінесіз? Оған қалай қол жеткізуге болады?

– Табыс дегеніміз - еркіндік; Жан-жүрегің қалайтын жұмыспен айналысу; Өзіңнің қоғамдағы бір кісілік орныңды табу; Денің сау, отбасың аман болу. Табыс - тек қана нәтиже емес, ол -үрдіс. Білім алу жолындасың ба?, онда табыстысың, еңбек етіп, бала-шағаңды асырып жүрсің бе? онда табыстысың. табыс ақшамен өлшенбейді. Таңнан кешке дейін жұмыс жасап, қыруар ақша табатын, бірақ өзінің отбасы мен жеке басының дамуына уақыты жоқ адам табысты адам емес. Менің табыс туралы көзқарасым қысқаша осы. Ал оның толық мән-мағанасын, кітаптан оқи аласыздар.

Табысқа жетуде айтарым, адам үнемі ізденісте болуы тиіс. Себебі, табыс ешқашан күтіп тұрмайтын құндылық. Ол кенет келуі, аяқ асты кетіп қалуы да мүмкін. Бірақ ол адам өмірінде бір- ақ рет келетін, қайта айналып соқпайтын ғажап құбылыс емес. Ол адам үшін өмір бойы, әлденеше мәрте келетін, қайталанатын мүмкіндіктер. Табыс та Алла тағаланың жүрекке жасырған құпиясының бірі. Оны іздеу керек, оған бастар жолды білмек керек, сонда ғана оның келген сәтін сезіп білуге болады. Ал ізденбеген жерде адам оның келгенін, қасынан өтіп бара жатқанын, тіпті, қолын созса құшағына құлауға шақ тұрғанын да сезбейді. Ал ізденіп жүрген жан табыстың өзі түгіл елесін көріп, исін сезеді. Кім де болса, табысқа жетудің мүмкіндігін көбірек алғысы келеді, бірақ оған өзін дайындамайды. Дайындау үшін адам өмір бойы өзін дамытып отыруы шарт. Себебі табыс, сәттілік адамға айтып келетін қонақ емес. Сондықтан кез келген уақытта келетін табыс сәтін күтіп алуға дайын болуымыз тиіс. Табыста үш түрлі қасиет бар. Біріншіден, табыс та Алланың сипаты бар, ол Алланың сынағы, ал сынақ ұзақ болмайды. Екіншіден, табыста материалдық қасиет бар. Ол қымбат құндылық, ол қысқа уақыт ішінде өз құнын төмендетпейді. Үшіншіден табыста адами сипат бар, ашығын айтқанда табыс сұлу да, такаппар әйел іспеттес, ол сені сарыла күтіп отырмайды. Сенен де мықты адам кездессе, сонымен ілесіп кете барады. Сондықтан табыс осы шақтың нәтижесі, осы жер, осы сәт және өзің ғана, осы үшеуі табысты құрайды.

– Қазір өзгеріс керек деп жиі айтып жатамыз. Өзгеру үшін не қажет?

– Кезінде бір адам айтыпты: "Мен әлемді өзгертемін дедім, өзгерте алмадым, елімді өзгертемін дедім, бірақ өзгерте алмадым. Осы жасқа келгенде өзімді өзгертуім керек екенін түсіндім. Бірақ бәрі кеш"- деп. Сол данышпан айтқандай адам әуелі өзін өзгертуі керек. Біз  өзімізді өзгертуден көрі, өзгені өзгертуге көп күш саламыз. Кітапта осыған байланысты көптеген құнды дүниелер бар. Соның бірі - "Адамның өзін жеңгені, өзгені жеңуден маңызды" -деген тақырып. Бенджамин Франклин былай дейді: Дауласу, сөзбен мұқатып жеңу, кей кезде кезекті жеңіс сыйлауы мүмкін. Бірақ ол - мағынасыз жеңіс. Себебі осы барыста қарсы жаққа ұмытылмас, жағымсыз әсер қалдырасың.

– "Қазақ жалқау, қазақ еріншек" деген пікірлер жиі айтылады. Бұл қаншалықты дұрыс?

–  Оның да тарихи-географиялық себебі бар деп ойлаймын. Біз Еуразия даласында кең даланы иеленіп жаттық. Сонымен бірге көшпелі мал шаруашылығымен айналыстық, даламыз кең болғандай дүниетанымымыз, уақыт мен құнға қарата көзқарасымыз кең болды. Ал отырықшы халықта әр нәрсенің шекті, тар ауқымда болуы олардың арасында өзара бәсекелестікті қалыптастырды. Уақыт және құн көзқарасы дамыды.  Біз орталықта орналасқандықтан жан -жағымызда кімдердің барын білдік. Сол себепті дүние танымымыз горизанталь емес, вертикал бағытта дамыды деп ойлаймын. Біз рухани жағынан дамыдық. Ал теңіз жағасындағы халықта көк мұхиттың арғы жағында кім бар екен?-деген талпыныс тудырды. Сондықтан олар  горизонталь бағытта дүниетаным қалыптастырды. Ал ондай бағыт шынайылыққа, нақтылыққа жақын болды.

Бізде "Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес", "Байлық - қолдың кірі" -дегендей таным басым болды. "Өнер алды - қызыл тіл"-дедік. Бұның барлығы да әлгінде айтқан вертикал бағыттағы дүние танымның жемісі. Бұрынғы қазақ қоғамында ру-тайпа, туыс-туған ауылдасып, бірге жасады. Бай кім еді? ол өзінің туысы еді. Бай не жесе, ол да соны ішіп-жеп жүре берді. Қазір заман басқа болғандықтан, жаңаша көзқараспен өмір сүруіміз керек.

- Соңғы сұрақ, Сіздің жоғары оқу орныны түсуіңізде бір қызық оқиға екен. Түлектерге оң әсер етер деген оймен сол туралы айта кетсеңіз.

  • Дұрыс айтасыз, бұл туралы "Ай сәулелі әлемім" -атты кітабымда  жаздым: "Әкем 1983 жылы қазан айында өмірден өтті. Ол кезде мен 9-сынып оқушысы едім. Анама ес болайын деп шахтер болып, көмір қаздым. Жеті қат жер астында жүрсем де, «жоғары оқу орнын оқысам» - деген бір арман көкірегімнен өшпеді. Ақыры жұмыстан бір жыл рұқсат алып, мектебіме келдім.  Сыныптастарым 10-сыныпқа өткен, директор мені 9-сыныпты оқуымды бұйырды. 9-сыныпты екі-ақ ай оқып кеткен мен үшін оның айтқаны жөн еді. Бірақ,   намысқой басым оған көнбей, өз құрдастарыма қосылдым. Сөйтіп екі жылдың сабағын бір жыл оқып университеттен бір-ақ шықтым. Шынжаң университеті маған мол білім мен көзаямның есігін ашты. Мамандығым экономикалық география болғандықтан тұтас Қытай елін аралап, қаласы мен даласының сырына қанықтым". Міне қысқаша осылай болды. Ал көптеген құнды дүниелер кітапта жазылды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Естеріңізге сала кетсек, Қастер Сарқытқанның "Ешқашан жоқ деме, табыс құпиясы - өз әлеміңнің ішінде"- атты дәстүрлі құндылықтар негізінде осы заманғы табысты психологиялық кітабының таныстырылымы  ертең 11 желтоқсан 2019 жыл, сағат 11-00 де Абай атындағы ҚазҰПУ-нің бас оқу корпусында 202 конференция залында өтеді. Достық даңғылы 13, Қазыбек-би қиылысы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір