• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:07:29
Алматы
+35°

Елімізде қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған, оң өзгерістермен сипатталатын реформалар жүргізілуде. Бірақ оның ауқымы, деңгейі нағыз демократиялық құқықтық мемлекет үшін жеткіліксіз болып отыр. Реформаны батыл жүргізуге мүдделі топ кең ауқымды әлеуметтік база қалыптастыра алмады. Барлық түйткілді мәселелер осыдан басталды.

Азаматтардың ақыл-парасаттылық және моральдық стандарттар мәселесі – бұл едәуір дәрежеде үлкен проблема. Демократиялық мемлекеттердің саяси кемшіліктері үшін демократияны кінәлауы мүлде әділетсіздік. Олар үшін өзімізді-өзіміз кінәлаған дұрыс болар еді.

Егер біз қоғамды өзіндік ұстаным мен бағдарға ие еркін азаматтардың бірлескен ортасы ретінде қарастыратын болсақ, онда орын алып жатқан өзгерістер адам санасының кең көлемдегі халықтың дүниетанымдық құндылығының жемісі деп айтуымызға болады.

Елімізде мыңдаған жастардың қос-қостан дипломы болса да, тұрақты жұмысы жоқ. Біздің кемшілігіміз сол, жұмыс алаңына сұранысты зерттеп алмай жатып, олардың ақысын алып, бас-көз жоқ сыпыра оқытуымызда болып отыр. Болжау, жоспарлау жүргізілмейді. Еліміз экономикалық жағынан күш алған сайын халыққа тиімді жағын ойластырудың орнына халықты алдарқатудың жолдары орын алып барады. Бүгінде әр жерлерде орын алып жатқан наразылық шерулері мен билік орындарына ашық қарсылық талаптарының бәрі тұрмыстық деңгейдегі жергілікті жерде шешілетін мәселелер. Халықтың өкімет пен жергілікті атқарушы билікке жеккөрінішпен, жаулық көзқараспен қарауы да осыдан туындап отыр. Бізге өзара сыйластық, сенім шараларын орнықтыру керек. Ел азаматтары кеңесіп, бірігіп іс атқару, бір-біріне қолұшын беру және ымыраға келу жүйесі қажет. Мемлекеттің кез-келген азаматы өзінің жеке басының және бүкіл еліміздің аман-саулығы мен өсіп-өркендеуіне жауапты. Бұл жауапкершілік ауылдағы шаруа адамы мен ұстаз, дәрігер, кәсіпкер, лауазымды шенеунік пен билік басындағы жоғары қызметтегі тұлғаға дейін бірдей болуы тиіс. Олардың барлығы бір-біріне құрметпен қарап, бір-бірінің мұқтажына құлақ түріп, көпшілік мүддесіне ортақ қызмет еткенде ғана құрметіміз артпақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды әлсірететін қауіпті құбылыстардан толық және біржола арылып, көпшіліктің көңілінен шығатын дұрыс құндылықтарды қабылдау қажеттігін айтуы тегін емес. Қоғамға жетпей тұрған осы құндылықтар жүйесі. Ең бастысы, бізге отбасындағы тәрбиенің дұрыс жүйесі керек. Қоғамда көпшіліктің көңілінен шығатын, адамдарды біріктіретін, оларға идеялық басымдықтарды көрсететін құндылықтар жүйесі қалыптасқанда ғана бастаған ісіміз өрге басады.      

Халық тәуелсіздік сыйға тартқан игіліктерді игеріп, айналадағы әлем елдері қалай өмір сүріп жатқанын өз көздерімен көріп, қолмен ұстап отырған көкірегі ашық халық. Олар билік басындағы рулық-топтық, кландық-командалық, ағайын-туыстық сияқты тұрпайы амалдарға уақытша арқа сүйеп, ертеңгі күніне есеп бермейтіндерге жеккөрініш сезімдермен қарайды. Ғабит Мүсірепов айтты дейтін «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген аталы сөз ашынғандықтан болар. Өкiнiшке қарай, қазір ұлтты жойып жiберуге қарымы жететiн күштер толып жатыр. Сол қауiптiлердiң iшiндегi ең қауiптiсi – трайбализм, яғни рушылдық мәселесi. Тiптi бүгiнде билiкте бiр рудын адамдары шоғырланғаны да жасырын емес. Егер елде басшы тағайындағанда трайбализм салтанатын құратын болса, бұл елдің сорлағаны емей немене? Рушылдық пен жершілдік биліктің жоғарғы буынына дейін дендеп кетсе кімге не өкпе артарсың?

Халық бітіспес алаңмен бойкүйездік жағдайда өмір сүруді емес, тұрақты, өзара сеніммен, өзінің және ұрпағының болашағы үшін алаңдамайтындай, адамша өмір сүруді қалайды.

Адамға көп нәрсе қажет емес. Баспана, мамандығына сәйкес жұмыс, қолайлы таза қоғамдық көлік, инабатты дәрігерден басқа артық дүние керек емес. Міне, осы мәселеге қол жеткізу әлеуметтік қайшылықтардың туындауына әкеліп соғуда.

Ынта жоқ жерде сапа да төмен. Мемлекеттік іске әділ, елге, жерге, Отанға адал қызмет ететін білімді кадрларды бүгінгі жастардан таңдамасақ, жақсы мамандарды қайдан табамыз? Кадр сапасы мемлекеттік заңдарды жаттап алуда емес. Оған жастардың біліктілігі мен парасаты, адалдығы қосылмаса, мемлекеттік қызметкердің шынайы тұлғасы қалыптаспайды. Президенттің маңызды тапсырмасына орай, мемлекеттік қызметке қоғамдық жұмыстарда әбден шыңдалып тәжірибе жинақтаған жастарды батыл тартудан қаймықпау керек. Мемлекет басшысы бойында қабілет-қарымы бар прогресшіл ұрпаққа барынша сенім артып отыр.

Біздің халық ақылды. Бабалар ұлағатындағы: «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» тәмсілін бойларына сіңіріп өскен. Айтты, бейбіт тарқады. Өркениетті қоғамда осылай болған.

Ермек Есентемiр

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: қоғамдық даму

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір