• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
17 Ақпан, 22:32:51
Шыңжаңдық дүнген: Дереу қазақтардан кешірім сұраңдар! (аудио)

25 Қаңтар, 2020 NEWS

Алматы әуежайына бұрын вирус жұқтырған жолаушы отырған ұшақ аялдады

Алматы әуежайына бұрын бортында Қытайда таралып жатқан корновирус жұқтырған жолаушы отырған ұшақ қонып, жанармай толтырған. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Әкімдіктің хабарлауынша, жанармай толтыру кезінде экипаж мүшелері мен жолаушылар ұшақ ішінен эвакуацияланбаған. 

"25 қаңтарда Алматы қаласының әуежайында "Станбул – Ухань – Станбул" бағыты бойынша ұшып бара жатқан TCCJ чартерлік рейсі жанармай толтыру үшін аялдады. Қолда бар ақпарат бойынша, бұрын осы бортта коронавирус жұқтырған жолаушы болған. Алматы әкімдігі әуе кемесіне қосымша керосин құю кезінде барлық санитарлық-карантиндік бақылаудың күшейтілген нормаларын сақтап, қажетті шараларды қабылдады. Еліміздегі ірі мегаполистің аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында керосин құю операциясы жолаушылар мен экипаж мүшелерін эвакуациялаусыз жүзеге асырылды" делінген әкімдік хабарламасында. 

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қалаға Қытайдың 5 қаласынан келетін рейстері ескеріліп, қалалық тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті департаменті және әуежайдың медициналық қызметі эпидемияға қарсы санитарлық-профилактикалық шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұған қоса, барлық жолдарда, соның ішінде теміржол, автомобиль жолдарында, Қытаймен шекаралас барлық санитарлық-карантиндік пункттерде термометрия жүргізілуде. Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін 13 мыңнан астам жолаушы тексерістен өткен. Олардың ешқайсынан инфекцияны жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. 

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі елде Қытайда тарала бастаған коронавирустық инфекция тіркелмегенін ресми айтты. 

25 қаңтарда Қытай вирустан 41 адам көз жұмды, 29 провинцияда кемінде 1 287 адам вирусты жұқтырған деп хабарлады. 237 науқастың жағдайы ауыр деп айтылады. Хубэй провинциясында – 39 адам, Хэбэй провинциясында – бір адам, Хэйлунцзянда - бір адам көз жұмған.

Қытайда таралып жатқан вирус АҚШ, Франция және Австралияға жеткен. Бірақ Қытайдан тыс жерде вирусты жұқтырғандар арасында адам өлімі болған жоқ.

Өткен жылдың аяғында Қытайда белгісіз вирус тарап жатқаны айтыла бастады. Короновирус деп аталған бұл вирус Қытайдың Ухань және Хуанген қалаларында көптеп таралған. Соған байланысты Қытай билігі бұл екі қаланы жапты. Әзірге пневмонияға ұқсас дертке шалдықтыратын вирустың қайдан шығып жатқаны белгісіз. 

23 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайда инфекцияның таралуына байланысты денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жариялаудан бас тартты. ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Адзхном Гебрейесустың айтуынша, мұндай шешім қабылдау үшін әлі көп дерек жинақталуы тиіс. 




Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір