• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 04:35:33
+35°

Бүгін, 8 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты кеңес өткізді. Ақорда сайтының жазуынша, кеңеске президент әкімшілігі басшысы, премьер-министрдің орынбасары, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі, ішкі істер министрі және қарулы күштер бас штабының бастығы қатысқан. 

Ақорданың хабарлауынша, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндаған.

"Қазақстан президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді" - делінген Ақорда таратқан хабарламада. 

3 қаңтарда Ирак астанасы Бағдатта Иран ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани АҚШ-тың әуе шабуылынан мерт болғаннан кейін Иран мен АҚШ арасы одан сайын ушығып кеткен. Сүлейманиді өлтіру туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамп бергені туралы айтылды.

Қаңтардың 8-і күні Иран АҚШ әскерилері мен коалиция күштері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды ондаған зымыранмен атқылаған болатын. "Олардың арасында Ирактың батысындағы әл-Асад және Эрбилдегі база да бар" деп хабарлады Пентагон.

АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джонатан Хофман "бұл зымырандарды Иранның жібергені анық" деді. Ол шығын мөлшері анықталып жатқанын айтты.

АҚШ-та тіркелген барлық әуе компанияларына Иран, Ирак және Оман шығанағының әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салынды. 

Бұған дейін Тегеран "Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алуға" уәде еткен. АҚШ президенті Дональд Трамп "егер Тегеран АҚШ-қа шабуылдайтын болса, Иранның 52 нысанына соққы берілетінін" мәлімдеген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір