• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 23:17:46
+35°

12 Желтоқсан, 2019 Барлық аймақтар

akorda.kz

–«Баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мемлекет болғанымызға 28 жыл толды. Бұл – тарихи белестеріміздің бастауы, ұлы мейрам!». Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев мемлекеттік наградаларды және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлықты тапсыру салтанатында мәлім етті.

–«Бүкіл еліміз үшін бұдан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ!
Тәуелсіздік – ұлтымыздың баға жетпес байлығы.
Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды.
Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды.
Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз.
Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы егемендік алған күннен басталды.
Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік.
Әлем бойынша тоғызыншы орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды.
Алатаудың баурайынан елордамызды Арқа төсіне көшіріп, Есілдің жағасына ел қондырдық.
Бас қаламыз аса маңызды халықаралық жиындардың орталығына айналды.
Мемлекеттік және азаматтық институттарға негізделген басқару жүйесін жетілдірдік.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндетіміз болды.
Қиындыққа толы алғашқы жылдарда экономикада түбегейлі реформаларды қолға алдық.
Соның арқасында 28 жыл ішінде ішкі жалпы өнім абсолютті өлшемде 16 есеге өсіп, 180 миллиард доллар болды.
Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді.
Еліміз халықаралық экономикада өзінің лайықты орнын алды.
Бізге шет елден 330 миллиард доллар инвестиция тартылды.
Осының бәрі, ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Бұл, еліміздің абыройын және кемелдігін айқын көрсетеді.
Тарихта тұңғыш рет халқымыз өз тағдырына ие болды.
Бүгінде азаматтарымыз өзінің және мемлекетіміздің болашағына нық сеніммен қарайды.
Еліміз сан қилы тарих зұлматтарын өткеріп, еңсесін тіктеді. Әлем қоғамдастығына нық қадам басты.
Халық саны 2 миллионға көбейіп, Тәуелсіздік алдындағы демографиялық дағдарысты еңсердік. Қазір біз 18,5 миллионнан астық!
Мемлекетіміздің даму бағдарын өзіміз айқындау мүмкіндігін алдық.
Бүгінде еліміздің жаңғыру үлгісін «Қазақстан жолы» деп атайды.
Осындай ауқымды өзгерістерге Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы және көшбасшы болды.
Жаһан жұртшылығы Елбасымызды әлемдік деңгейдегі тарих тұлға ретінде мойындады.
Барлық салада толайым табысқа кенелдік деп күмәнсіз айтуға болады. Мұны бүгінгі буын және келер ұрпақ бағалауы керек.
«Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деп Хакім Абай айтқандай, біз бұған оңайлықпен жеткен жоқпыз.
Сондықтан, бұл мереке – бүкіл халқымызға ортақ тәубенің тойы, мәртебенің мерекесі!
Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оны қадірлеу – баршамыздың қасиетті борышымыз.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір