• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:20:38
Алматы
+12°

20 қаңтар күні журналист Ермұрат Бапидің «Қамшыға» берген сұхбаты шықты. Сұқбат берушінің Демократиялық партия құрғысы келіп жүрген қоғам белсендісі Жанболат Мамай жайлы айтқан ойлары туралы кейбір әлеуметтік желі қолданушылары «бұл сұхбаттың мақсаты – Мамайды насихаттау ма» деп пікір білдірген. Артынша, «Қамшы» сайты Жанболат Мамайға сенімсіздік білдірген бірнеше қоғам белсендісінің пікірін жариялады. Енді міне, «Қамшы» тілшісінің Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдан алған сұқбаты ұсынылып отыр.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған тұста сіз Назарбаев режимінде саяси реформа жасалады деу – халықты алдау, кеңестің құрылуы – авторитарлық режимнің ғұмырын ұзарта түсу үшін жасалған амал деген мағынада пікір айттыңыз. Сіздің партия құру туралы бастамаңызға сенімсіздік білдіріп, сізді биліктің жобасы деушілердің де айтар уәжі осыған саяды. Бұған не дейсіз?

– Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын режим өз бетімен ешқашан саяси реформаларға бармайтыны түсінікті. Ол өз еркімен билікті біреуге бермейтіні де баршаға аян. Бірақ «Назарбаев саяси реформа жасатпайды» деп қол қусырып отыра береміз бе? Онда «бәрібір өзгеріс болмайды» деп митингілерге де шықпау керек, қарсылық та танытпау керек, онда өзіңнің пікіріңді де білдірмеуің керек. Иә, билік саяси өзгерістерге барғысы келмейді. Бірақ, біз сол рұқсат бермегеніне қарамастан, жасалып жатқан қысымға қарамастан күресуіміз керек. Авторитарлы режимді жеңудің басқа қандай жолы бар? Съезге 1 мың адамнан тұратын кворум жинауға мүмкіндік бере ме, әлде адамдарды жолдан ұстап, бұл жоспарымызды бұза ма, әзірге белгісіз. Съезд өтетін жерді бермей қоюы да мүмкін. Бүгінде полиция мен әкімшілік қызметкерлері жақтастарымыздың үйіне барып, қысым көрсетіп жатыр. Съезд қарсаңында біздің делегаттарды үйінен шығармай қоюы да ғажап емес. Мен өзім Алматыдан еш жерге шыға алмай отырмын. Алайда біз соған қарамастан саяси күресімізді тоқтатпаймыз. Саяси партия құрамыз деу арқылы ешқандай қысымға қарамастан күресуге бел буғанымызды көрсетіп отырмыз. Күреспесек, ешқандай өзгеріс болмайды. Қазір қоғам ояу, енжар емес және бүгінгі билікке деген наразылық күшті. Сондықтан барлығымыз бірлесіп, осындай мықты саяси ұйым құруға, саяси партияның іргесін қалауға  толық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.

– Сізді сынайтындар «Жанболат журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынғанына қарамастан, деректі фильмдер түсіріп жүр. Бұл қалай? Демек оған билік рұхсат беріп отыр» деген пікір айтып жүр. Осы туралы ойыңыз қандай?

– Әуелі, мына нәрсенің басын ашып алу керек. Деректі фильмдерді түсіру – журналистік қызмет емес. БАҚ туралы арнайы заңға немесе медиа саладағы түсінікке сәйкес, қандай да бір мерзімді басылымға, сайтқа, телеарнаға жұмысқа тұрсам, онда ол журналистік қызмет болады.

Ал мен түсірген фильмдер ресми телеарналарда көрсетілген жоқ, ол фильмдер ресми БАҚ-тың тапсырысымен жасалған жоқ. Фильмдер интернетке жүктелді, әлеуметтік желілерде көрсетілді. Мәселен, елде жүздеген блогер бар. Бірақ олардың бәрін журналист дей алмаймыз ғой. Оларды заңдық тұрғыдан журналист деп ешкім санамайды. Сол сияқты менікі де журналистік қызмет емес. Менікі зерттеушілік, тарихи-ағартушылық жұмыс. Сондықтан бұл фильмдер үшін маған құзырлы органдар тарапынан ескерту жасалған жоқ. Өйткені оған негіз жоқ. Бірақ Зұлмат фильмі шыққаннан кейін, оны Арман кинотеатрында 2 жарым мыңға тарта адам көргеннен кейін, youtube желісінде жарты миллионға жуық қаралым жинағаннан кейін, фильмге қатысты Ресейдің сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасағаннан кейін маған мемлекеттік мұрағаттардың барлығының есігі жабылды. Мен президент мұрағатына да, орталық мемлекеттік мұрағатқа да, арнайы мемлекеттік мұрағатқа да кіре алмай қалдым. Кез келген адамның кіруіне болатын ашық мұражай – Карлагқа мені кіргізуден бас тартты. Қарағандыдағы беделді тұлға – Айтқожа Фазылов сияқты қоғам қайраткерінің араласуымен зорға дегенде кірудің сәті түсті. Кезекті фильмімнің тұсаукесерін өткізуге келіскен Цезарь кинотеатры премьераны өткізуден бас тартты. Мен осындай қыспақта қалдым. Сондықтан салынған тыйымға қарамастан мені журналистік қызметпен айналысты деу, оған билік көз жұмып қарады деу – негізсіз.

– Сіздіңше, өзіңізге күмәнмен қарайтын күдікшіл адамдарды қозғаушы нәрсе өздері айтып жүрген аргументтер ғана ма, әлде басқа да астыртын себептер болуы мүмкін бе?

– Бұл жерде бірнеше фактор бар деп ойлаймын. Биліктің де жасап жатқан әрекеті бар. Өйткені билік Қазақстанда мықты оппозициялық партия құрылуына, әрине қарсы. Ондай саяси күш құрылатын болса, биліктің күні санаулы болады. Парламент сайлауында да, президент сайлауында да биліктің бізге қарсы тұратын ешқандай мүмкіндігі болмайды. Сондықтан әрине, мемлекеттік машина бізге қарсы жұмыс істейді. Жоғарыда айтқанымдай, жақтастарымыздың үйіне барып қысым жасау, ақпараттық шабуылдар, ҰҚК-нің фейсбуктағы «Враги народа Казахстана» деген арнайы тобына түрлі материалдар жариялау, билікке жақын ақпарат құралдарындағы қарсы материалдар бұның барлығының артында билік тұр.

Бізге қарсы түрлі нәрселерді ұйымдастырып отырған екінші тарап –саяси бәсекеден қорқатын Мұхтар Әбләзов бастаған адамдар. Олар да елде мықты саяси партияның, мықты саяси күштің пайда болуынан үркетін сияқты. Өйткені ертең режим ауысқан жағдайда халықтың қолдауына ие бола алатын жаңа саяси күштің пайда болуына олар да мүдделі емес. Осы ретте билік пен Әбләзовтың мүддесі бір жерде тоғысып отыр деуге болады. Олардың риторикасы да, сөзі де, жасап жатқан әрекеттері де ұқсас. Бізді «биліктің жобасы» дейтіндей қолдарында бірде-бір дәлел не аргумент жоқ. Жалаң қаралау ғана.

– Бұл сенімсіздік сіздерге қалай әсер етіп жатыр?

– Бұған бола уайымдап жатқан біз жоқ. Өзіміздің ақ екенімізді, ниетіміздің шынайы екенін, тура бағытта екенімізді ісімізбен халық алдында дәлелдейміз.

– Партия құрылғалы жатқанда елдегі қабырғалы басылымдардың бірі –Жас Алашқа зайыбыңыздың бас редактор болып тағайындалуына қатысты пікіріңізді білгіміз келеді.

– Жас Алашқа жаңа бас редактордың тағайындалуын құрылтайшылардан сұраған дұрыс шығар. Десе де, ұсыныс құрылтайшылар тарапынан болғанын айта кетейін. Оған биліктің еш қатысы жоқ. Болуы да мүмкін емес. Жас Алаш газеті белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың отбасына тиесілі. Сол кісілер газетте реформалар жасағысы келіп, осындай шешім қабылдады.

– Жас Алаш құрылтайшыларынан осындай ұсыныс жасалғанда қоғамдағы күмәнді қоюлата түспейік деген оймен ұсыныстан бас тарту туралы ой болды ма?

– Күмәні «қоюланатын» дегенде олар нақты кімдер?! Онсыз да «отырсақ опақ, тұрсақ сопақ» қылып жүрген белгілі бір 10-15 адамның пікірі үшін Инга өзінің журналистік қызметінен, кәсібінен, жоспарларынан бас тартпайтыны түсінікті. Басты айтарым – Жас Алаш газетінің Демократиялық партияға еш қатысы жоқ. Біз Жас Алашқа қаржылық қолдау көрсететіндей жағдайда емеспіз. Келер жылы Жас Алаштың шыға бастағанына 1 ғасыр, яғни 100 жыл толады. Осындай тарихы, атағы, беделі, оқырманы бар газет өзінің ақ жолынан таймайды. Ақиқатты ту етіп, барлығына тең қарайды. Мен түсінсем, солай бола да береді.

– Демократиялық партия тіркеліп, саяси партия ретінде заңды түрде жұмысын бастап кетті делік. Егер де негіз болса, қажет деп тапса Жас Алаш демократиялық партияны сынай ала ма?

– Бұл бір гипотетикалық сұрақ қой. Оған бірдеңе деп жауап берудің өзі асығыстық. Егер Демократиялық партия халықтың талабымен алда-жалда тіркеліп жататын болса, парламент сайлауына жіберілетін болса, онда біз «Нұр Отанды» тас-талқан етеміз. Халық даусының басым көпшілігін аламыз. Ал Жас Алаш керек деп тапса, оған негіз болса, сынайды, әрине.

– Тағы бір гипотетикалық сұрақ болсын. «Республика» атауымен жаңа партия құрғалы жатқан бастамашыл топ жетекшісі Бэлла Орынбетова Жас Алашқа бас редактор болып келсе, қалай қабылдар едіңіз?

– Бұны құрылтайшылардың шешімі деп қана қабылдаймын. Бары сол. Ешқандай саяси астар іздемеймін. Тағы да атап өтейін, Жас Алаш халықтық мүдде жағында жүрген басылым. Оны мен оқырман ретінде ғана емес, бірнеше жыл сонда жұмыс істеген адам ретінде де жақсы білем. Сондықтан оған кімді тағайындаса да оны құрылтайшылар шешеді.

– Демократиялық партия айналасындағы сауалдарға келсек. Партия құратындарыңызды айтып, баспасөз мәслихатын өткізгенде, қаржы мәселесінің ашық болатынын мәлімдедіңіздер. Бұл қазір қаншалықты ашық мәселе?

– Партияның қаржылық жағдайы толықтай ашық тақырып. Бізге халық ішінен шыққан азаматтар, кәсіппен айналысатын адамдар қолдау жасап отыр. Алайда олар үлкен кәсіпкерлер емес. Билікке жақын олигархтық топтар емес.  Олардың атын атаймыз ба, жоқ па, қашан және қай уақытта атаймыз – көмек берген кісілердің өзіне де байланысты. Алдымен олардың рұқсатын алуымыз керек. Өйткені біздің бастамашыл топтың қатарына қосылған қарапайым азаматтардың өзіне қысым жасалып жатқан кезде, бізге қаржылай қолдау көрсететін азаматтарға да қысым көрсетілмейтініне кім кепіл?! Соның салдарынан олар Қазақстаннан көшіп кетуге мәжбүр болуы немесе түрмеге жабылуы мүмкін. Сондықтан ол кісілердің бостандығына қатер төндіру  – ақымақтық болар еді.

– Жалпы қаржылық жағдайларыңыз қалай?

– Бізде қаржы жағынан таршылық бар. Өйткені біздің қаржылық мүмкіндіктеріміз айтарлықтай емес. Сол себепті штабтағы азаматтар волонтерлік негізде жұмыс істейді. Біз ешкімге жалақы төлеп, коммерциялық негізде жұмысқа тартып отырған жоқпыз. Алматыдағы кеңсемізді, онда жұмыс істейтін адамдардың санын көріп кез келген адам бұл айтылғандарға көз жеткізе алады. Біз идеяның төңірегінде топтасып, жұмыс істеп отырмыз. Партия тіркеліп жатса, жарна жүйесін енгізетін шығармыз.

– Журналист, ЖСДП партиясының бұрынғы төрағасы, Қазақстандағы бірнеше партияның құрылуының басы-қасында болған Ермұрат Бапи партия құруға кемі жарты млн-нан 1 млн долларға дейін қаражат кетеді дейді. Сіздердің есептеріңізше, шамамен қанша қаражат кетеді екен?

– Ермұрат Бапи айтқан бұл сома біз үшін өте үлкен қаражат. Біздің мүмкіндіктеріміз бұл соманың маңайына да жуымайды. Дәл қазір бізден шығып жатқан қаржының негізгі бөлігі ел аралауға жұмсалуда. Онда да пойызбен, оңтүстіктегі өңірлерге өзіміздің жеке автокөліктерімізбен барып жүрміз. Бұған мейлінше аз қаржы жұмсауға тырыстық. Съезд өтетін жерді жалға алдық. Бұдан бөлек бізде қаражат қажет ететін шығындар жоқ.

– Съезд қатысушылары өз қаражатына келе ме?

– Иә, олар өз қаржысына келеді. Біз о баста солай келіскенбіз. Өңірлерден келетіндердің жол-пұлын төлеуге мүмкіншілігіміз жоқ.

– Қазақстанда билікті сынаушылардың өзін біреу сынай қалса, онда ол биліктің жобасы, биліктің айтағымен сынаған болып шыға келеді? Бұның түпсебебі неде деп ойлайсыз?

– Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Мен өзіміз туралы айтар болсам, Демократиялық партияның сынап жатқан ол – биліктің ресурстары. Негізі әр жағдай әртүрлі ғой. Біздің жағдайымызда сынаушылар тағы да айтам, билікке жақын не болмаса солармен ауыз жаласқан топтар.

– Өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?

– Әбден қалыпты қабылдаймын. Сынаса, демек, қауіптенеді, санасады деген сөз. Бірақ әр сынаушыға, қаралаушыға жауап беріп отыратын уақытым жоқ. Өзім ұрыс-керіске, дау-дамайға түсетін адам емеспін. Сыншыларға айтар жауабым: біз адал жолда екенімізді сөзбен емес, іспен дәлелдейміз. Халықты соңымыздан ертіп, ойдағыдай нәтижелерге жеткен кезде ол сөздің бәрі далада қалады деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Оқи отырыңыз:

♦ Ермұрат Бапи: ТОҚАЕВТЫҢ ТӨҢІРЕГІ назарбаевшылдардың ҚОРШАУЫНДА ҚАЛДЫ

♦ "Билік Жанболат Мамайдың аузын майлап сатып алды немесе өзі көнді"

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір