• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 15:51:49
Алматы
+35°

Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, сол оқиға туралы 12 айғақ кітаптың авторы, «Жыл он екі ай» балалар журналының бас редакторы, публицист Талғат Айтбайұлы "Желтоқсан оқиғасы қолдан ұйымдастырылған және оны ұйымдастырғандар қазір билікте отыр" деп есептейді. Журналист мұндай қорытындыға ұзақ жылғы зерттеудің нәтижесінде келген. Бұл туралы ол Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді. 

– Биыл – Желтоқсан оқиғасына 33 жыл. Бұл уақыт Желтоқсанға оқиға емес, көтеріліс деп баға беруге жетпеген сияқты. Тарихи шындық орнауына әлі қанша уақыт керек?

– Шын мәнінде тарихи шындық орнаған. Тек бұны қазіргі билік мойындағысы, көргісі келмей отыр. Қанша уақыт керегі билік ғұмырының қанша уақытқа созылатынына байланысты. Тарихи шындық орнаған деуімнің себебі мынау: осыдан 3 жыл бұрын елордада Желтоқсанның 30 жылдығына орай халықаралық конференция өткен. Оған әлемнің 11 елінен тарихшылар, ғалымдар, журналистер қатысып, «Желтоқсан – оқиға емес, көтеріліс» деген баға берген. Бұны бұдан 23 жыл бұрын, яғни 1996 жылы Желтоқсанның 10 жылдығына орай өткен конференцияда жасаған баяндамасында сол тұста мемлекеттік хатшы болып тұрған Әбіш Кекілбаев Желтоқсан көтеріліс екенін жан-жақты дәлелдеп берген. Ресми түрде тарихи бағаның берілмей отырғаны – бүгінгі биліктің үлкен міні.

– Осы 33 жылда Желтоқсанды халық жадында жандандыру әрекеті көп болды ма, жасыру, көмескілеу көп болды ма?

– Билік көмескілеуге барынша тырысып бақты. Ал зерттеушілер, желтоқсаншылар Желтоқсанды жанкештілікпен насихаттап, көлеңкелі тұстарын, жасырылып келген, ашылмай келген тұстарын бұқараға кеңінен жеткізуге тырысты.

– Өзіңіз айтқандай 86-ның қысындағы жағдайды ұмыттыруға тырысушы билік діттегеніне жете ала ма?

– Әзірше діттегеніне жетіп тұр. Желтоқсанның 10, 20, 30 жылдығы жетім қыздың тойындай аталып өтілді. Билік ресми басылымдарға «Желтоқсан» туралы аузын ашқызбады деуге болады. Әлі де ашқызбай келеді. Бұрынғы «Брежнев» алаңы желтоқсаншылардың құрметіне берілуі керек еді. Қазір ол жерді көр қазғандай қазып тастады, асты сауық-сайран мекені...

– Жаңа бір сөзіңізде «Желтоқсанның ашылмаған тұстары» деп қалдыңыз ғой. Желтоқсанның ашылмаған қандай шындығы бар?

– Мен сол ызғарлы күндерде алаңда болдым. Одан кейінгі 33 жылды осы Желтоқсанды зерттеуге арнап келем. Қаншама мұрағаттарды ақтардым. Адамдармен жолықтым. Газеттердің тігінділеріне телмірдім. Осы еңбектер 12 айғақ-кітап болып шықты. Ертең 13-томы шыққалы отыр. Осынша зерттеуден кейін бір шындықты аштым. Желтоқсан көтерілісі әдейі ұйымдастырылған.

– Бұл қалай болғаны? Желтоқсан талай жыл қордаланып, елдің ішінде қайнап жатқан ашу-ыза Қонаевты басшылықтан алып тастап, орнына Колбинді әкелгенде жарылып, жастардың көшеге шығуына себепші болды деген бәріне белгілі нұсқаны қайтеміз?

– Мен де ұзақ уақыт қазақ жастарын патриоттық сезім жетелеп, алаңға алып шықты деп ойлап келдім. Әлбетте алаңға шыққан жастардың басым көпшілігін патриоттық сезім алып шықты ғой. Алайда солардың сезімінен ойнаған, алаңға бастап шыққан ұйымдастырушылар болды. Желтоқсанның басында Қонаевқа қарсы мәселе тұрды. Мәскеуге Қонаевты масқаралап, қаралап биліктен кетіру керек болды. Сол үшін қанша тергелді, тексерілді. Бірақ ілік боларлық ештеңе таба алмады. Бәрібір биліктен тайдырып, жастарды алаңға ұйымдастырып алып шықты.

– Сонда кім ұйымдастырып шығарды?

– Бұны биліктің өзі «Метель» операциясының негізінде ұйымдастырды. Басқарушысы Мәскеуде отырды. Ол – КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы М.С.Горбачев, КГБ-дағы адамдар. Бұны Қазақстан Компартиясының идеология жөнінде хатшысы болған Закаш Камалиденов, Министрлер Кеңесінің  төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев білді деп ашық айта беруге болады. М.Шаханов комиссиясы ұйымдастырушыларды қанша іздеді. Бірақ таба алмады. Олай болатын себебі, әлгіні ұйымдастырған кінәлілер билік басында отырғанда өз-өздерін әшкерелемеді.

– Ұйымдастырды дегенге нендей уәж келтіресіз?

– Бұған бірнеше уәж келтіре аламын. Желтоқсаншылар комиссиясында үлкен қызмет атқарған Сабыр Қасымов деген ағамыз бар. Менің Желтоқсан туралы айғақ-кітаптарымның 2-томының соңында тарихшы Мәмбет Қойгелдінің сол кісімен жүргізген сұхбаты енген. Сонда Қасымовтың Үлкен үйде отырған бір кісіге (оның кім екенін іштей сезіп отырсың – Т.А.) Желтоқсанның шындығын ашайық, соны өзіңіз ұйымдастырдыңыз ғой деп айтқаны, әлгі кісінің әуелгіде келісіп, жеме-жемге келгенде оған батылы бармағаны жазылған. Бұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, Компартияның идеология жөнінде хатшысы болған Закаш Камалиденов Желтоқсанның 30 жылдығына орай сексенге келер шағында режиссер Әсия Байғожинамен кездесіп, үш сағат бойы Желтоқсан туралы бар шындықты, бәрін ақтарып айтып берген. Ол таспаға түсірілген. Оның сыртында көзім жұмылмай тұрғанда Камалиденов Молдағали Матқан ағамызға да бәрін айтып, арылып кетемін деген екен. Бұл екі кісі де елге белгілі, айтар ойлары анық адамдар.

Үшіншіден, мынаны қараңыз. Қазақстан тәуелсіздігіне биыл 28 жыл. Осы аралықта гүлденіп, көктеп кеткеніміз шамалы. Үйсіз, күйсіз жүргендер қаншама. Үкімет жерге дейін Қытайға сатып жібере жаздады. Бала-шаға қаңғып, жұмыссыз жүр. Жастар шетелге босуда. Қазіргі жағдай Колбин кезіндегіден де жаман, өте күрделі. Патриот болсақ, осының бәрін сезе, төзе отырып, неге сол уақыттағыдай алаңға шықпаймыз? Желтоқсан деңгейіндегі көтеріліс неге болмайды? Шыға алмаймыз. Өйткені Желтоқсандағыдай билік жақта ұйымдастыратын ешкім жоқ. Оларға керегі – елді езу, тұншықтыру, мінез көрсеткендерді түрмеге тоғыту...

– Өзіңіз айтқан Закаш Камалиденовтың сұқбаты таспаланған видеокассета қайда, ол неге еш жерде жарияланбаған?

– Оны таспаға түсірген режиссер «аға, айтарыңызды айтып болдыңыз ба?» деп сұраған, «болдым» дегенде өзінің көкейде жүрген сауалдарының бәрін берген. Бәріне жауап алған. «Айналайын, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Осы әңгіме осыған дейін жүйкеме жүк болып еді, арылдым» деген екен. «Үш сағаттық жазбаны пайдалансам, пайдаланармын, оның реті келмесе, архивте қалады» депті оны түсірген режиссеріміз.

Желтоқсанның ақиқаты туралы білетіндер көп. Бірақ көбі айта алмайды. Қорқады. Қызметіме зиян тиіп кете ме деп қорқады. Одан басқа да түрлі себептері бар. Желтоқсанда жастар жағында болмағандардың қазір қаншасы билікте отыр, құқық қорғау органдарында қызметте жүр. Олардың аузы буулы. Желтоқсанның ақиқаты әлі-ақ солардың аузымен айтылады...

– Енді мынаны айтыңызшы. Күнпарақта 16, 17, 18 желтоқсан жақындағанда студенттерді сабағынан босатып, қаланы мейлінше жастардан «тазалау» жылдағы «дәстүрге» айналған. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл сұрақтың жауабы да алдыңғы жауаппен тағдырлас. Кезінде Желтоқсанда халыққа қарсы жұмыс істегендер билікте отыр. Олар ақиқаттың ашылғанына мүдделі емес. Осы тақырыпты қозғау өздеріне өте ауыр тиеді. Сондықтан бұл күнді барынша атап өтпеу, Желтоқсан туралы ештеңе айтпауға, айттырмауға тырысады. Тіпті күнпарақта осы күндер болмаса екен деп армандайтын шығар.

– Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күні жылда Тәуелсіздік мерекесінің тасасында қалып келеді. Сіздіңше, о баста Тәуелсіздік мерекесін 16 желтоқсанға белгілеу – сәйкестік пе, әлде Желтоқсанды қасақана ұмыттыруға тырысу ма?

– Бізде Назарбаевтың ғана билігі жүреді. Бүкіл заң соған қызмет етеді. Назарбаев Желтоқсаннан саналы түрде қашты. Әйтпесе, Тәуелсіздік күнін КСРО-ның құрылуы туралы шарт бұзылған 8 желтоқсанға неге белгілемеді? Бұл – желтоқсанды ұмыттырудың, Желтоқсанды Тәуелсіздік мерекесінің тасасына қалдырудың айлалы әрекеті. Әлі-ақ бәрі орнына келіп, тәуелсіздік туралы декларация қабылданған 25 қазан – Тәуелсіздік күні болып аталып өтіледі. Оған сенімім кәміл.

– Желтоқсаншылардың мәселесін көтеріп жүрген бірнеше қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар бар. Алайда олардың біразы өзара дүрдараз. Неліктен?

– Бұны жасап отырған – билік. Сол қозғалыстардың төрағаларының ғана есебі түгел, қарны тоқ. Өйткені оларды қаржыландырады. Билікке сатылған басшылардың кесірінен қозғалыс мүшелерінің бастары бірікпейді. Ең іргелі «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының өзі қазір екіге бөлініп, ара-дара болып жатыр. Бірі – биліктің, бірі желтоқсаншылардың сөзін сөйлейді.

– Кеше бір топ желтоқсаншылар баспасөз жиынын өткізіп, алдағы күндері халықты алаңға шықпауға шақырды. «Желтоқсан рухы» бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбеков «алаңға шығып, тәуелсіздік күніне заяны тиетін сөз айтсаңдар, аяқтарыңды сындырып, жақтарыңды айырамын» деген сөздер айтты. Бұл әрекеттері биліктің тапсырысы емес дейді. Сіздіңше қалай?

– Талғат Рысқұлбеков билікке жұмыс істейтін жігіт. Ағасы Қайрат батыр еді. Ал Талғаттың халыққа бұлай деуге қандай хақысы бар? 16-17-сі алаңға шығам дегендерге кедергі келтіру дұрыс емес. Ешкімге қару алып, билікті құлат деп жатқаным жоқ. Пікіріңді, шындықты алаңға шығып айтсаң, биліктің саясатын сынасаң, айып болып па? Биліктің алаңға шыққандарды, халқы үшін жаны ауыратындарды қамауға қандай хақысы бар?! Бұлай болмауы керек. Әркім өз ойын айтуға құқылы. Ол үшін ұстап, қамау масқаралық. Бұл Талғатқа да, ол сойылын соғып отырған биліктегілерге де айтар сөзім!

P.S. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Әсия Байғожинаға хабарласқанында режиссер Талғат Айтбайұлының сөздерін растады. Закаш Камалиденовпен екеуара болған әңгіме барысында түсірілген бейнетаспа режиссердің жеке мұрағатында сақтаулы екен. "Қамшы" тілшісінің бейнежазбаны көрсетуін немесе әңгіме желісін сұрағанында әзірге айта алмайтынын, шамамен бір-екі жылда фильм етіп шығаратынын мәлім етті.

Желтоқсан оқиғасы кезінде және оқиға туралы түсірілген бейнежазбалар:

Оқи отырыңыз:

♦ Кекілдерін қайырып, жақтарын айыруға дейін барамыз – Талғат Рысқұлбеков (видео)

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Желтоқсан оқиғасы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір