• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:09:36
Алматы
+35°

Бүгін, 30 желтоқсанда Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбатын берген Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Bek Air әуе компаниясының халықаралық ұшуларға сертификат алу үшін мемлекеттік органдарға қысым жасауға тырысқанын айтты. 

– Bek Air осы жылдар ішінде лоббистердің қатысуымен түрлі деңгейде халықаралық әуе рейстерін орындау үшін IOSA (Operational Safety Audit IATA - авиатасымалдаушылардың халықаралық ассоцияциясының қауіпсіздік жөніндегі аудиті сертификаты – ред.) сертификатын алып тастауға тырысты. Бірақ мұндай қысымға қарамастан министрлік оған жол бермеді, – деді Скляр.

Склярдың сөзінше, сол кезде халықаралық тасымалды жүзеге асыратын барлық қазақстандық компания IOSA сертификатын алған.

– Ішкі тасымалға да оның (IOSA – ред.)  талаптары қажет болатын. Алайда, өздеріңіз де білесіздер, 2016 жылы БАҚ-та үлкен науқан болып, кейбір журналистер мен депутаттар компанияны (Bek Air – ред.) қолдап шықты. Мүмкін олардікі де дұрыс шығар. Ішкі бағдарлардың қосымша талаптарға сай болуы керек те емес шығар. Сол кезде өкілетті мемлекеттік орган – Индустрия министрлігі Азаматтық авиация комитеті «IOSA талаптары ішкі де, сыртқы да тасымалға қажет» делінген қаулы шығарды. Бұл жерде белгілі бір қайта сақтандыру элементтері, яғни, қосымша талаптар бар еді. Дегенмен, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті "бұл – кәсіпкерлердің құқығын бұзу" деген ұйғарым шығарып, министрлік ішкі рейстер үшін бұл талапты алып тастаған еді, – деп түсіндірді Роман Скляр.

2016 жылы қаңтарында  Bek Air әуе компаниясы мен Қазақстанның азаматтық авиация комитетінің арасында дау болған еді.  Дау азаматтық авиация комитетінің Bek Air әуе компаниясынан IOSA сертификатын алуды талап етуінен басталған. Комитет 2015 жылдың аяғында  "қаңтардың 1-інен бастап барлық компанияның сертификаты болуы тиіс" деп мәлімдеген. Кейін Bek Air үндеу жариялап, IOSA сертификатын алуға 1 миллион 500 мың доллардай қаржы кететінін, ол билет құнына әсер ететінін айтып, өздерін кейінгі жылдары билет құнын арзандатып, жолаушы санын күрт көбейткен компания деп сипаттаған еді.

Бұған қоса, Bek Air "Ұшақтарымыздың ұшу қауіпсіздігі компания іске кіріскелі, яғни 2011 жылдан бері 100 пайыздан төмендемеген, керісінше IOSA сертификатын алған компаниялардың қауіпсіздік деңгейі төмендеу" деп мәлімдеген болатын. Сол кезде компанияның осы уәжін бірқатар депутаттар мен қоғамдық ұйымдар қолдаған. Олардың арасында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар еді. 

27 желтоқсан күні таңертең Алматы әуежайы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Алматы әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Ресми орындардың дерегін негізге алған бірқатар БАҚ бастапқыда 15 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Кейінірек премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатынан 12 адамның қаза болғанын мәлімдеді. Олардың арасында экипаж командирі Марат Мұратов та бар. Осы апатқа байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған. 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Ұшақ апаты

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір