• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 15:32:31
Алматы
+35°

Иран – АҚШ текетіресі әлі де күрделі жағдайда. Десе де Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісімен сөйлескен шығыстанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ "Иран-Тұран" зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей текетірес ашық соғыс жағдайына ұласып кетуі екіталай екенін айтып, оның бірнеше себебін келтірді.

Американың әскери әлеуеті жоғары болғанымен, Иранның халықтық қуаты үлкен күшке ие

Ғалымның айтуынша, отаршыл күштерге қарсылық көрсетуде Иран жұдырықай жұмыла алатын ел.

– Мәселен, Америкада бір-біріне қарсы екі партия арасында көзқарас қайшылығы бар. Таласып-тартысып жатыр. Бұл белгілі бір деңгейде шешім қабылдауда кедергі келдіреді. АҚШ президентінің Иранға қатысты жасап отырғанына демократтар түбегейлі қарсы. Америка халқы ішінде де президент әрекетін қолдамайтындар көп. Ал Иран халқы керісінше, отарлық күштерге қарсы жұдырықтай жұмыла алады. Таяу Шығыстағы табиғи байлықты Американың өз мүддесі үшін пайданалғысы келетіні Иранды бұрыннан шамдандырып келе жатқан мәселе. 3 мың жылдық тарихы бар империяның ешкімнің қоластында болғысы келмейтіні тағы түсінікті. Оларда саналық тұрғыда "ұлылармен тең болуымыз керек" деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан еліндегі кейбір ішкі түсінбестіктерге қарамастан, ирандықтар сыртқы, әсіресе батыстық отарлық елдерге бір кісідей қарсылық танытады. Бұны Америка өте жақсы түсінеді, – дейді Ислам Жеменей.

Иран – тек қана ирандықтардан тұрмайды

Шығыстанушы Америка билігі Иран айналасындағы түрлі саяси топтар мен мүдделес жақтастарының көп екенін де біліп отыр деген пікірде.

– Иран жалғыз емес. Әлемде оған бағынышты қаншама саяси топтар бар. Оларға атүсті қарауға болмайды. Сондай-ақ саны 1 млрд-тан астам мұсылман елдерін қосыңыз. Олар жылдар бойғы әділетсіздіктен, теңсіздіктен, батыс елдерінің зұлымдығынан шаршады. Себебі бүкіл шикізат мұсылман елдерінде, ал оның рахатын көріп отырған отаршыл елдер. Осы нәрсе мұсылмандар арасындағы алауыздыққа қарамастан, олардың басын біріктіруге мүмкіндік туғызады. Бұл топқа Африкадағы ресурсқа бай, бірақ сол байлығын Америка билеп-төстеп отырған елдер де қосылып кетуі ғажап емес, – дейді ғалым.

Трамп – ақылсыз адам емес

Иран – АҚШ текетіресінің соғысқа ұласпайтынының тағы бір себебін ғалым Американың Израильдің амандығын ойлайтынымен байланыстырады.

– Егер соғыс жағдайы болып кететіндей болса, Иран және өзге де Араб елдері Израильге тыным бермейді. Израильдің күні күн болмайды. Ал Трамп – ақылсыз адам емес. Ондай қадамға бару арқылы Араб әлеміндегі жалғыз жақтасы – Израильді құрбан ете алмайды. Израильге 1948 жылдан бері Палестинаның 80 пайыз жерін алып берді. Олардың ендігі арманы – Сирия, Иран, Ирак жері мен Ніл аңғарын Израиль қанатының астына өткізу. Сол арқылы Таяу Шығыстағы бар байлыққа ие болу, – дейді ғалым.

Шығыстанушының пікірінше, АҚШ-тың бұл "пиғылын" тамаша білетін Иран күрделі соғысты аша алады. Әрі оған әзір тұр. Ал жоғарыда айтылған себептерді ескерсек, АҚШ билігі ашық соғыс жариялауы неғайбыл.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір