• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 23:55:55
Алматы
+35°

 

Оныншы. Тәуелсіз Қазақстанның саяси билігі мен ресми академиялық ғылымы әлі күнге дейін Орал қаласында қаһарман-студенттер құрған «Қазақ халқын қорғау одағының» (басшысы атылып, мүшелері сотталған), Қарағанды облысындағы «ЕСЕП» партиясының, Павлодардағы «Жас ұлан» («Молодая гвардия») партиясының, Алматыдағы «Азат», «Желтоқсан» (1989-1991 гг.) және басқа да аты көпшілікке белгілі емес қоғамдық-саяси ұйымдардың бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін, не құрылу себептерін зерттемеді, насихаттамады, бұл ұйымдар 20-шы ғасырдың ортасынан бастап қазақ халқының азаттығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресті ұйымдастыруға тырысқан болатын.
1979 жылы бұрынғы Целиноградта Қазақстанның тұтастығын бұзып, оның аумағында неміс автономиясын құруға қарсы халықтың жаппай наразылығына және соған орай жасалған көптеген митингілерге объективті саяси баға берілмеді. Хрущевтің волюнтаризміне ашық қарсы шығып, Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғаған ҚазКСР Министрлер Кеңесінің бұрынғы Төрағасы Ж.Тәшеновтың азаматтық ерлігіне де әлі күнге дейін тиісті түрде мемлекеттік баға берілмеді.
Қазақстандағы 1960 – 80-ші жылдардағы наразылық қозғалысын да жан-жақты зерттеп, оған объективті ғылыми-тарихи баға беру қажет. Атап айтқанда, біздің еліміз қазақ халқының мүддесі үшін әртүрлі әдіспен тоталитаризммен күрескен біздің диссиденттеріміз Махмет Құлмағамбетовтың, Хасен Қожахметтің және әртүрлі салалар мен өңірлердегі, аттары онша белгілі емес басқа да көптеген қаһармандардың қоғамдық-саяси қызметіне мемлекеттік баға берген жоқ. Осы және басқа да фактілер сол жылдары қазақ халқының патриоттары мен үздік өкілдері өз Отанының азаттығы үшін күресті тоқтатпай, жалғастыра бергенін көрсетеді. Бұл мысалдар өз Отанына деген кіршіксіз махаббаттың, патриотизм мен адал қызмет етудің көрінісі ретінде мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізілуге тиіс. Олар бойынша диссертациялар қорғалып, кітаптар жазылуы, фильмдер түсірілуі керек.
Он бірінші. Жұртшылық Қазақстандағы желтоқсан көтерілісіне (1986 жылғы) толық мемлекеттік және саяси баға берілуін күтіп отыр. Біздің мемлекет қазақ халқы мен Қазақстанның ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғаған қазақ жастарының жаппай батырлығы мен патриотизмін тануға тиіс. «Халық қаһарманы» атағына Қайрат Рысқұлбеков қана емес, Ербол Сыпатаев та, Хасен Қожахмет те, Құрманғазы Айтмырза мен басқалар да лайықты. «Желтоқсан-86»-ның 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда он елден келген ғалымдар осы көтерілістің, яғни соңғы елу жылда КОКП ОК-ның ұлттық саясатына қарсы шыққан халықтың алғашқы жаппай бас көтеруінің саяси және тарихи маңызына жоғары баға берді. Осы конференцияның Қарарын орындау қажет. Біздің жоғарғы билік қоғамның толқуын болдырмау деген сияқты әсіресақтықтың салдарымен саясаттағы кейбір топтардың, сонымен қатар құқық қорғау органдары басшыларының мүдделерін жақтап, Конституциялық соттың судьясы Г.Ким екеуміздің осы оқиғаға байланысты Конституциялық соттың ашық тыңдауына дайындаған еңбектеріміздің жолын кесіп тастады. Осы іс бойынша азаматтардың конституциялық құқығын аяққа басқандығы, саяси қарсылықты күш қолданып таратқандығы, қатысушыларды жазықсыз қудалағандығы үшін соттылық жауапкершілікке мемлекеттік органдар басшылары, ірі лауазым иелері тартылуға тиісті еді. Осы құжаттармен танысқан сарапшылар оның материалдарын «Қазақстан компартиясына жасалатын «кіші Нюрнберг процесі» деп бағалаған болатын.
Осы іске жол ашпаудың салдарынан көтеріліске қатысушыларды (тіпті оған ниеттестерді) жаппай және жүйелі түрде қудалау мен қуғын-сүргінге ұшыратуды тікелей ұйымдастырған және бақылап отырған Қазақстан Компартиясы ОК, әсіресе Алматы облыстық және қалалық партия комитеттері шенеуніктерінің, құқық қорғау және сот органдары өкілдерінің түгел аты-жөні және көтерілісшілерге қарсы қылмыстары аталған жоқ. Атап айтқанда олар Алматы қаласының көшелерінде ұлты қазақ азаматтарды жаппай ұрып-соғу мен қорлауды өздері ұйымдастырып, өздері бүркемелеп отырды, көтеріліске шыққан халыққа қарсы басқа қылмыстарды да жасады. Ал халық өзін қилы заманда сатқан және жазықсыз қудалаған жандардың кімдер екенін білуге құқылы.
Он екінші. Біздің барлық архивтерімізді толықтай ашып, шетелдік қорларда бар материалдарды жинап, сталиндік басшылықтың кінәсінен герман фашизміне (бұл туралы ресейлік және шетелдік зерттеушілер, сарапшылар үнемі жазады) тұтқынға түскен және «Түркістан легионы» деп аталатын жерде уақытша болған, кейіннен Кеңес Одағында аяусыз қуғын-сүргінге ұшыраған, сөйтіп екі рет абақты азабын тартқан қазақстандық әскери тұтқындарға объективті ғылыми-құқықтық баға беру қажет. Олардың арасында ақталмағандарды ақтау керек. Бұл алдағы уақытта мемлекет басшыларының өздерінің саяси және стратегиялық қателіктерін қарапайым адамдардың мойнына артуына жол бермес үшін қажет. Мысалы, Ресейдің Тұңғыш Президенті Б. Ельцин сонау 1995 жылы өзінің шешімімен ресейлік әскери тұтқындарды ақтады.
Он үшінші. Мемлекет қозғатпайтын және «жауып тастаған», бірақ қоғамда қызу талқыланып жүрген кейбір қазіргі заманғы мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Бұл жерде халқымыздың бірлігі, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздік проблемасы, еңбек адамына деген құрмет, сондай-ақ Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен Қаһармандарымыздың патриотизмі мен ерлігін халық жадында мәңгі сақтау жөнінде айтқалы отырмыз.
Отаршыл және тоталитарлық биліктер, олардың арнаулы қызметтері, әр режим өзінің әдістері арқылы «бөліп ал да билей бер» деген саясатты іске асыра отырып, қазақ халқының жүздер мен руларға бөлінгенін жасырын көтермеледі, қазақ халқының бірлігін әлсірету үшін олардың арасында әдейі өшпенділік отын жақты. Өкінішке орай, тәуелсіздік жылдары ішінде біздің орталықтағы, сондай-ақ жергілікті жердегі билігіміз біртұтас қазақ халқын рулар мен жүздерге бөлудің жолын кеспеді, қайта біздің патриархаттық ауруымызды ұлттық дәстүрлерді сақтау деген желеумен өздерінің тайпалық және пайдакүнемдік мақсаттарына пайдаланып бақты. Біз бүгін халықты алдағы уақытта болуы мүмкін қандай талас-тартыстарға бастап отырғанымызды түсінеміз бе? Ешкім де қазақ дәстүріндегі жеті атасын білуге және осы аталарының жақсы істерін ұрпағына білдіріп отырғанына қарсы емес. Алайда, адамзат 21-ші ғасырда өмір сүріп отырғанда, біз осызаманғы біртұтас қазақ мемлекетін құруға ұмтылып отырғанымызда мемлекет құраушы халықтың санасына, әсіресе жас буынға руға бөлу мен жүзге бөлу идеясын жалаулатуымыз қалай? Бұл көзі ашық жандар үшін және халқымыздың нағыз патриоттарының бағалауынша өз халқымызға қарсы, оның тұтастығын ыдыратуды көздеген саяси қылмыс, қазақ халқының түпкілікті және стратегиялық мүддесін сату деген сөз.
Біздің зиялы емес, зиянды қауымның көптеген өкілдері, тіпті қоғамтанушы ғалымдар да осы ауруға ұшырап, әлі күнге дейін ұлттық сана-сезім деңгейіне көтеріле алмай жүр. Олар бүкіл қазақ халқының мүддесіне зиян келтіре отырып, өз руы өкілдерінің арам істерін өтірік дәлелдеп, жанын салып қорғап жүр. Бүгінгі күні біздің бүкіл өңіріміз және барша қоғам топтары осы ауруға шалдығып отыр. Бұл халықтың бірлігіне кері ықпалын тигізіп, жастарды аздыруда, ұлттық қауіпсіздік негіздерін бұзуда. Біз, қазақтар әлемнің басқа халықтары сияқты рулық санадан ұлттық санаға көшуіміз, жалпыұлттық сананы басты басымдыққа айналдыруымыз керек. Себебі ұлттық бірдейлік пен бірлік қана ұлттық мемлекет құрудың іргетасы бола алады. Қазақстанның жаңа билігі осы пәлекетке қарсы өркениетті жолмен күрес жүргізуге тиіс
Мысалы, күш құрылымдарының басшы және жауапты лауазымдарына, сондай-ақ ресурстық және қаржылық жағынан табысы мол жерлерге негізінен протекция бойынша белгілі бір рулар мен тайпалардың өкілдері тағайындалады. Нағыз кәсіпқойлар мен мемлекетшіл мамандар олардың біліксіз және жемқор басшылық стиліне бағынуға және көнуге мәжбүр. Бұл жеке және ұжымдық деңгейлерде ауыр қабылданып қана қоймай, экономиканың өркениетті жолмен дамуына, мемлекеттік қызметке, қоғамдағы имандылық ахуалына, сондай-ақ мемлекеттің беделі мен оған деген құрметке орасан зор залал келтіреді. Бұл келеңсіз практиканы, әрине, облыстардың әкімдері, министрлер, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік мекемелердің басшылары қайталап отыр.
Бұл масқара құбылысты ең жоғары деңгейде айыптап, мемлекеттік және қоғамдық өмірден аластау қажет.
Он төртінші. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мәселелері де біздің билік үшін жабық тақырып болып табылады. Ұлттық қауіпсіздікке төнетін осы қатер түрімен Мемлекет басшысы да, Парламент те, Үкімет те мемлекеттік тұрғыдан елеулі түрде айналысқысы келмейтін секілді. Тек Қазақстанда ғана елдің басты идеологы болып табылатын адам басқа мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етіп (шпиондық жасап), мемлекеттік тілді білмейтін адам Ақпарат министрі болып жұмыс істей алады. Тек біздің елде ғана орталықтағы, сондай-ақ өңірлердегі идеология мен насихат жұмысына жауап беретін мемлекеттік қызметшілер Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі дегеннің не екенін толық түсінбейді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жыл ішінде биліктің бұл проблемаға жауапсыз және салғырт қарауының салдарынан біздің азаматтарымызда қазақстандық жалпыұлттық, біртұтас саяси және патриоттық құндылықтар мен көзқарастар қалыптаспады. Біз өзіміздің принципсіз және дәрменсіз қалпымыз арқылы қазақстандықтардың бөлінуіне ықпал етіп отырмыз.
Біздің аумағымызда тәулік бойы кеңінен және бақылаусыз насихатталатын өзімізбен дос, көрші мемлекеттердің саясаты мен идеологиясы біздің халқымыз бен қоғамымызды екіге бөліп отыр. Біздің азаматтарымыздың белгілі бір бөлігі басқа мемлекеттердің мүдделері мен құндылықтарын бағдар тұтады. Бөгде мемлекеттердің ұлттық мүдделерін идеологиялық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған бұл құндылықтар мен доктриналар шын мәнінде Қазақстанның мемлекеттік саясаты мен ұлттық мүдделеріне сай келе бермейді. Бұл заңды да.
Бір нәрсе анық, әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекет өзінің ұлттық қауіпсіздігін ойлай отырып, өзінің ақпараттық кеңістігін сенімді түрде қорғауға міндетті. Тәуелсіз Қазақстанның аумағында не америкалық, не қытайлық, не ресейлік, не батыс еуропалық, не радикалды мұсылмандық насихат тәулік бойы байқаусыз, бақылаусыз өз насихаттарын жүргізуге құқы жоқ. Бұл халықаралық құқы мен тәжірибеге қайшы. Осы аталған бірде-бір елдің идеологиясы мен саясаты қазақстандықтардың ақыл-ойын билеуге тиісті емес. Басқаша болса біздің билігіміз бен бостандығымыз түкке тұрмайды деген сөз. Бізде өзінің Отанына патриоттықпен қызмет көрсете алатын талантты идеологтар, политологтар және журналистер жеткілікті, тек солардың жолдарын ашу керек.
Біз еліміздің ұлттық мүдделерін қорғай білуіміз, келіссөзге қабілетті болуымыз және өз ближних и дальных көршілерімізді Қазақстан қоғамындағы ішкі қауіпсіздік, бірлік пен тұрақтылық өзара дос мемлекеттер ретіндегі екі елге де маңызды және қажетті екеніне сендіре алуымыз қажет.
Біз бүгінгі күні өз көршілерімізбен арадағы мемлекетаралық шарттарда көзделген тең құқылық, тату көршілік және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидатарының сақталуына қол жеткізуге тиіспіз. Біз отаршылдықтан және коммунистіктен кейінгі синдромнан арылуға міндеттіміз, әйтпесе кеш болады.
Біздің арнаулы қызметтеріміз, ҰҚК құрылымдары саяси элита мен олигархтардың мүддесі мен саулығын ғана күзетпей және оппозициямен алыспай, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін, қоғам мен азаматтардың амандығын қамтамасыз етуі керек. Бүгінгі таңда кейбір елдердің империялық амбициямен жасанған белгілі топтары халықаралық құқыны аяққа таптап, Қазақстанды қайтадан қолдарының астына алып, бағынышты қылғысы келетінін барлық көзіқарақты адамзат біліп отыр. Өзінің мақсаттарына жету үшін олар кейбір басшылардың биліктен айрылғысы келмейтін осал тұстарын, жаппай сыбайлас жемқорлыққа батқандықты және олигархиялық элитаның халық мүддесінен алшақтағанын пайдаланғысы келіп, түрлі салаларда колониалдық тактиканы жүргізуге тырысуда, соның ішінде бетіне шіркеу жапқан ақпараттық экспансияны жүргізуде. Соның нәтижесінде басқарушы орындарға негізінен мәңгүрттенген қазақтар тағайындалып жатыр, мемлекеттік тілде жұмыс істеуге қабілеті жоқ ондайлар ақпараттық агрессияның түпкі мақсатын түсінбейді, мемлекеттік органдарда іс жүргізу де өзге елдің тілінде атқарылады. Бұл әрине, өз алдына көтерілетін өте үлкен проблема.
Сондықтан Қазақстанның аумағында шетелдің телеарналарын тура және бақылаусыз трансляциялау мәселесін түбегейлі шешуге тура келеді. Қайта өзіміз екі-үш телеарна ашып, оларда Қазақстан халқының достығы, патриотизмі мен бірлігі тақырыптарын талқылауымыз, қазақ емес ұлттан шыққан қаһармандарымызды ұлықтауымыз қажет. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған қазақстандықтардың достығын, бауырластығын айғақтайтын әртүрлі материалдарды жазып-көрсету, осы тақырыпта көркем және деректі фильмдер түсіру, кітаптар жазу аса қажет. Бұл үшін тағы да осы салалардағы саяси, имандылық және кадрлық сыбайлас жемқорлықты түбірінен құртып, Қазақстанның нағыз патриоттарына – талантты, сценарийшілерге, журналистерге, редакторларға, суретшілерге, жазушыларға және басқа мамандық иелеріне жол ашу қажет. Әйтпесе, қазіргі қазақстандық БАҚ материалдарының сапасы сын көтермейді.
Он бесінші. Қазақстанның жаңа басшылығы, біздің жаңа идеологтарымыз тәуелсіздік жылдары ұмыт қалған еңбек адамына деген құрметті қайта қалпына келтіруі қажет. Біздің шенеуніктер байлық пен даңқтың, өзін-өзі жарнамалаудың соңына түсіп, жолдарды, өндірістік және әлеуметтік нысандарды өз қолымен салатын, астық өсіріп, мұнай өндіретін, ғылыми және технологиялық жаңалықтар ашатын еңбек адамын ұмытып кетті. Мемлекет қарапайым адамға деген құрмет сезімін жоғалтты.
Еңбек адамына әлеуметтік жеңілдіктер беру, оларды мемлекеттік наградалармен наградтау практикасын қайта жаңғырту, жер-жерде және барлық экономика салаларында қоғам мен мемлекеттің еңбеккер адамға деген сый-құрметін қайта оралту қажет. Шенеуніктерді, байларды, әртүрлі алаяқтарды, жағымпаздар мен қылмыстық ұйымдасқан топ мүшелерін мемлекеттік наградалармен жаппай марапаттауды және ұлықтауды тоқтату керек.
Және соңғысы. Мемлекеттік деңгейде объективті баға берілмей келе жатқан, күні бүгінге дейін нақты мемлекеттік тәсілдері мен стандарттары айқындалмаған тағы бір жабық тақырып – бұл Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен біздің қаһармандарымыздың ерлігі мен батырлығын мәңгі есте қалдыру проблемасы.
Егер біз шынында да Қазақстанның мемлекеттік азаттығы мен тәуелсіздігін өзіміздің Қастерлі киеміз, ең жоғарғы жетістігіміз, ең жоғарғы құндылығымыз және халқымыздың қазынасы, ата-бабаларымыздың іс жүзіне асқан көпғасырлық арманы деп санайтын болсақ, онда өз өмірін Отаны мен халқын азат етуге арнаған, осы идеал мен арман үшін жан қиған, осы жолда өзі де, жақын туыстары да әртүрлі зұлмат пен ауыр сынақтарды бастан кешкен, бірақ өз жолынан таймаған, өз күресін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған жалпыұлттық қаһармандарымыздың батырлығы мен ерлігі Қазақстан халқының жадында мәңгі сақталып, біздің Отанымыздың бүгінгі және болашақ қорғаушылары үшін жарқын өнеге болуға тиіс.
Патриот жұртшылықты, мысалы, неге біз әлі күнге дейін тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасында Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, алашорданың көрнекті басшылары секілді және басқа да нағыз қаһармандардың ерлігін тиісті және лайықты түрде мәңгі есте қалдырмадық деген сұрақ мазалайды. Себебі бұл бүкіл Қазақстанның астанасы емес пе...
Кімді қаһарман деп санау, кімді қаһарман деп санамау мәселесі мемлекеттік деңгейде тұжырымдалып, заңнамалық тұрғыдан ресімделген жоқ. Соның салдарынан бұл мәселелер көбінесе мемлекеттік тұрғыдан шешілмей, мұнда субъективизм, протекционизм мен трайбализм белең алып кетеді. Бүгінгі күні халық арасында «Көшенің аты – көкеме, ауылдың аты – атама» деген сөз кеңінен тарап кетті. Бұл мәселелерді формалды түрде және заң бойынша Ономастика комиссиясы қарап, мәслихаттар мен әкімдердің қарауына шығарады. Ал іс жүзінде оларды Президент, Үкімет, облыстардың, қалалардың және аудандардың әкімдері негізінен өз өресі мен мүддесін, сондай-ақ саяси конъюнктураны негізге ала отырып шешеді. Өңірлердегі өлкетанушылар мен қоғам белсенділерінің мәліметі бойынша, аталған мәселелерді шешу кезінде кей-кезде саяси ғана емес, қаржылық жемқорлық фактілері де орын алады.
Өкінішке орай біз кей жағдайда астанамызда, облыс орталықтарында, қалалар мен аудандарда өзіміздің нағыз қаһармандарымыздың орнына халқымыздың қастерлі идеалдарын сатқан, қаһармандарымызға қарсы шыққан, отаршыл және тоталитарлық саясатқа барынша беріліп, жанын салып қызмет еткен, империялық саясаттың идеологтары және сталинизмнің пропагандистами , рупорлары болған, мемлекет және саясат қайраткерлеріне ескерткіш қойып, көшелер мен мекемелерге солардың атын береміз.
Қолда бар деректерге қарасақ, кезінде Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерді басып-жаншуға және қудалауға қатысқан, қазақ халқының ұлттық (саяси, азаматтық, мәдени, тілдік) құқықтарына қысым көрсеткен қайраткерлердің бай және ықпалды ұрпақтары жұртшылықтың пікіріне қарамастан, әкімдердің қолдауына сүйеніп, осындай ата-бабаларына ескерткіш қойып, көшелерге, елді мекендер мен мекемелерге олардың атын беру жағдайлары орын алып жүр. Мұндай фактілер жетіп артылады.
Кешегі күні діни мекемелерді талқандап, дін қызметкерлерін қудалаған, дінді «апиын» деп санап, діни жоралғылар мен міндеттерді атқаруға тыйым салған қызыл атеистердің, большевиктік-коммунистік партия басшыларының аты мешіттерге беріліп жатқаны да жұртшылықтың ашу-ызасын туғызып отыр. Халық мұны күпірлік және діндар жандардың сезімін қорлау деп санайды.
Біздің тарихымызда ишандардың, имамдар мен молдалардың дінге риясыз, адал қызмет еткенінің мысалдары өте көп, олардың дінге берілгендігі мен өздерін сол жолға құрбан етуі – мәңгі есте сақтап, тағзым етуге тұрарлық іс. Олар (Марал ишан мен басқалар) осыдан 200 жыл бұрын қазақтарды шоқындыруға қарсы халықты көтеріп, исламның діни құндылықтарын қолына қару алып қорғады. Ақмырза ишан да большевиктердің өктемдігіне, мінажат ету ғимараттарын қиратуға, исламды, дін қызметкерлерін қудалауға қарсы қарулы күрес жүргізіп, өз халқының мүдделерін қорғады. Діни және имандылық идеалдары үшін халық қаһарманы ретінде батырларша қаза тапты. Мұндай мысалдарды жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Міне, осындай дін қызметкерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру қажет. Біз әлі күнге дейін коммунистер қуғын-сүргінге ұшыратқан дін қызметкерлерінің барлық санатын ақтаған жоқпыз.
Өзінің Тұжырымдамасына сәйкес «Қаһармандар» Республикалық Қоғамдық Қоры кезінде империялық саясатты жүргізген, қуғын-сүргін науқандарына қатысқан адамдарды міндетті түрде жауапқа тарту туралы тезисті саналы түрде қолдамаймыз, себебі бұл халық пен қоғамды екіге бөліп, оның бірлігін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін.
Біз олардың ізіне түсіп, қудалауды, ескерткіштерін бұзып тастауды, кітаптарын жоюды және бодандықтан босаған басқа халықтарда істеліп жатқан істерді жасауды талап етпейміз. Біз бұл қайраткерлердің бұрынғы отаршыл-тоталитарлық саясатқа жан-тәнімен беріліп қызмет еткенін жақсы білеміз, олар сталиндік-брежневтік команданың номенклатурасында (обоймасында) болды, олардың саясаты мен идеологиясын бұлжытпай орындады, сол үшін мемлекеттік наградалар алды. Олар мансап жолымен көтеріліп, билік тұтқасын ұстап тұрды, барлық игілікті пайдаланды, балалары мен туыстарын жақсы, жайлы жерлерге орналастырды. Олар – басқа, өткен дәуірдің кейіпкерлері, белсенді қайраткерлері мен құрылысшылары. Оларға өзінше бір «рақымшылық» жасап, өз дәуірінің белгілі өкілдері ретінде қарау қажет.
Біздің шенеуніктеріміз бен «көкелеріміз» өздерінің билігін, байлығы мен ықпалын пайдалана отырып, өз ата-бабаларын, руластары мен жерлестерін кезінде өздері қарсы жұмыс істеген жаңа дәуірге – тәуелсіз Қазақстан дәуіріне тықпаламауға тиіс. Біз бұл арқылы олардың жағдайын қайта қиындатып жібереміз. Егер біз бүгін оларға ескерткіш орнатып, көшелерді, елді мекендер мен мекемелерді солардың атымен атайтын болсақ, ертеңгі күні нағыз патриоттардың келесі ұрпағы бұл атауларды алып тастап, ескерткіштерді қиратады. Біз өзіміздің көрсоқырлығымыз кесірінен болашақтың іргетасына жарылғыш зат қойып, руаралық және тайпааралық бәсекелестік отын тұтатуымыз мүмкін. Соның салдарынан кезінде осы қайраткерлер жасаған пайдалы істерден де айырылып қалуымыз ықтимал. Осыны қалайша түсінбейтініміз, қалайша аңдай алмайтынымыз – таңқаларлық!
Біз қазір халық қызу талқылап жүрген, мемлекеттік деңгейде «жабық тақырыптардың» кейбірін ғана баяндадық. Олар, біріншіден, Қазақстанның ішкі мәселелері болып табылады, екіншіден, тарихи сипатқа ие болып, стратегиялық серіктестермен және көршілермен арадағы қарым-қатынасқа тікелей ықпал етпейді. Бұл ешқандай да тарихты «қайта жазу» емес, бұл тек қана саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру және Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескерлердің патриотизмі мен ерлігін қайта жаңғырту. Біз қазір ұлттық тәуелсіздікке ие болған жас мемлекеттер, оның ішінде бұрынғы одақтас республикалар әлдеқашан атқарған мәселені шешуді ұсынып отырмыз.
«Қаһармандар» қоғамдық қоры Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі және жерінің тұтастығы үшін күрескен тұлғаларды ақтау, олардың ерлігі мен патриотизмін мәңгі есте қалдыру проблемаларын зерттеу барысында мән беруге мәжбүр болып отырған, мемлекет «жауып тастаған» және талқыламайтын, тақырыптардың барлығы – толықтай ашылуға, зерттеуге, бағалануға тиісті проблемалардың бір бөлігі ғана. Оларды толық ашпай, бағаламай, ешқандай «Рухани жаңғыру» – біздің халқымыздың рухани қайта түлеуі туралы сөз болуы мүмкін емес. Ақиқатты, тарихи әділдікті өркениетті стандарттар мен құндылықтар бойынша қайта жаңғырту, қазақ халқының әртүрлі ұрпағының өз Отанының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін толас таппаған күресін бағалау – біздің халқымыздың ішкі тазалығы мен биік имандылығының, қайыспайтын және жеңілмейтін рухының нақты дәлелі. Бұл «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың сан мыңдаған қиындықтарға төтеп беруіне тірек болған таусылмас, терең рухани ресурс болып табылады. Осы қасиетті құндылықтарымызды қайта түлеткенде ғана біз толық және бақуат халық боламыз.

АРХИВТЕРДІ ҚҰПИЯСЫЗДАНДЫРУ
(негіздемесі мен себептері)
Жұртшылық, әсіресе, ғылым және шығармашылық өкілдері көптен бері және табанды түрде патша және әсіресе, кеңес дәуіріндегі, яғни Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсанға дейінгі барлық архивтердің құпиясын ашуды талап етіп келеді. Оның негіздемесі мен уәжі бәрімізге белгілі. Олар архивтерді құпиясыздандыру жөніндегі халықаралық стандарттар мен тәсілдерге толықтай сәйкес келеді.
Бұл ретте басты мәселені назарда ұстау қажет. Іс жүзінде құпияландырылған қорлар мен құжаттардың барлығы «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңы бойынша тәуелсіз Қазақстанның қорғалатын құпиялары болып табылмайды. Олар бұрынғы Кеңес Одағы мен тарих қойнауына аттанып кеткен КОКП-ның және Қазақстан Компартиясының құпиялары, сондай-ақ Кеңес Одағының арнаулы қызметтері мен жазалаушы органдарының архивтері. Тәуелсіз Қазақстанның оларды, яғни бұрынғы режимдердің өз халқына қарсы жүргізілген құпиялары мен қылмыстарын қорғауында ешқандай мән-мағына жоқ және еліміздің ондай міндеті де жоқ. Оның үстіне Қазақстан КСРО-ның құқықтық мирасқоры емес.
Жұртшылық Мемлекеттік архив пен Президент архивінде, ІІМ және ҰҚК архивтерінде жатқан, жеке адамдарды (азаматтарды), сондай-ақ тұтас халықты саяси қуғын-сүргінге ұшыратуға байланысты барлық қорлар мен материалдарды құпиясыздандыруды қатты талап етіп отыр.
«Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңының нормаларын мұқият талдау саяси қуғын-сүргіндер жөніндегі архивтік материалдарды құпия ұстауға және оларға мүдделі адамдардың, оның ішінде ғалымдар мен зерттеушілердің қол жеткізуін шектеуге ешқандай да құқықтық негіз жоқ екенін көрсетті. Оның үстіне осы Заңның 17-бабының 11) тармақшасында «...саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша жаппай қуғын-сүргін туралы, оның ішінде архивтегі мәліметтер құпияландырылмауға тиіс» деп тікелей көрсетілген.
«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңындағы ақталған адамдардың туыстарына қылмыстық істің процестік сипаттағы құжаттарымен танысу құқығын бермейтін норманы (15-бап) алып тастау қажет. Сарапшылардың тұжырымдауынша, біздің күш құрылымдары бастама жасаған бұл норма ешқандай сын көтермейді және ол қамаудағыларды қорлау мен азаптау, адам құқықтарын өрескел бұзу, құжаттарды бұрмалау фактілері мен жазалаушы органдардың басқа да ізгілікке жат әдістерін жасыру мақсатында қабылданған.
Заңнамада ғалымдар мен зерттеушілердің процестік сипаттағы құжаттармен танысуына тыйым салынбаған, бірақ іс жүзінде ІІМ және ҰҚК органдары бүгінгі практиканың кеңес дәуіріндегі жұмыс әдістерімен кейбір ұқсастығы ашылып қалады деп қорқып, олардың осы материалдарды зерттеуіне құқық бермейді. Бұдан басқа зерттеуші-ғалымдар мен мүдделі адамдар айтып жүрген, қолдан жасалатын кедергілер де көп. Атап айтқанда, халыққа белгілі жекелеген тұлғалардың бірінің үстінен бірі арыз жазғаны, бұл құпия ашылса, олардың ұрпақтары бір-бірімен ұрысып қалатыны туралы дәйектер – ойдан шығарылған және оңай жоққа шығарылатын себептер ғана.
Біріншіден, мұндай арыздардың саны миллион не мың емес. Екіншіден, осы тұлғалардың көзі ашық ұрпақтары мұндай арыздар мен хаттамалардың мәтінін ОГПУ-НКВД-КГБ тергеушілері мен жендеттерінің өздері ойдан шығарып жазғанын, кейіннен азаптау мен қорлау арқылы оларды дайын мәтінге қол қоюға немесе оны қайта көшіріп жазуға мәжбүрлегенін біледі. Үшіншіден, егер бұл арыздарды сұрқиялар мен сатқындар пайдакүнемдік және басқа да қаскөй ниетпен жазған болса, біз оларды жасыра отырып, олардың қылмыстарына қоса қатысушы боламыз және қуғын-сүргіндердің жазықсыз құрбандарын өз қолымызбен қайта жерлейміз.
Сондықтан да осы және басқа мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешетін кез жетті. Бұл мәселелерді шешу үшін:
1. 1917 – 1986 жылдар аралығында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндер мен қудалауларға байланысты барлық архивтік материалдарды ашып, құпиясыздандыру, оларды бағалау мен зерттеу үшін қолжетімді ету керек.
2. БК(б)П – КОКП ОК-ның, және Кеңес үкіметінің, Қазкрайкомның – Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҚазОАК-тің – ҚазКСР Үкіметінің, КСРО ОГПУ-НКВД-МГБ-КГБ-ның (олардың Қазақстандағы бөлімшелерінің) Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресушілерге қарсы бағытталған барлық шешімдерін (қаулыларын, шешімдерін, қарарларын, нұсқауларын және т.с.с.) құпиясыздандырып, зерттеуге және қалың жұртшылыққа қолжетімді ету керек. Жоғары мемлекеттік және саяси күшке ие дәл осы негізгі және шешуші құжаттар Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндерге негіз болды. Бұл құжаттар бүгінгі күні ҚР ҰҚК-ның құпия қорында сақталуда.

ҚАҺАРМАНДАРДЫ ТОЛЫҚТАЙ АҚТАУ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАТТЫҒЫ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ҮШІН КҮРЕСКЕНДЕР ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ
ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қаулысымен құрылған «Заңнамалық актілерді, үкіметтің, партиялық және басқа органдардың шешімдерін құпиясыздандыру жөніндегі комиссия», сондай-ақ сол жылғы «Саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының ақталуын бақылау жөніндегі комиссия» «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының (14.04.93 ж.) нормаларын іске асыру шеңберінде ғана жұмыс істеді, бұл заң негізінен алғанда Ресей Федерациясының осындай заңынан көшіріп алынған.
«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңда Қазақстанда орын алған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының негізгі санаттары қамтылмаған және ақталмаған. Атап айтқанда, онда мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргін құрбандарының саны жөнінен ең көп және жазалану мерзімі жөнінен ұзақ (үш жүз жылға жуық) санаты – Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресушілер туралы бірде-бір сөз айтылмаған. Бұл политико-правовую вопиющую несправедливость олқылықты жоғарыда айтылған уәждер мен негіздер бойынша «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер туралы» заң қабылдау жолымен жою қажет.
ҚР Жоғарғы Кеңесінің аталған екі комиссиясының жұмыс нәтижелері мен тиімділігін бағалау қиын, өйткені олардың есептері жұртшылыққа белгілі емес. Ғалымдардың, тарихшылар мен сарапшылардың пікірінше, «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңның қабылдауына байланысты құрылған бұл комиссиялар өз бетінше ешқандай жұмыс жүргізбей, құқық қорғау, сот органдарынан ақпарат сұратумен ғана шектелген. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы себеп бойынша Қазақстанда әлі күнге дейін 1917 – 1986 жылдар аралығында орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының көптеген санаттары ақталмай отыр.
Мысалы, 2013 жылы прокуратура органдары қолданыстағы заңға сүйене отырып, ОГПУ-НКВД-ның ойдан шығарылған «шпион», «диверсант», «бандылық құралымның қатысушысы» деген айыптауларымен сотталған 5846 адамды ақтаудан бас тартқан. Ал олар – 1920-30-шы жылдары негізінен 58-ші сталиндік бап бойынша үкім шығарылып, жазаға кесілген қаһармандардың бір бөлігі ғана. Ажал құшқан Қаһармандарымыздың басым көпшілігіне үкім шығарылмаған да.
Оларды патшалық жазалау отрядтары, казактардың әскерилендірілген құралымдары, қызыл әскерлер, ОГПУ-НКВД-КГБ отрядтары ұлт-азаттық күресті басып-жаншу барысында ешқандай тергеусіз және сотсыз өлтірген. Оларды өз бостандығын, атажұртын қорғағаны үшін ғана сол жерде атып тастаған. Мыңдаған осындай патриоттарды Қазақстаннан қуып кетірді, діни сенімі үшін қудалады, кітаптарын жағып жіберді, олардың ғылыми еңбектері мен туындыларын «жау ниетте» деп таныды, олардың ізіне түсіп, қызметтен қуды, мемлекеттік (партиялық) органдарда жұмыс істеуіне тыйым салды.
Қорыта келе, осы айтылғандарды негізге ала отырып, Президенттің алғашқы Жолдауын іске асыру және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындалу, сондай-ақ қазіргі Президентінің бағдарламалық сөздерінде мәлімделген әділдік қағидатын іске асыру шеңберінде мыналарды ұсынамын:
1. Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі және жерінің тұтастығы үшін күресіп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың барлық санаттарын кешенді түрде зерттеу бойынша комиссия құрылсын. Оның құрамына «тойқұмар шен иелері» емес, осы тақырыпты зерттеп жүрген отандық және шетелдік білікті ғалымдар, өлкетанушылар мен мамандар енгізілсін, сондай-ақ оларға барлық қазақстандық және шетелдік архивтерді жан-жақты зерттеу мүмкіндігі берілсін.
2. Ел Президентінің архивтерді құпиясыздандыру және «жабық» тақырыптарды ашу мәселелері жөніндегі Жарлығымен арнаулы Мемлекеттік комиссия құрып, оның құрамына осы мәселелермен кәсіби түрде айналысып жүрген мамандар (тарихшылар, заңгерлер, саясаттанушылар, өлкетанушылар және басқалар) енгізілсін, бұл Комиссияға кездескен проблемаларды шешу, оларды өркениетті жолмен және мемлекеттік тұрғыдан шешу жөнінде өзінің нақты ұсыныстарын енгізу өкілеттігі берілсін. Комиссия Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың кейбір санаттары туралы құжаттардың болмау себептерін анықтап, арнаулы қызметтердің саяси қуғын-сүргін жөніндегі құпия материалдарды елден әкетуі және жоюы жөніндегі ақпаратты тексеруі керек.
3. Мемлекеттік архив пен Президент архивінде «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрес (күресушілер)» деген жеке қор ашылып (себебі оларды арнаулы қызметтердің архивінде қалдыруға болмайды), сол жерге аталған тақырып бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінен, алыс және әсіресе, жақын шетелден төлнұсқа құжаттар (олардың көшірмелер) жиналсын және осында сақталсын. Бүгінгі күні бұл материалдар әлемнің әртүрлі елдерінде, әртүрлі қорларда, архивтерде жатыр және біздің ғалымдарымыз бен зерттеушілерімізде оларды жинап, қорытуға мүмкіндік те, ресурс та жоқ.
4. Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрес тарихын зерттеу бойынша ұлттық ғылыми-зерттеу институты ашылсын. Бұл проблеманы жоңғар басқыншыларына қарсы Ұлы отан соғысынан, бұрынғы режимдердің отаршыл және тоталитарлық саясаты салдарынан атажұртын тастап кетуге мәжбүр болған отандастарымыздың тағдырынан бастап қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне (1986 жылғы) дейін кешенді және жүйелі түрде зерттеу үшін осындай ғылыми орталық қажет. Біз бүгінге дейін бұл проблемаларды негізінен жекелеген ғалымдардың, өлкетанушылар мен жазушылардың энтузиазмы мен патриотизмінің арқасында, кезеңдер мен эпизодтар бойынша үзіп-жұлып зерттеп келе жатырмыз.
Сөзімнің соңында бүгінгі таңдағы аса маңызды екі факторға назар аударғым келеді.
Біріншіден. Осы аталған мәселенің бәрін біріншіден қоғамның, соның ішінде жастар мен зиялы қауымның, екіншіден біздің іс басындағы Мемлекет басшымыздың түсінуі және қолдауы болса ешқандай кикілжіңсіз, төңкеріссіз және қоғамда толқу тудырмай жүйелі түрде және дәйектілікпен шешуге болатынына отыз жылдан артық өмірімде мемлекеттік биліктің ең жоғарғы сатысында (Қазақстан КП ОК, Парламентте, Президент Әкімшілігінде) істеген адам ретінде көзім жетіп отыр. Қайталап айтайын, ол үшін қоғам тарапынан құдіретті қолдау керек, өйткені бұл мәселелердің шешілуіне мүдделі емес кландар мен топтар қатты қарсылық көрсетеді.
Екіншіден. Еліміздің барлық түкпіріндегі патриоттар мен мемлекетшіл азаматтарға мынаны айтамын: Біздің тәуелсіздігімізге еш нұқсан келтірмей (өйткені ол біздің киеміз) Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа мемлекеттік бағдарды басшылыққа алған реформаларының жүргізілуін жаппай және белсенді түрде қолдаңыздар. Бұл – біздің өркениетті және демократиялық қоғам құру жолындағы тарихи шансымыз. Біз оны қолдан түсіріп алмауымыз керек.
Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін зардап шеккен тұлғаларды ақтау және мәңгі есте қалдару жөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры осы жазбада баяндалған проблемаларды шешуге барынша белсенді түрде атсалысуға әзір.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Сабыр Қасымов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір