• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:07:10
Алматы
+35°

Келер жылы шыға бастағанына 100 жыл толатын басылымның басшылығына журналист Инга Иманбай келді. Бұл туралы facebook әлеуметтік желісінде газеттің бүгіннен бастап бұрынғы бас редакторы Руслан Ербота хабарлады. 

"Кейде мен ақылға симайтын тәуекелге барғышпын. Үш жыл бұрын қаламақысы өте керемет, жүрегіме жақын, Еуропаның төріне барып тұруға мол мүмкіндік беретін қолымда тұрған жұмысымды тастап, Алматының қуықтай пәтеріне квартирант боп көшіп келдім.

Газеттің бас редакторы болу мақсатым емес еді. Оның үстіне бас редактор қызметі не қаржылық, не материалдық пайда ретінде көрінген емес.

Менің әлсіздігім акционердің «Руслан, газетті сату ойыма да кірген емес, сатсам баяғыда сатар едім. Сатпаймын да. Екіншіден, Алтынбек ағаңның армандаған мемлекеті енді орнамас. Бірақ, «Жас Алаш» оның көзіндей, листовкаға айналдырмай, бір адамға қадалып қалмай, өйткені, ертең ол кеткенде газет бірге кетеді, жалпыға ортақ, ешкімге бүре тартпайтын нағыз газет жасасақ, кейін ағаңа, ана жаққа барғанымда жүзім ашық болар еді» деген сөзінен аттап өте алмадым.

Сонымен осы жылдары біраз қиындықты еңсердік, біраз жетістікке жеттік. Мұхтар Мағауиннің «Жас Алашқа» тұрақты автор боп келуінің өзі газет ісін түсінетін жанға қаншалықты мәртебе екені айтпаса да аян.

Газет тиражын құлатпай ұстап тұрдық, сайттың күндік оқылымын он мыңнан асырдық.

Газеттің әлеуметтік парақшаларындағы оқырман қатарын робот жалдамай, виртуальды айналымға салмай, тірідей көбейттік. Осының бәрін санаулы ғана редакция қызметкерлері газет бюджетіне салмақ түсірмей атқарып шықты. Ұжымдағы әріптестерімнің осындай ерен еңбектеріне алғысым шексіз.

Қиын қыстау кезінде ісімізге дем беріп, қолдап қоштаған оқырмандарымызға мың да бір рақмет айтқым келеді. «Дәуір» баспаханасында басылып жатқан газетті ақордадағылар талай мәрте тоқтатып тастағанда, таңға дейін дауласып айқасқан шағымызда біз артымызда тұрған қымбатты әрі қадірлі оқырманымызға ғана сендік. Сол сенім бізді талай сынақтан сүріндірмеді.

Өмірлік мұратым деген жолда ағайын-туыс, дос-жаранмен де қарым-қатынасымды үзіп алдым, қайтемін, бұл да бір өмір сынағы шығар.

Газеттің ендігі бағыты, тағдыры қалай боларын, жаңа редакторы «Жас Алаштың» дәстүрін сақтар-сақтамасын, листовкаға айналар-айналмасын немесе бір партияның қол шоқпары болар-болмасын және де басқаларын енді акционер біледі.

Газеттің ендігі бас редакторы Инга Иманбай" делінген жазбада.

 

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жас Алаш

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір