12 Маусым, 2013 NEWS
Қанішерлер бір азаматты және 2 сәбиді жас анасымен өлтіріп кетті
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың назарына
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың назарына
Кеше түнде Алматы қаласының тұрғыны, Қытайдан келген қандасымыз Ержанның отбасы орыны толмас қазаға ұшырады. Ержанның үйінде жоқтығын пайдаланып, оның жақын ағайыны 19 жастағы Елмұрат Шешенқұлұлы мен жары 34 жастағы Нұргүл Менесбаеваны өлтірген қанішерлер далада ойнап жүрген 7 жастағы Сыламнұр мен 3 жастағы Сырмұхамметті үйге шақырып, тұншықтырып өлтірген. Олар кәсіпкерлікпен айналысатын Ержаннің үйінде мол ақша бар деп ойласа керек, үйдегі шағын сейфті алып із суытқан.
Қазіргі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, күдіктілер 1983 жылы туылған бір өзбек азаматы мен 25 жастар шамасындағы екі Талдықорғандық жігіт. Ержанның үйінде еуроремонт жасап жүрген олар сейфті Көктөбе маңында бір үйге апарып, ашпақ болып жатқан жерінен тұтқындалған.
Бұл сұмдық оқиғаны естіген Алматыдағы ағайындар мен Қытайдағы қандастарымыз қазақ қоғамындағы мұндай қатігез қылмыстардың күн санап көбейіп келе жатқанына алаңдаулы. Қазалы отбасына көңіл айтқалы барған қарапайым жұрт Қазақстанда өлім жазасына мараторий жариялануына байланысты дәл осындай адам төзгісіз қылмыстардың жиілеп кеткендігін айтады.
Біздің журналистер қауымынан келгенімізді білген жұрт қанішерлердің қатаң жазалануын сұрап, егер тиісті жазасын алмаса ел болып қылмыстылардан қанды кегін алатындықтарын айтып отыр. Қаршадай сәбилердің жазықсыз өлімі кім-кімнің де жүрегін қан жылатады.
Етектері жасқа толған марқұмдардың туыстары Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтің бұл оқиғаға тікелей назар аударуын және болашақта осындай қанды қылмыстардың болуын азайту үшін Қазақстанда өлім жазасының қалпына келтірілуін сұрайды. Мұндай пікірді сонда жиналған қара орман халық құптап отыр.
Айдың-күннің аманында ертең ел тізгінін ұстайтын Сыламнұр, Сырмұхаммет сияқты сәбилерімізді өмірдің есігін ашпай жатып, қаныпезелердің құрбанына айналдырсақ елдің ертеңі не болмақ?!
Егер, осы бетімізбен кете берсек, кез келген қазақтың отбасында осындай құлақ естімес оқиғаның орын алмасына кім кепіл? Қасиетті Құранның өзінде біреудің мұрынын кескен адамның мұрынын кесу керектігін, еш жазықсыз біреуді өлтірген адамды өлтіру керектігі айтылған. Сондықтан адам өліміне қатысты жұрттың жағасын ұстатқан осындай қылмыстарға, ар-ұяттан жұрдай болған қылмыскерлерге ешқандай аяусыз жаза беру керек. Ол жаза – өлім!
Ертең, яғни маусымның 13-ы күні сағат 10.00-де Мақатаев көшесі мен Қонаев көшелерінің қиылысында марқұмдардың жерлеу рәсімі өтеді.
qamshy.kz
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір