23 Қаңтар, 2020 Саясат

Қазақстандағы алтын бизнесі: болашақты сату операциясы

Фото: gazeta.ru

Соңғы уақытта Ұлттық Банктің алтын-валюта қорын еске салатын «отандық құйма» деген сөздің жиі айтыла бастағаны белгілі. «Отандық өнім» деген атаумен астарлас келетін осы бір тетік сөздің түп мақсаты – «сату» дейтін амалдан тұратыны – тағы рас. Бір сөзбен айтқанда бұл – «алдап-сулап» алтын сату бизнесі.

Өйтпесе, «Есігінен алтын адам табылған елміз» деп екіліне сөйлейтін, әлемде алтын қоры бойынша алдыңғы ондыққа кіретін, 196 кен орны бар Қазақстанда алтын өндірісі неге әлтек-тәлтек басуда? Не себепті «қамбасына» қазына жұқпай тұр? Неге Қазақстанды "Алтын күн астындағы "алтынсыз" ел" дейді... Білгіңіз келсе оқып көріңіз.

 

МАҚТАНЫШ ПЕН КҮЙІНІШ

Алтын туралы сөз болғанда, әуелі елдегі Ұлттық қордың жағдайына үңілуге тура келеді. Осыдан көп уақыт ілгері үкімет өңешін жырта «дедолларизация» деп әлденеше рет айқайлап көргені бар. Нақтырақ айтқанда мұндай «қауіпті» ой үкіметтің басына 2009 жылғы дағдарыстың әсерінен кейін кірген болатын.

Алайда Ұлттық Қордың өзі қоржынындағы көпірген көк қағаздың салмағын азайтуға келгенде дәрменсіздік танытқаны рас. Біздіңше, оған себеп – өзге де экономикалық факторды айтпағанда, ел аумағына кіретін шетелдік пайдалы-пайдасыз инвестицияның көптігі секілді. Айталық, соның ішінде бір ғана АҚШ инвестициясының елдегі үлес салмағының өзі 20 пайыздан асып отыр.

Түсініктірек айтқанда, Ұлттық қордың және Ұлттық Банк резервтерінің негізгі бөлігі шетел валютасы, одан қалса шетелдік бағалы қағаздардан тұратынын естен шығармаған жөн. Демек біз алтын сатып атақ шығаратын емес, әлі де болса алтын жинайтын кезеңде тұрғандаймыз. (Естеріңізде болса, Ұлттық Банк осыдан екі жыл бұрын танымалдыққа жету үшін деп екі тонна алтынды шетелге сатылымға шығарған – ред.)

Алтын демекші, бізді елең еткізген тағы бір жайт, бұрынырақта  республикалық «ДАТ» газетінде «Ақшаны тауысқан соң, алтын сата бастадық» деген тақырыппен жарияланған материал еді. Сондағы мақала авторы Ермұрат БАПИДЫҢ: «2018 жылдың 5 қарашасындағы статдерек бойынша, Қазақстан қорында 342 тонна алтын бар екен. Оның құны Қазақстанның жарты жылдық бюджетіне де жетпейді – небәрі 13,5 миллиард доллар ғана» деген сөзі бізді ойлантпай қоймады.

Бұл – 2018 жылдың еншісіндегі жай делік. Ендеше, өткен жылдың өзегіндегі цифрға да назар аударсаңыз, қордағы алтын валюта бұра-тартары жоқ 18 млрд. доллар деп тұр. Әлбетте, сіз бірден бұл қаншалық қаражат деп ойларсыз, қызық әрі түсінікті болу үшін бір-ақ мысал айтайық. Марк Цукерберг барлыққа әкелген Фейсбук желісін жақсы білесіз ғой. Білсеңіз, биыл ол басқарып отырған аталған желінің табысы 16,9 млрд. долларға жеткені айтылды жақында.

Енді, салыстырып көріңіз. Біреуі – бір мемлекеттің төбесіне көтерген Ұлттық Банкіндегі жағдай болса, келесісі – Марк Цукерберг дейтін бір-ақ адам құрған жекелік жобаның табысы деуге ұяласың.

Сонан соң қайыра тағы ойланасың. Еш жаңсақсыз «Оның құны Қазақстанның жарты жылдық бюджетіне де жетпейді – небәрі 13,5 миллиард доллар ғана» дейді журналшы. Сеніңіз, сенбеңіз: автор Қазақстан қорында еліңіздің жарты жылдық бюджетіне жетпейтін қаржы жатыр деп отырмай ма?

Тарихқа жүгінсек, бір мемлекет тұрыпты, Ассирия патшайымы Семирамида тапсырыс берген ескерткіштің салмағы да осыған жуықтамаушы ма еді, нақтырақ айтқанда, оның салмағы 250 тонна болған көрінеді.                                                                                

Мұны өткен тарих десеңіз, бүгінде қорына 8000 тоннадан аса алтынды тоғытып, қос бүйірі тоқтықтан бүлкілдеп отырған АҚШ-ты ойға алыңыз. Доллармен доңайбат көрсетіп отырған елдің енді алтынмен әуреге салатын күні алыс емес секілді. Олай дейтініміз, бұл ел валюта қорының шамамен 70 пайыздан астамын алтынмен сақтауды ерте құп көрген, тіпті оның көлемін үздіксіз арттырып отырған ел деуге болады.

Сонымен бірге, алтын жинағыштар қатарын Германия, Италия, Қытай, Ресей сынды алпауыт елдер толықтыра түсетінін айта кеткен абзал. Енді, жаппай алтын жинаудың сырына тоқталайық.  

        

«БІЗ ҚҰДАЙҒА ҒАНА СЕНЕМІЗ» БЕ?

Екінші дүниежүзілік соғыстағы қан-қасап ұрыста сырттай қызықтаушы есебінде қалып, қажетінше өз қалтасын қампайтқан АҚШ әлемдік нарықты қалай уысында ұстаудың кілтін тапқан жалғыз ел. Мүмкін валютасының бетінде «Біз құдайға ғана сенеміз» деген жазуы болғандығынан ба, әлде әлемнің бір сыпыра алпауыт елдерінің соғыстан кейін экономикасын қайта қалпына келтіру үшін аянбай алған қарызының әсерінен бе еді, әйтеуір, аталған елдің тасы өрге ерте домалады. Сөйтіп, сол тұста АҚШ-тың білекке емес, білікке сүйенген экономикалық билігі төрткүл дүниені билеп төстеуге жеткені рас. Ал бұл ретте доллардың сол мезеттердегі қолданылу аясы, кәрі құрлықтағы таралым мөлшері туралы сөз айтудың өзі артық болса керек.

Сөйте тұра, түптің-түбінде болатын дағдарыс, оның бер жағында, құны қолдан жасалған көк қағаздың (тарихта валюта ретінде жүрген құнды металдарға салыстыра айтқанда – Қ.Қ.) ертеңіне деген сенімсіздікті туындатпай  қоймады. Ал құндылығы жағынан әлемнің қай бұрышында да аңызға айналған алтынның валюта ретінде ерте тарихтан қолданылғаны, әрі содан бері де әдепкі қасиетін, өзіндік құнын жоғалтпай келгенін ең ақымақ деген адамның өзі жақсы білетіні – айдай ақиқат.

Міне, осы қағиданы өз қаперінде ұстаған АҚШ уақыт кезегінде оны жанталаса жинады. Соның арқасында күндердің күні  долларды сабан ақшаға айналдырып, оның орнына алтын ақшаларды әкелу арқылы өз экономикасының ырықтылық қабілетін түбегейлі бекітуге кіріскен еді. Бұл сол тұстағы әлемнің көшбасшы экономикасының  ғана емес, көптеген елдердің есін ерте жиғызды. Сөйтті де, бірінен кейін бірі алтын валюта қорларын жаппай алтын немесе құнды металдар есебінен толтыруға кірісіп кетті.

Осылайша, нарықтың парқын меңгерген елдердің дені бар әлеуетін бағалы металл қорларын, оның ішінде алтын құймаларын арттыруға жұмсады. Ұлттық өнімін, ұлттық қорын, қазыналық кіріс-шығыстарын, оны айтасыз, алған қарыз-несиесіне дейін бұрындары АҚШ-тың көк қағазымен бағалап, байлығын сонымен қамбалаған алпауыттар енді «патша металына» ден қоя бастады. Бұл – болашақта болмай қоймайтын валюталық соғыстың алғашқы дабылы еді.

Осы тұста алтын қоры «қоң алмай» тұрған елдердің ұлттық валюталары құнсызданып, сабан ақшаға айналып кетуі мүмкін деген қауіп дамушы елдерге де сезіле бастайды. Тәуелсіз Қазақстанның алтын өндірісі 1992 жылы қайта жолға қойылып, алғашқы қадам 10,6 тонна алтын өндіруімен басталған еді. Алайда  ол тұстағы үлкен үміт 28 жылдық тарихтың әзірге «жұтымына» ғана айналғаны рас...

        

АЛТЫН КҮН АСТЫНДАҒЫ «АЛТЫНСЫЗ» ЕЛ

Иә, Қазақстанды айтамыз. Бұлай айтуымызға да алабөтен себеп бар. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда шамамен 200-ге таяу алтын кен орны бары анықталған. Мәселен, Қазақстандағы ең ірі алтын кен орны – Варваринск кеніші. Ол алтынның нақтыланған қоры бойынша әлем елдерінің бірінші ондығына, ал өндірісі бойынша – үшінші ондығына кіреді. Еліміздегі екінші ірі алтын кен орны – Бақыршақ. Сондай-ақ, Ақсу, Жолымбет, Бестөбе кен орындары да өзінің қоры жөнінен тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азия өңірі бойынша алдыңғы орындардың бірінде...

Бұл тізім жалғаса береді. Бірақ, бір ескеретін жайт, жүздікті екі рет қайталауға мәжбүр еткен қалың кен орынының көбі жеке меншіктің қолында. Сондықтан Қазақстандағы алтын өндірісі әлі де болса көңіл көншітпей келеді. Мәселенки, бүгінде басқасын айтпағанда алтын өндіретін үш ірі зауытымыз бар. Олар: «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазцинк» және «Тау-кен Алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған кәсіпорындарда 2012 жылы 21,13 тонна тазартылған алтын өндірілсе, соңғы уақыт аралықтарында бұл меже шамамен екі есеге артқаны айтылады. Бірақ  қысқа уақыт ішінде алтын валюта қорымызды нығайту үшін бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейтіні анық.

Мұнда тағы бір назарға алынатын дүние, алтын өндіру ісінің де өз қиыншылығы жеткілікті. Бұл іспен айналысатындардың уәжіне құлақ ассақ, Менделеев кестесіндегі реттік нөмірінде 79-орында тұрған, химиялық  сыйпаты түрліше қасиетке ие металды өндірудің де азабы аз емес. Мыңдаған тонна тас пен құм, топырақтан аз мөлшерде алтын шайылса – ол да жұбаныш болып отыр. Оған зауыттардың заманауи қондырғылармен жабдықталмауын қосыңыз. Осының бәрін ескергенде, саф таза алтын өндіру үшін әлі де болса көптеген сырапшылдыққа ұшырап отырғанымыз шындық.

Мысалы, ғалымдардың айтуынша, алтын ажыратып алуға әбден болатын 9 миллиард тоннаға жуық қалдықтар қоқыста жатқанға ұқсайды.

Қоқыстағы алтынды айтамыз-ау, бүгінде ел ішіндегі ірі алтын кеніштері шетке сатыла бастады. Дәлел керек десеңіз, басқасын айтпағанда, 2016 жылдың өзінде қазақстандық «Алтын Алмас Gold» компаниясы «Бақыршық» пен «Большевик» алтын кеніштерінің жүз пайыз акциясын ресейлік «Полиметалға» сатып жіберді.  Мөлшерімен 618 млн. долларға. Ашық түрде. Керек десеңіз, бұл туралы ақпарат сол кезде компанияның ресми сайтында да жарияланған болатын.

Әрине, бұл мәліметтен екі түрлі ақпарат алуға болады. Бірі – өкінішке қарай, қазақстандық алтын кеніштерінің шетке сатылып кетіп жатқаны жайлы болса, ал келесі бірі, түстіктегі көршінің енді алтын жинауға көшкенін байқаймыз. Дәйек десеңіз, Алтын бойынша Дүниежүзілік кеңес мәліметі (WGC) бойынша, Ресей Орталық банкі 2019 жылдың 1 тоқсанында сатып алынған алтын саны бойынша бірінші орынға шыққан. Бұл да жоғарыда атап өткеніміздей Путин билігінің сценарийы бойынша АҚШ долларына тәуелділікті азайту үшін жасалған әрекеттердің нәтижесі. Сөйтіп, федерацияның алтын қоры 2188 тоннадан асып отыр. Ал былтыр Ресей 274 тонна алтын алған.

Бұдан шығатын қортынды: АҚШ бастаған Батыс майданнан тұтануы мүмкін валюталық соғысқа Ресей де өз кезегінде қарап қалмаудың қамына кірісіп кетті деген сөз.

WGC бұл санатта Жапония Орталық банкінің де жақсы жұмыс істеп жатқанын айтады. Сонымен бірге, 765 тонна алтынмен әлемде сегізінші орында тұрған аралдағы елдің құнды металға қатысты бір құпиясын ашады. Аталған нұсқа бойынша Жапонияның алтын қоры бұдан әлдеқайда көп. Ұлттық байлықтың қомақты бөлігі халықтың қолында, халықтың жеке мүлкі ретінде сақталуда. Себебі, оларда банктен алтын сатып алуға тиімді жағдай жасалған.

Ол – ол ма, алдыңғы бестікті өкшелеп келе жатқан Қытай мен Үндістанның бағалы металл қорын арттыра түскені, тіпті, ол үшін арнайы  бірқатар құрылымдық реформа жасғаны да назардан тыс қалмаған.

Ал біздің хәл ше? Бір білетініміз – біз әу баста мықтап ұтылғанбыз. Шетке шикі алтын сату, тіпті түбімен «қопара» кен сату арқылы-ақ. Соның салдарынан журналистер жиі мысалға келтіретін алтынсыз Италия мен Түркия елдері уысымыздағы мүмкіндікті қымқырып кете барған. Қымқырғаны сол, қарапайым қазақстандықтардың қолына өз топырағының алтыны бұйырмай келеді.

Яғни, біз ең қарапайымы, сыртқа алтынымызды таныту тұрыпты, өз алтынын өзі әлі толық сезініп болмаған елдің өкіліненбіз. Бұл жағдайда, зергерлік туралы сөз айтудың өзі артық болса керек. (Әрине, Қазақстанда 1970 – 1990  жылдар аралығында зергерлік бұйымды тұтыну деңгейінің жоғары болғаны рас. Бірақ, ол Тәуелсіздіктен бұрын болған жай еді – ред.)

Мүбәдә, біз қолда бар мүмкіндікті дер кезінде ұтымды пайдалана алсақ,  өзге елдер бізге алтын қоры бойынша әлемнің алдыңғы ондығына енген Қазақстанға осы сала бойынша «кіріптар» болар ма еді, кім білсін?!

P.S.  Тарихқа жүгінсеңіз, Алтын Орданың билеушісі Батудың сарайында алтыннан құйылған сәйгүліктердің мүсіні болыпты. Олардың денелерінің тұрқы кәдімгі жылқымен бірдей болған деседі.   Орда билігі Мамайдың қолына өткен тұста бұл теңдессіз ескерткіштер ұшты-күйлі жоғалып кетеді... Өкініш пе – өкініш! Ал беріде де                                                                                                                                                                                              хан басына кесек-кесек алтын жастанып, қолында тайтұяқ ойнатқан заман өтті ме – өтті тағы. Ал қазір ше? Жұрттың бәрі жармақ іздеп сарсылған. Демек, алтын жекенің емес, мемлекеттің, мемлекеттен асып халықтың байлығы деген сөз. Ал оны сату – болашақты сату болса керек.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір